Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильяновтың ұйымдастыруымен әріптестері Ерболат Әпсалямов, Александр Милютин және Светлана Ферхо Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен Жәнтікей, Көкжыра, Ақсуат ауылдарында болды.
Кездесулер барысында тұрғындар тарапынан оқушылардың 4-тоқсанда оқу үдерісін жалғастыру мәселесін шешу, мектеп түлектерін ұлттық бірыңғай тестіге дайындау мәселелері талқыланды.
Кездесулер барысында су тасқынынан зардап шеккен ауыл тұрғындары Мемлекет басшысына, Үкіметке және жергілікті атқарушы органдарға халыққа жасап жатқан қолдаулары, көмектері үшін ризашылықтарын білдірді.
Депутаттар су тасқынынан зардап шеккен білім объектілеріне, тұрғын үйлерге барып, адамдардың уақытша тұрып жатқан орындарымен, ұйымдастырылған қоғамдық (тегін) тамақтандыру асханасымен танысты.
Мәжіліс депутаттарына тұрғындар тарапынан:
- қираған тұрғын үйлердің орнынан жаңа үй салу немесе бұзылған үйлерді жөндеу;
- мал алуға қаржылық қолдау жасау немесе несие беру;
- зардап шеккен тұрғындардың мәселелерін несиелері бар банктер арқылы қарастыру;
- мектептер салу мен инфрақұрылымды қалпына келтіру;
- ата-аналары су тасқынынан зардап шеккен, арнайы орта, жоғары оқу орындарында ақылы бөлімде оқып жүрген студенттерге мемлекеттік грант беру;
- мектеп бітірушілердің ұлттық бірыңғай тест тапсыруы;
- төтенше жағдайдың салда-рын жою үшін арнайы техника бөлу мәселелері көтерілді.
Парламентшілердің аталған мәселелерді уақытында көтергеніне орай, студенттердің жоғары оқу орындарында және колледждерде оқуына қатысты мәселелер уақытша іс-шаралар аясында шешілетін болады: 2010 жылғы 1 қыркүйекке дейінгі оқу гранттық негізде және облыстық бюджеттен бөлінетін мемлекеттік тапсырыс бойынша жүргізіледі.
Ұлттық бірыңғай тест кешенді тестілеу өткізу мерзімінде (2010 жылғы шілде) жүргізілетін болады, бұл орайда ҰБТ аттестат алуға қорытынды аттестациялау мәртебесін және жоғары оқу орнына немесе колледжге түсу конкурсына қатысу құқығын сақтайды.
300 бала кестеге сәйкес “Балдәурен” республикалық сауықтыру орталығына жіберіледі.
Биыл республикалық бюджет қаражаты есебінен Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Боғас-Ақсуат бағытындағы республикалық маңызы бар автожолдың Қызылкесік ауылындағы көпірі қайта салынады.
Жәнтікей ауылында – Сәтбаев атындағы орта мектеп, Көкжыра ауылында – Әуезов атындағы орта мектеп, Көктүбек ауылында Көктүбек орта мектептері қысқа мерзімде қайта салынатын болады.
4 денсаулық сақтау объектісі қайта салынады. Олар: Жәнтікей, Көкжыра, Архат, Қаратоғай ауылдарындағы ауылдық дәрігерлік амбулаториялар.
Мәжіліс депутаттары Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен кездесті. Кездесуде облыс әкімі құрылыс жұмыстарын жүргізуге бірінші кезекте жергілікті құрылыс ұйымдарын тарту, 4 мыңнан астам адамды жұмылдыру жоспарда бар екенін мәлімдеді.
Мердігерлік ұйымдардың жұмысына қойылатын талаптардың бірі – жұмысқа жергілікті тұрғындарды тартып, облыс автожолдарының үзіліссіз және тұрақты жұмысы үшін қажетті техниканың минималды мөлшері аса қажет екені айтылды.
Нақтыланған мәліметтерге сәйкес облыста эвакуацияланған 7406 адамның 6007-і өз үйлеріне қайта оралған.
* * *
Мәжіліс депутаттарымен бірге Білім және ғылым вице-министрі М.Сарыбеков және Ұлттық тестілеу орталығының директоры И.Сағындықовтар болып, тұрғындар сұрағына жауап берді.
Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист.