«Tetin» консалтинг компаниясының бас директоры Лев Тетиннің айтуынша, 2019 жылы елордадағы тұрғын үйлердің бірінші қабатындағы сауда нүктелеріне салынған инвестиция көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 6 пайызға ұлғайыпты. Бұл тенденция биылғы жылдың басында да сақталған. Ғимаратты және оны пайдаланатын операторды дұрыс таңдаған жағдайда мұндай коммерциялық нысандар 8-10 жыл ішінде өзін өзі ақтайды, сол себепті оны тиімді қаржы құралы деуге болады. Алайда пандемия сияқты форс-мажор жағдайды күрделендіріп жіберуі әбден мүмкін екенін уақыт көрсетті.
– 2020 жылы елімізде халықтың тұтыну белсенділігі артты, ритейлдердің дамуына қолайлы ахуал қалыптасқандай әсер қалдырды. Киім мен керек-жарақ сататын COTTON желісі Нұр-Сұлтанда бір жыл ішінде 10-15 дүкен ашуды жоспарлады. Magnum әрқайсысының аумағы 1500 шаршы метрге тең 8-10 дүкен ашпақ болды. Жалпы, барлық сауда желілері осындай белсенді экспансияға дайындалған еді. Алайда наурыз айында жарияланған төтенше жағдайдың, карантиннің салдарынан қазақстандық стрит-ритейлдің басына бұлт үйіріле бастады, – дейді Лев Тетин.
Карантиннің алғашқы 2 айында еліміздегі ритейлдердің 90 пайызы жабылуға мәжбүр болды. Ашылғаннан кейін желілік емес форматтағы сауда орындары үшін жаңа тауар сатып алу қиынға соқты. Себебі сұраныс бірден қалпына келген жоқ. Кәсіпкерлер сатып алып қойған тауарларын сақтауға көп шығын жұмсады. Қалған тауарды сатудан түскен табыс шығынды ақтамады, айналым қаражатын қалыптастыру қиынға соқты. Тауар болмаса – сатып алушы да жоқ, сатып алушы болмаса – жаңадан тауар ала алмайсың.
Жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Ирина Архипованың сөзіне қарағанда, қазір стрит-ритейлдің көпшілігі жабылудың алдында тұр, біразы жабылып та қалды. Азық-түлік дүкендері, дәріханалар, бірқатар шеберханалар жұмыс істеп тұр. Киім, керек-жарақ, тұрмыстық бұйым, асхана, авиакасса, туристік оператор, дәмхана, мейрамхана сынды тұрғын үйлердің төменгі қабатында орналасқан нысандардың басым көпшілігі банкрот болуға шақ тұр. Бизнесмендер оңайлықпен берілмеуге тырысып, онлайн жұмыс істеуге көшуге тырысуда, 15-20 пайызы интернет-дүкен ашты. Соның өзінде қиындықтан құтыла алмауы мүмкін. Көктемнен бастап, жаздың соңына дейін жалғасқан карантин жақын күндері тоқтағанның өзінде бизнесмендердің біразы оңала алмайды.
– Бөлшек саудадағы нысандардың 30 пайызға жуығы пандемия тоқтағаннан кейін де жұмысын бастап кете алмайды. Стрит-ритейл саласындағы бизнесмендер қаржылық тұрғыда мығым емес. Қазір бұл нарықта азық-түлік дүкендері, дәріханалар, банктер, зоодүкендер ғана тұрақты жұмыс істеп тұр. Алдын ала деректерге сүйенсек, тамыз айы енді туғанына қарамастан ірі банктер заңды тұлғаларды несиелеудің жылдық жоспарын 100 пайыз орындап қойды. Берілген несиелердің 80-90 пайызы тағы да азық-түлік дүкендері мен дәріханалардың үлесіне тиді, – дейді Ирина Архипова.
Карантин кезінде стрит-ритейл нысандарын жалдау да күрт арзандады. Ритейлерлердің тарапынан сұраныс төмендеуіне байланысты кейбір нысандарды жалдау құны 50 пайыз, тіпті 80-90 пайызға дейін құлдыраған. Соған қарамастан жалға алушылар азая берді.
Пандемия кезінде әсіресе ірі сауда ойын-сауық орталықтарында орналасқан сауда нүктелері қатты зардап шекті. Таяу болашақта сауда орталықтарындағы бизнестің өсімін күтудің қажеті жоқ.
Сарапшылардың айтуынша, карантинге дейін стрит-ритейл нарығында 80-120 шаршы метр аралығындағы нысандар жоғары сұранысқа ие болған екен. Шығындарды азайту, тауар ассортиментін қайта қарастыру барысында кәсіпкерлер 30-60 шаршы метрлік шағын нысандарды таңдауға көшті.
Стрит-ритейл ағылшынның street-retail деген сөзінен аударғанда көшедегі бөлшек сауда деген мағынаны білдіретінін айта кетейік. Адам барынша көп жүретін жерде орналасатын мұндай нысандар халыққа өте ыңғайлы әрі кәсіпкерлерге де тартымды саналады.