Таралу қарқыны төмендеп келеді
Тамыздың басындағы жағдай бойынша Қазақстанда 93 820 науқас тіркелді. 27 597 адам ем алуда, 65 132 (69,4 %) адам емделіп шықты, 1091 адам көз жұмды. Жалпы, еліміз бойынша өткен аптадағы көрсеткішпен салыстырғанда ауру жұқтырғандардың тіркелу қарқыны 18 %-ға төмендеді.
Денсаулық сақтау министрі А.Цой коронавирус инфекциясының расталған жағдайларының тәуліктік өсімі 1,2%-дан аспайтынын, бұл көрсеткіш күн сайын төмендеп келе жатқанын, ауруханалардың жүктемесі 36%-ға төмендегенін айтты. Инфекцияның репродуктивтілік динамикасы (бір науқастан ауруды жұқтырған адамдар саны бойынша) коронавирус инфекциясының расталған жағдайларын тіркеу негізінде есептеледі. Сол бойынша 23 шілдеден бастап инфекция таралуының тұрақты түрде төмендеу үрдісі байқалады. 4 тамыздағы жағдай бойынша бұл көрсеткіш 0,89 деңгейге дейін төмендеді. Демек, енгізілген карантиннің және жағдайды тұрақтандыру шараларының тиімділігі дәлелденуде.
Министр айтқандай, маска кию талабы әрбір қазақстандыққа қатысты. Министрлік маска тағу тиімділігінің халықаралық тәжірибесіне талдау жүргізіп, 1 айдан кейін маска режімінің мультипликативті әсері вирустың таралуын 4 есеге дейін төмендететініне көз жеткізілді.
«Егер маска таққан адамның вирус жұқтыру ықтималдығы 30%-ға аз болса, бұл бір айдан кейін жұқтырған адамдардың 300-ден 85-ке дейін азаюына әсер етеді. Сөйтіп әлеуметтік қашықтықты сақтаумен қоса алғанда, мультипликативті әсер айына 1 адамға дейін ғана жұқтыру деңгейіне жетеді», деді Денсаулық сақтау министрі.
А.Цой сонымен қатар маска тағу бойынша санитарлық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу туралы бұйрыққа енгізілген өзгерістерге тоқталды.
«Масканы қоғамдық орындарда, халыққа қызмет көрсетуге және демалысқа арналған үй-жайларда, қоғамдық көлікте тағу міндетті. Бес жасқа дейінгі балалар, әлеуметтік арақашықтықты сақтаған жағдайда жеке, 5 адамнан аспайтын топтық спортпен шұғылдану кезінде, денсаулығына зияны бар адамдар тақпауына болады. Сондай-ақ қоғамдық тамақтану орындарында ашық ауада әлеуметтік ара қашықтықты сақтай отырып маскасыз жүруге болады», деді ведомство басшысы.
Аптаның қорытындысы бойынша Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Павлодар облыстары мен Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалаларында инфекцияның репродуктивтік деңгейі 1-ден төмендеді. Қостанай, Ақмола облыстарында бұл 1-ден жоғары. Үкімет басшысы осы өңірлердің әкімдеріне эпидемияға қарсы шараларды күшейтуді тапсырды.
Тақырыпты қорытындылаған Премьер: «Ауру жұқтырған азаматтарды емдеу және вирустың таралуын төмендету жұмыстарын, санитарлық нормаларды, карантин талаптарын азаматтардың сақтауы қажеттігі туралы түсіндіру науқанын жалғастыру керек» деді.
А.Мамин қазіргі таңда әлем бойынша 126 мемлекетте ауру жұқтырғандар саны қайта көбейіп бара жатқанын, осыған байланысты күзде пайда болуы мүмкін пандемияның жаңа толқынына дайын болу керектігін, оның алдын алу үшін барлық талаптардың сақталуын қамтамасыз етіп, жоспарланған шаралар кешенін іске асыру қажеттігін атап айтты.
2,6 млн оқушы қашықтан оқиды
Үкіметтің селекторлық отырысында 2020-2021 оқу жылының басталуына дайындық мәселесі қаралды. Атқарылып жатқан жұмыс туралы Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Б.Мусин, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғ.Есқалиев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақсақалов, Қарағанды облысының әкімі Ж.Қасымбек баяндады.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, елімізде жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Санитарлық-эпидемиялық жағдайға байланысты оқу жылы жалпы қашықтан оқыту форматында басталады. Бұл жерде екі ерекшелік бар. Шалғайдағы елді мекендердегі шағын жинақталған мектептер эпидемиялық ахуалға байланысты оқуды дәстүрлі штаттық режімде бастайды, сондай-ақ бастауыш сынып оқушылары үшін ата-аналардың өтініші негізінде, қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, кезекші сыныптар ашылады. Кезекші сыныптарға өтініштер қолжетімді байланыс құралдары арқылы электронды түрде қабылданады. Алдын ала болжам бойынша қашықтан оқыту форматында 2,6 млн оқушы (79%), кезекші сыныптарда 530 мың бала (17%), штаттық түрде ауылдарда 157 мыңнан астам оқушы (4%) білім алады деп күтілуде.
«Мектепке дейінгі ұйымдарда ата-аналардың қалауы бойынша балаларды кезекші топтарға қабылдау ұйымдастырылады. Сәйкесінше бұл топтардағы балалардың саны он бестен аспауы тиіс. Балалар ата-аналардың өтініші негізінде қашықтан немесе жеке тәртіппен оқуға, сонымен қатар бес баладан аспайтын шағын топтардағы үйірмелерге қатысатын болады» деді А.Аймағамбетов.
Арнайы білім беру ұйымдарының жұмысы министрлік үшін ерекше маңызға ие. Ата-аналарының таңдауы бойынша арнайы онлайн кеңес беру немесе мамандардың жеке қабылдауы ұйымдастырылады. Денсаулығында күрделі проблемалары бар балаларды қабылдау алдын ала жазылу тәртібімен жеке жүргізіледі.
«Колледждерге келер болсақ, педагогикалық, IT, әлеуметтік, гуманитарлық, технологиялық, аграрлық, медицина, өнер бағыттары бойынша қашықтан оқыту ұсынылады. Сәйкесінше зертханалық жұмыстар мен өндірістік тәжірибені штатты режімде жүргізуге мүмкіндік береміз. Бұған қоса алыс ауылдық жерлерде және шағын қалаларда орналасқан, бір топтағы студент саны 15-тен аспайтын 102 колледж де штаттық режімде жұмыс істейді», деді министр.
Жоғары оқу орындары да қашықтан оқиды. «Техникалық, аграрлық және табиғи бағыттар, медицина және өнер мамандықтары бойынша дәрістер мен семинарлар (70%) онлайн форматта, ал зертханалық және практикалық сабақтар (30%) күшейтілген санитарлық шараларды қатаң сақтай отырып, дәстүрлі форматта өткізіледі» деді А.Аймағамбетов. Магистратура мен докторантурадағы сабақтар аралас принциппен оқытылады. Осы берілген бағдарлар шеңберінде әрбір ұйым дербес шешім қабылдайды.
Шілде айынан бастап қашықтан оқыту жүйесінің негізгі бағыттарын түсіндіру, санитарлық-эпидемиялық жағдайға байланысты әртүрлі форматқа көшу бойынша күнделікті вебинарлар өткізіліп келеді. Жеке кесте бойынша 7 мыңнан аса қазақстандық мектеп директорына, олардың 12 мыңдай орынбасарына және 2 мыңға жуық әдіскерге қашықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша түсіндіру семинарлары өткізілді.
Еліміздің барлық мұғалімі үшін қашықтан оқыту технологиялары бойынша біліктілікті арттыру курстары басталды. Онымен мұғалімдер 100% қамтылады. Тамыз айында балаларға және ата-аналарға «Үйде қалай оқу керек?», «Гигиена негіздері», «Кибермәдениет», «Интернет арқылы қалай оқу керек?», «Дене жаттығуларының маңызы» тақырыптарында сынып сағаттары, ата-аналар жиналыстары өткізіледі. Білім күнін 1 қыркүйекте онлайн режімде өткізу жоспарланған. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мектептерге компьютер сатып алу жұмысы жүргізілуде.
«Жалпы, тапшылық бар. Бұл туралы ашық айту керек. Бүгінгі таңда республика бойынша 185 мың білім алушының компьютері жоқ. Тапшылық әсіресе көпбалалы, аз қамтылған отбасыларда байқалады», деді А.Аймағамбетов.
24 мың педагогтің жеке компьютері жоқ, 2 мың педагогке интернет желісі қолжетімді емес. Бұл мәселе мектептегі компьютерлерді оларға уақытша пайдалануға беру арқылы шешілетін болады.
4 422 мектепке жылдам интернет тартылды
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Бағдат Мусин Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жыл соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету тапсырылғанын айта келіп, бүгінгі таңда 118 қала мен 4 273 ауыл 3G және 4G интернетпен жабдықталғанын жеткізді. Жыл соңына дейін 928 ауылға интернет тарту жоспарланған.
«Бүгінде 4 422 мектеп жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген. Тағы 1 086 мектептің интернетті осы деңгейге көтеруге техникалық мүмкіндігі бар. Бұл үшін әкімдіктер тиісті қаражатты қарастыруы қажет» деді Б.Мусин.
Қамту аймағын кеңейту және интернет жылдамдығын арттыру үшін биылғы наурыз айынан бастап 306 базалық станса салынды, 1 802 станса жаңғыртылды. 105 мыңнан астам жаңа үй кабельді интернетке қосылған.
Тақырыпты Үкімет басшысы қорытындылады. Ол оқыту әдістемесін толық пысықтап, 20 тамызға дейін оқу үрдісі туралы толық ақпарат бере отырып, онлайн режімде республикалық ата-аналар жиналысын өткізуді тапсырды.
«Үкімет аса мұқтаж отбасылардың балаларына пайдалану үшін шамамен 500 мың компьютер береді. Әкімдіктер жергілікті деңгейде компьютер техникасымен қамтамасыз ету ісін пысықтасын» деді А.Мамин.
Премьер-Министр Білім және ғылым министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың 25 тамызына дейін оқушылар мен педагогтердің оқу жылының қашықтан басталуына толық дайын болуын, мұғалімдердің тиісті оқудан өткізілуін, интернет-платформаларда және теледидарда қажетті контенттің толық көлемде дайындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Оқулықтар 25 тамызға дейін беріледі, қағаз жүзіндегі нұсқаларының бәрінде міндетті түрде электрондық нұсқалары болуы тиіс.
Әкімдіктер мен Денсаулық сақтау министрлігіне оқытуды дәстүрлі ашық түрде жалғастыратын бастауыш мектептің «кезекші» сыныптарында және шағын мектептерде санитарлық-эпидемиялық шараларды қабылдау тапсырылды.