Қазақстанда алдағы оқу жылы (шалғайдағы ауыл мектептерін қоспағанда) барлық мектептерде 1-11 сыныптар қашықтан оқытылады деп жоспарлануда. Осыған орай, Б.Макен отырыста білім басқармасына білім беру ұйымдарының қашықтан оқытуға және кезекші сыныптардың жұмысына дайындығын қамтамасыз ету, мектептердегі күрделі және жыл сайынғы жөндеу жұмыстарын аяқтау, тиісті актіні толтырып, білім беру ұйымдарының оқу жылының басында дайындалатын комиссиялық қабылдауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Мектеп директорларына балаларды бірінші сыныпқа мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімдерін бұзбай қабылдауды жалғастыру, колледждер үлгісін қолдана отырып, білім беру ұйымдарының веб-сайтында директормен виртуалды қабылдау ұйымдастыру (жауапты қызметкерді тағайындау, сұрақтардың келіп түсуін күнделікті бақылау), 30 тамызға дейін келісімшартқа сәйкес нысандарды күрделі және жыл сайынғы жөндеуді аяқтау тапсырылды.
Сонымен бірге, білім беру ұйымдары 20 тамызға дейін жылу жүйесін тестілеу бойынша жұмыстарды аяқтау, дайындық актілерін алу, кезекші сыныптар, олардағы студенттер мен оқытушылар санын анықтау үшін мониторинг жүргізу, жалпы білім беруде көмек алуға өтініштердің қабылдануын бақылау, барлық санитарлық шараларды сақтай отырып, "Қамқор Всеобуч" мәліметтер базасын 1-11 сынып оқушыларына арналған оқулықтармен уақтылы толтыруды қамтамасыз етуі қажет. Сонымен қатар мектеп директорларына әлеуметтік санаттағы балалардың тізімін дайындау тапсырылды: жетім балалар, аз қамтылған отбасылардан шыққан, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар.
Әр балаға интернеті бар компьютерлік техниканы бекітіп беру тапсырылды. Сондай-ақ, мектеп ұжымымен санитарлық талаптар мен қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша нұсқаулық өткізу, дезинфекциялық құралдарын, санитарлық қауіпсіздік құралдарын (маскалар, қолғаптар, тоннельдер, санитайзерлер, тепловизорлар, аяқ киімге арналған кілемшелер) жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ету, жаңа оқу жылының басында барлық ұйымдарды, оның ішінде жаңа мектептерді педагогикалық кадрлармен толықтыру, сондай-ақ 15 тамызға дейін мектеп аумағын абаттандыру бойынша жұмыстарды аяқтау қажет.