Саясат • 07 Тамыз, 2020

Бизнесті қолдау маңызды

151 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Ақ жол» Демократиялық партиясы бизнесті мемлекеттік қолдаудың өзекті мәселелері мен қажетті шаралы туралы республикалық онлайн-конференция өткізді.

Бизнесті қолдау маңызды

Іс-шараға партия филиалдары мен өңірлерде іс-сапарда жүрген фракция депутаттары, кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар мен БАҚ өкілдері қатысты. Шара барысында Мәжіліс депутаты Азат Перуашев елдегі пандемиямен күресте қабылданған шаралардың жеке кәсіпкерлерге әсерін айта келе, енгізілген карантинге қатысты пікірімен бөлісті. «Қазіргі таңда елде төтенше жағдайды енгізу, карантин тәртібін ұзарту туралы шешімнің өзін-өзі ақтағанын көріп отырмыз. Бірнеше апта бұрын ғана әлемдегі жағдайдан қарағанда біздегі ахуал қиын деп қорқа бастаған едік. Карантинді ұзарту туралы шешімді қолдадық. Бұл шешім дұрыс болды. Президент те осыны тапсырғанын білесіздер. Яғни кәсіпорынның жұмысын шектеп қана қоймай, оны реттеп отыру керек», деді ол.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес еліміз індеттің ша­рықтау шегінен өтті. А.Перуашев ауру жұқтырудың азайып бара жат­қан­ын соңғы есептерден біліп отырға­ны­мызбен, індет әлі де азаматтардың өмі­ріне қауіп төндіріп тұрғанын айтты. Жағдайдың сәл де болса тұрақталғанын айтқан ол арқаны кеңге салатын кез емес деген пікірде. «Пре­зи­дент жаппай тыйымнан гөрі кәсіп­орындардың жұмысын реттеуді тап­сырған болатын. Алайда мемлекеттік органдар мен жауапты адамдардың тарапынан бұл тапсырма басқа сипат алып, бизнес көптеген кедергімен бетпе-бет келді. Ондай шектеулердің кейде негізі болмай шығады», деді ол.

Онлайн іс-шара барысында пандемия кезінде бизнеске мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің қаншалықты тиімді екені көтерілді. Қатысушылар кәсіпкерлерге несие жеңілдігі секілді арнайы қолдау, «Ата­мекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлескен жұмыс, жергілікті кәсіп­кер­лер кездесетін қиындақтар жайлы айтты. Сөз алған жеке кәсіпкерлер өз бизнесінің қазіргі күйін баяндады. Сарапшылар мемлекет көрсетіп жатқан қолдау туралы ақпараттың тұр­ғындарға жетпеуі, кәсіпкерлерге жеткілікті түсіндірілмеуі секілді мәсе­лелердің барын жасырмады. Жи­налған топ саланың тұрақты дамуы ел экономикасына тікелей әсер ететінін алға тартып, қиын кезеңде бизнес өкілдеріне барынша көмек көрсетілуі керек екенін қолдады.