Спорт • 06 Тамыз, 2020

Шаңғы королі 75 жаста

192 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ спортының өткенін қазбаласаң қазынаға толы. Әрбір спортшының жетістікке дейінгі жүріп өткен жолы, жасымаған жігері мен өз спортына деген адалдығы адам жанын тебірен­теді. Әр жеңістің артында тәтті естелік, жеңі­лістің артында ащы өкініш тұратыны анық. Жеңісі мен жеңілісі қатар жүретін спортта қай­мық­паған аңыз спортшылардың ерлігін бүгінгі ұрпақ білуі тиіс.

 

Шаңғы королі 75 жаста

Иван Гаранин бүгінде 75 жасқа толып отыр. Заманы­ның заңғары болған Иван Га­ра­нинді замандастары «Шаң­ғы королі» деп атаған. Үз­діктер көшін бастап әлем чем­пионатын бағындырған. КСРО құрамында Олимпия ойын­дарының жүл­дегері ата­нып, жанкүйерге естен кетпес қуаныш сыйлаған. Олай дейтін себебіміз, 1976 жыл­ғы Олимпия ойындарында КСРО шаңғы құрамасы шаңғы жарысында дәл Иван Гаранинің арқасында эстафета бойынша қола жүлдені қор­жынға салады. КСРО ко­ман­дасының құрамына кіл мық­тылар жиналған еді. Десе де, қорытынды кезеңде Га­ранин жарыс жолына шығатын бол­ғандықтан оған артылған жауапкершілік жүгі ауыр еді. Шешуші кезең алдында КСРО спортшылары 6-орынға тұрақ­тады. Жауапты сәтте мүм­кін­дікті мүлт жіберуге бол­май­ты­нын түсінген Гара­нин жарыс жо­лына шығарда шы­мырлық танытып, шаңғысын сайлап үлгереді.

Инсбруктегі Олимпия ойын­дарында Иван Гаранин 30 шақырымдық бәсекеде қола жүлдегер атанды. Алайда Га­­­ра­нин 50 шақы­рым­ды ба­ғындыра алмай қалғанына әлі күнге дейін өкінетінін ай­тады. Себебі, дәл осы шақы­рымда сынға түскенді жаны сүйетін, 50 шақырымдық жа­рыста әбден шыныққан шаң­ғы шебері атанып үлгерген спортшы еді. Иван Иванович 75 жасқа келсе де әлі шымыр. Ол аптасына бес рет жат­тығу жасап, 20 шақырым қа­шық­тықты бағындырады. Мық­ты спортшы тек өзін емес, айналасындағыларды да жі­герлендіріп, рух беріп жү­реді. Көпке үлгі болып, ха­лықтың кумирі атанды. Оның жеңісті жолын жалғас­тырғысы келгендер санында шек болмады. Мәселен, тә­уелсіз Қазақстанның тұң­ғыш Олимпиада чемпионы Владимир Смирновты аға буынның дәстүрін сәтті іліп әкетті деуге болады. Се­бе­­бі, шаңғышы Смирнов Иван Га­раниннің бастамасын жалғас­ты­рып, Олимп шы­ңын бағын­дырды.