Аймақтар • 07 Тамыз, 2020

Павлодар облысында 200 мыңға дейін суармалы жерді іске қосу жоспарлануда

167 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгінде өңірде 56 мың гектар суармалы жер бар. Өңірдегі суармалы сумен қамтамасыз ететін нысандармен кеше өзінің Павлодар облысына жұмыс сапары барысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев танысты. Оның ішінде, ол Қ.Сәтбаев атындағы каналдың суторабындағы бөгетті қайта құру, Май топтық су құбыры, "Ертіс-Успенка" каналының суармалы учаскесі, сондай-ақ 1800 гектар "Андас" шаруа қожалығының суармалы алқабын іске қосу жобасы нысандарын аралады.

Павлодар облысында 200 мыңға дейін суармалы жерді іске қосу жоспарлануда

Министрдің айтуынша, өңірде ауылшаруашылығы жерлерін суармалы сумен қамтамасыз етуде ауқымды жұмыс жүргізілуде.

"Мәселен, біз болған соңғы нысан - қайта жөнделіп жатқан "Ертіс-Успенка" каналының суармалы учаскесі. Бұл канал 2021 жылдың аяғына дейін күрделі жөндеуден өткеннен кейін 10 мың гектар жаңа суармалы жер енгізіледі. Бұл ауқымды жер. Облыстағы түрлі аудандарда басқа да жобалар бар. Жалпы өңірде 10 жыл ішінде суармалы жер көлемін қазіргі 56 мың гектардан 200 мың гектарға жеткізу қажет".

Министрдің айтуынша, бұл күрделі әрі өршіл мақсат. Дегенмен, бүгінде облыс әкімі атап айтқандай, өңірде қазіргі уақытта ауыл шаруашылығында 2,5 млн гектар игерілетін жер бар. Бұл ретте облыстағы барлық өнімнің 50%-і 56 мың гектар осы суармалы жерде өндіріледі.

"Тиімділігі көрініп тұр. Сондықтан мемлекет бүгінде жаңа суармалы жерлерді енгізуге, қолданыстағы суару жүйелерін қайта жөндеп, жаңа нысандар салуға едәуір қаражат бөлуде", - деді Мағзұм Мырзағалиев.