Қоғам • 07 Тамыз, 2020

Сағат сайын хал сұрап тұрды

230 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алты күн бойы арпалысып жүріп, өзін ажал тырнағынан ара­ша­­лап қалған дәрігерлер мен медбикелерге 65 жастағы қоста­най­лық зейнеткердің алғысы шексіз.

Сағат сайын хал сұрап тұрды

– Шілденің бірінші күні денем ауырлап, бойкүйездік басып, қызуым көтеріліп кетті. Содан үйге жедел жәрдем шақыртып едік, бір­ден қалалық ауруханадағы ин­фек­циялық бөлімге апарып жат­қызды, – дейді Қарашаш Тө­ле­ге­но­ва.

Өкпесінің 67%-ын вирус жайлап алған зейнеткер жеті күн бойы су түгілі бір жұтым ауаға зар болып жан­сақтау бөлімінде нәр татпай жат­ты.

– Бір апта бойы басымды көте­ре алмадым. Күн өткен сайын жағ­дайым ауырлап, жаным қи­нал­ған сәт­терде жастығымды тіс­те­леп тас­­тап­пын. Сатурация 80-ге дейін, тамыр соғуы 50-ге дейін түсіп, дене қызуым 38 градустан асып кетті. Әйтеуір дәрігерлер жабылып жүріп құтқарып қалды. Әсіресе жанұшыра жүгіріп жү­ріп, қажет кезінде тиісті ем шара­ла­рын жасаған медбикелерге ризашылығым шексіз. Мені бір­те-бірте емдеп, аяққа тұрғызып, аман-сау үйіме шығарып салды. Бүкіл жансақтау бөлімінің ұжы­мына дән ризамын. Мұндағы дәрі­герлердің барлығы басын қауіп-қатерге тігіп, жанкештілік таны­та жүріп, жұмыстарындағы қиын жағдайға қарамастан бар білімі мен ерік-жігерін адам өмірін құт­қарып қалуға жұмсап жүр. Мен ол кісілердің түр-әлпетіне анық­тап қарай алатын халде емес едім. Есім кіресілі-шығасылы бо­лып жат­тым. Сондықтан тек дәрі­гер­лердің ағараңдаған сұлбасы мен сусылдаған скафандрлардың үні, әлдекімдердің бірде шұғыл, бірде жылы сөйлеген дауыстары ғана есімде қалыпты. Олардың бейнелері жадымда қалмаса да, дауыстары жүрегімде сақталып қалды. Кейін есімді жиған соң, дәрігерлер екі сағат сайын жаныма келіп жағдайымды сұрап тұрды. Жасым – алпыс бесте. Біраз жылдардан бері жабысқан басқа да сырқаттарым бар. Сондықтан жансақтау бөліміне түскенде, миым­нан осы жерден енді тірі шық­пайтын шығармын деген ой шық­пай қойды. Бірақ дәмім таусылмапты, әлі де көрер жарығым бар екен. Осының барлығы қалалық аурухана дәрігерлері мен медбикелерінің арқа­сы, – дейді зейнеткер.

Айтпақшы, Қарашаш Төлеге­но­ва мерейлі 65 жасын стационарда қарсы алды. Дертінен құлан таза айы­ққан зейнеткер келесі күні өз отба­сына, бала-шағасы мен неме­ре­лерінің ортасына оралды.

 

Қостанай облысы