Экономика • 06 Тамыз, 2020

COVID-19: тоқшылық пен жоқшылық

652 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

«Арпа-бидай ас екен, алтын-күміс тас екен» деген қанатты сөздің қадірі енді білініп жатқан сыңайлы. COVID-19 әлемнің кей елдеріне аштық қаупін төндіруде.

COVID-19: тоқшылық пен жоқшылық

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

БҰҰ жанындағы Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының (FAO) хабарлауынша, пандемияға қарсы күрес азық-түлікпен қамту тізбегін бұзып, агроөндіріс пен логистикаға соққы болып тиеді.

– Бірқатар елдерде эпидемияның таралуы тежелсе, енді бірінде күшейіп жатыр. Бұл жаһандық проблема, сол себепті оған жаһандық ауқымда ғана жауап бере аламыз. Шекаралардың жабылғаны, нарықтардағы карантин мен шектеулер, жеткізу мен саудадағы кедергілер азық-түлік тапшылығын туындатуда. Бірақ дүрлігуге болмайды, дәл қазір бәріне жететін азық-түлік бар, – делінген FAO баяндамасында.

Былтыр әлем бойынша 690 млн адам күнделікті тамаққа жары­май күн кешіпті. Бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 10 млн адамға, ал 5 жыл бұрынғы дең­гейден 60 млн-ға жоғары. Аш­тық көргендердің басым бөлі­гі – 381 млн адам Азияның хал­қы. Африкада – 250 млн, Ла­тын Америкасы мен Кариб айма­ғында – 48 млн.

Әлем бойынша экономикалық өсім­­нің айтарлықтай төмендегені, жұ­мыс­сыздықтың белең алғаны көп ұзамай бірқатар мемлекеттерді қиын жағ­дайға ұшыратуы мүмкін. Әсіресе азық-түлік импортына тәуелді елдер оның зардабын көбірек тартады. Панде­мия мен оған қарсы қолға алынған карантин шаралары қазіргі жағдайды сарапшылар ойлағаннан тез ушықтырып жіберді. 2020 жылы және одан ке­йінгі жылдарда жағдай қазіргіден әлдеқайда қиын болуы мүмкін.

Түйіп айтсақ, біріншіден, карантин кезінде тасымалдаудың шектелуі өндіріске кедергі кел­тіруде. Тұқым, жанар-жағармай, піс­кен өнімді тасу, ең аяғы жұ­мыс­шыларды тасудың өзі проб­лемаға айналды.

Екіншіден, пандемия қатты өршіген тұста аграршылардың және өнеркәсіп орындарындағы еңбеккерлердің вирустан үрей­леніп, жұмысқа шығудан бас тарту оқиғалары да жиілеген.

Үшіншіден, шектеулердің сал­дарынан тыңайтқыш, вете­ри­нарлық препарат және бас­қа­ларының уақтылы жеткізіл­меуі өнімнің төмендеуіне ықпал еткен факторлардың біріне айналды.

Төртіншіден, мейрамханалар мен дәмханалар, жалпы қоғамдық тамақтану орындарының, тұтас желілердің жабылуы әлем бо­йынша үйреншікті жайтқа айналды. Азық-түлік дүкендерінің де жұмысы шектелді. Ең аяғы мектептер мен балабақшалардағы ас­ханалар да уақытша жабылды. Осының бәрі өндіруші мен жет­кізу­шінің жұмысына кері әсер етті.

Бесіншіден, туризмнің тоқы­рауы, мейрамхана, дәмхана биз­несінің зардап шегуі түптеп келген аквамәдени, яғни балық өсіру шаруашылығына, балық аулау және өңдеу салаларына соққы болып тиді.

 

Саяси, әлеуметтік тұрақтылықты агросектор айқындайды

Қазақстанның фермерлер қауымдастығының төрағасы Жигули Дайрабаев айтқандай, Президент Қ.Тоқаевтың биыл 11 мамырда Төтенше жағдайға қарсы күрес шараларын ұйымдастыру комиссияның отырысында азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше тоқ­талғаны бекер емес.

– Қ.Тоқаев азық-түлік қауіп­сіздігі жалпы мемлекет қауіп­сіз­дігінің негізгі элементі болатынын айтты, ауыл шаруа­шы­лы­ғын дамытуға барынша қолдау көрсетуді жалғастыруды тап­сырды. Қазақстанда ауыл­шаруа­­шылық саласының үлесі өткен ғасырдың 90-жыл­дары­ның басында ІЖӨ-нің 30 пайызына жеткен болатын. Кейінгі жылдары бұл көрсеткіш 4-5 па­йыздан асқан емес. Бізде ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту үшін барлық қолайлы жағдай бар. Қазіргі таңда Қазақстан­ның аграрлық секторы – елдің азық-түлік қауіпсіздігін ғана емес, оның әлеуметтік-саяси тұрақ­ты­лығын қамтамасыз ететін саласы, экономиканың ең тез дамып келе жатқан секторларының бірі. Өйткені аграрлық өндірісте ха­лық­тың шамамен 20 пайызы жұ­мыс істейді. Бұл аз десеңіз, ха­лық­тың 42 пайызы тікелей ауыл­­дық жерлерде тұрады, – дейді Жигули Дайрабаев.

Еліміздегі шаруалардың жартысынан көбі тек қана өсімдік шаруашылығымен айналысады, мал шаруашылығымен мүлде шұ­ғыл­данбайды. Сол себепті ауыл­дағы халық жыл бойы жүре­тін тұрақты жұмыспен қам­тыл­маған. Маусымдық жұмыс тоқ­тап қалса, оларға тіптен ауыр тиюі ықтимал.

Фермерлер қауымдастығы­ның төрағасы айтқандай, өкініш­ке қарай әлі күнге дейін ішкі нарықты өз өніміміз­бен қамти алмай отырмыз. Статис­тика комитетінің дерегіне сүйенсек, 2019 жылы мал шаруа­шы­лығы өнімдері 4 пайызға (2,3 трлн тенге) артты. Алай­да егін ал­қаптарының құрылы­мын әрта­рап­тандыру бойынша мақ­сат­ты жұмыстар жүргізілге­ніне қара­мастан, өсімдік шаруашы­лығы өнімінің өндірісі 1,7 пайызға (2,9 трлн тенге) азайды.

– Осы орайда агроөндірістің негізгі буыны саналатын фер­мер­лік шаруа қожалықтарына тоқ­тала кетейін. Қазақстанда 207 мыңға жуық шаруашылық немесе фермерлік қожалық бар, 1,7 млн-ға жуық жеке қосалқы ша­руашылық бар. Ет, сүт, көкөніс, жеміс, бақша дақылдары өнді­рісінің 80-95 пайызын жеке қо­сал­қы шаруашылықтар мен фер­мер­лер өндіреді. Мемлекеттік қолдаудың барлық тетіктері ірі өндірісті ынталандыруға арнал­ған, ал орта және ұсақ фермер­лердің едәуір бөлігі жеңілдетілген кредитке, субсидия және басқа да қаржылық емес қолдау шараларына қол жеткізе алмай отыр. Нәтижесінде жаңа айтқан 207 мың фермердің 5 мыңдайы ғана, яғни 3-ақ пайызы жеңілдетілген кредит пен субсидия алды. Ал ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің жартысын өндіретін 1,7 млн жуық жеке қосалқы ша­руашылық тіпті мемлекеттік қол­дауды әлеуетті алушылар қата­рынан мүлдем алынып тасталған, – дейді Ж.Дайрабаев.

Яғни, мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әлеуетті бірден-бір әлеуметтік топ сол мемлекеттің қамқорлығынан мүлде тыс қалды деген сөз. Сол себепті, Ж.Дайрабаев айтқандай, фер­мерлердің мемлекеттік қол­дауға қолжетімділігін арттыру мақсатында қауымдастық та­рапы­нан Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігіне субсидия қағида­сына өзгерістер енгізу және «ҚазАгро» холдингіне кепіл сая­сатын өзгерту, атап айтқан­да жыл­жымайтын мүлік объекті­лерін, жер учаскелерін, сатып алы­­натын малды кепілге қабыл­дау тә­сілін өзгерту, төмендету коэ­ф­фи­циенттерін жою жөнінде ұсы­­ныс­тар жолданыпты.

Азық-түлік қауіпсіздігін қам­­­тамасыз етуге, импорттық әле­ует­т­і ұлғайтуға ықпал ететін та­­ғы бір жол – кооперация құру деп са­найды Ж.Дайрабаев. Да­мы­­­­ған елдерде, дәл осы коопе­ра­тив­­тер арқылы ауыл шаруа­шы­­­лы­­ғы өнімдерінің 80 пайызы өндіріледі.

– Мемлекетте фермерлік шаруашылықтарды, жеке және қосалқы шаруашылықтарды әлсіз жақтары мен негізгі өндірісінің ерекшеліктерін ескере отырып жүргізілсе, өндірушілерді ынталандыратын қаржы саясаты қолға алынса, оны жүзеге асыру механизмдері іске қосылса, тек фермерлерге ғана емес, бүкіл ел экономикасына жаңа серпін беруге болады. Сол арқылы біз бір мезгілде еліміз үшін аса маңызды екі міндетті орындаймыз – азық-тү­лік қауіпсіздігін қамтамасыз ету­ге және экспорттың әлеуетін арт­­тыруға қол жеткіземіз, – деді ол.

Экономика ғылымдарының докторы Бауыржан Исабековтің айтуынша, азық-түлік қауіпсіз­дігін қамтамасыз етудің негізгі жолы – ауылшаруашылық өнімін өндіру мен тереңдетіп өңдеуді дамыту.

– Бұл бір жағынан аймақ­тарды дамыту, импортты төл өнімі­мізбен алмастыру, халық­ты жұмыспен қамту, халықтың тұр­мысын жақсарту сынды мәсе­лелерді де шешуге көмектеседі. Аграрлық секторды дамыту үшін диверсификация, диффе­ренциация және интеграция деген үш қағиданы назарда ұс­таған жөн. Қазақы тілмен айт­сам, алдыңғысы бойынша сол­түс­тікте тек қана бидай, оң­түс­тікте – мақта еге бермей, бас­қа да дақылдарды егіп, өнім түрлерін әртараптандыру керек. Екіншісі, яғни дифференциация – сапаға көңіл бөлу. Мал шаруашылығында да, өсім­дік шаруашылығында да сапаға көңіл бөлмесе болмайды. Жиырмасыншы ғасыр индуст­риалдық дәуір болса, жиырма бірінші ғасыр – ақпараттық, коммуникациялық ғасыр. Сол үшін басқа елдермен ақпараттық интеграция орнатып, әріптестік негізде олардың озық тәжірибесін үйренген жөн, – дейді ғалым.

Экспорт-импорт операция­лар­ға да ерекше мән берген жөн. Айталық, Қазақстаннан би­дай сатып алатын Өзбекстан мен Тәжікстан ұн тартып, оны Ауған­стан мен Иранға сатады. Өзбек­стан­ға ірі қара экспорттауға ты­йым салынғаны да осындай жа­ғдай­дан кейін қабылданған шешім.

 

Қорда қанша азық бар?

Орталық Азияда агросектор дамыған елдердің көшін Өзбекстан бастап тұр. Бұл елде ауылшаруашылық саласының ІЖӨ-дегі үлесі 29 пайызға жуық­тайды. Түрікменстанда – 20 пайыз, Тәжікстанда – 19 па­йыз, Қырғызстанда – 11,6 па­йыз. Қазақ­стандағы ауыл шаруашы­лығының ІЖӨ-дегі үлесі – 4,4-ақ пайыз. Көріп отырғанымыздай, атакәсіптен қашықтап кеткені біздің халық.

Жоғарыда сарапшылар айт­қан­дай, агросектор дамымайынша, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өз халқыңды өз еліңде дайындалған өніммен асырау мүмкін емес. Бұл орай­да Қазақ­стандағы дүкен сө­ре­лерінде азық-түліктің 35 пайызы им­порттық өнім екенін де айта кетейік. Азық-түлікті ірге­лес Ресей, Украина сияқты елдер­ді айтпағанда, Италия, Нидер­ланд, Ирландия сынды Еуропа мемлекеттерінен, қиырдағы Куба мен Ганадан да экспорттаймыз.

Дүниежүзілік банктің жетекші экономисі Сергий Зоряның айтуынша, COVID-19 пандемиясы Орталық Азия елдеріндегі азық-түлік қауіпсіздігіне, ауыл­шаруашылық саласы мен аграр­лық сектор өнімінің экспортына үлкен қауіп төндіріп отыр.

– Орталық Азия елдерінде халықтың шығынының 40-60 пайызы тамақтануға жұмсалады. Карантин күшейсе, азық-түліктің кей түрінің бағасы шарықтайды, адамдардың табысы төмендейді. Ауылшаруашылық жұмысының тоқырауы, шикізатты сақтауға қатысты проблемалар, тасымал жүйесінің бұзылуы жағдайды ушықтырып жіберуі ықтимал. Одан бөлек, карантин кезінде шығынға ұшыраған жергілікті өндірушілердің несиесін жаб­уы­на қатысты да мәселе туын­дайды. Қорыта келгенде, 6 ай ішінде экономикалық рецессияға байланысты азық-түлікті ішкі тұтыну деңгейі құлдырап, Орталық Азиядағы мемлекеттердің ұлттық валюталары девальвацияға ұшырайды деген көңілсіз болжам бар, – дейді Сергий Зоря.

Ал ресми органдардың есе­біне жүгінсек, бәрі керемет сияқ­ты әсер қалады. Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің хабар­лауынша, аймақтардағы тұрақ­тандыру қорларында – 33,1 мың тонна, өндіруші кәсіпорындарда – 209,5 мың тонна, қоймаларда – 154,6 мың тонна, сауда желі­лерінде – 311,4 мың, соның бәрін қоса алғанда елімізде 708,5 мың тон­на азық қоры бар. Бұдан бас­қа, 404 млн дана жұмыртқа мен 2,1 млн тонна азықтық бидай бар.

Қайта өңделген күріш өндіру көлемі – 81,2 пайызға, қайта өңделген және консервіленген көкөніс – 49,3 пайызға, шұжық өнімдері – 24,2 пайызға, ет пен ет-өсімдік консервілері – 11, сары май – 11,4, жарма өндіру – 10,6 пайызға, тазартылған және тазартылмаған өсімдік майын шығару 9,5 пайызға ұлғайыпты. Қор үнемі жаңартылып, толық­тырылуда, сондықтан тапшылық жоқ және болмақ емес.

Биылғы бірінші жартыжыл­дықта шаруашылықтың барлық санаттарындағы ірі қара мал басы 4,5 пайызға көбейіп, 9 030,9 мың басқа жетті, ұсақ қара мал 2 пайызға көбейіп, 25 млн бас­ты құрады. 22,5 млн гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, алқап көлемі былтырғы көрсеткіштен 238 мың гектарға ұлғайды.

Алайда өнім көлемі ұлғайса да, баға көтеріліп бара жатқаны тағы рас. Айталық, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы жыл басынан бері орта есеппен 5,7 пайызға көтеріліпті. Картоп, сәбіз, пияз, қарақұмық, кант, сары май сияқты азық түрлері 10-20 пайыз аралығында қымбаттаған. Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, оған маусымдық ерек­шелік, қарақұмық түсімінің аз болғаны, жыл басынан бері қант шикі­затын әкелуге кедендік баж салығының енгізілуі және тө­тен­ше жағдай кезіндегі фактор­лар, сондай-ақ валютаның қым­бат­тауынан туындаған дүр­бе­лең се­беп болыпты. Жалпы, баға мәсе­лесі өз алдына бөлек тақырып.

Қазақстанда өндірілген ауыл­шаруашылық тауарлары әлем­нің 72 еліне экспортталады екен. Былтыр экспорт көлемі 6,4 па­йызға артып, 3,3 млрд АҚШ дол­ларын құрапты. Ауыл шаруа­шы­л­ығының жалпы өнімі 2,2 па­йызға, азық-түлік өндірісі 2,4 па­йызға өскен. Алайда өндіріс көлемінің өскені 1 жылда азық-түлік құнының 10 пайыздан артық қымбаттауына тосқауыл бола алмады.

Қалай болғанда да, жылдар бойы шикізат экспортына иек артқан елдердің экономика­сы сыналатын уақыт келді. Прези­дент Қ.Тоқаев Үкімет отырысында «Ауыл шаруашылығы талай эксперимент жүргізілген, көп азап шеккен сала» екенін, дамымай жатқанын сынаған болатын. Қалай десек те, елдің қиын кезеңде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті осы «көп азап шеккен саланың» иығына түсетін түрі бар.