МӘСЕЛЕЛЕРІ АЛДЫҢҒЫ САПТА
Жуырда Украинаның Одесса қаласында ТМД елдері Парламентаралық Ассамблеясының Мәдениет, ақпарат, туризм және спорт жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы болды. Оның жұмысына Қазақстаннан Мәжіліс депутаты Қылышбай БИСЕНОВ қатысып, сөз сөйледі.
Өзінің биылғы Жолдауында Президент Н.Назарбаев гуманитарлық саланың дамуына айрықша назар аударды. Елбасы Жолдауында: “Адам – елдің басты байлығы” және “елді жаңғырту стратегиясының табысты жүргізілуі, ең алдымен, қазақстандықтардың біліміне және өзін-өзі әлеуметтік, табиғи тұрғыда жақсы сезінуіне байланысты”, деген еді.
Бүгінгі күні гуманитарлық саланың білім беру, ғылым, мәдениет, денсаулық сақтау, спорт, БАҚ сияқты тармақтарын жеке-жеке талдап, олардың дамуына сараптама жасау қажет болып отыр. Соның ішінде білім беру тармағы бойынша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен “Балапан” бағдарламасын іске асыру қолға алынды. Бұл – бүлдіршіндерді мектепке дейінгі мерзімде оқыту мен тәрбиелеуге арналған бағдарлама. Қазір елдегі балабақшалар саны 230-ға дейін арттырылды және 979 миниорталықтар ашылды. Орта білім беру бойынша 12 жылдық оқыту үлгісіне көшу бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Дарынды балалардың қабілетін одан әрі дамыта түсу ісіне қатты назар аударылуда. Осы бағытта “Тұңғыш Президенттің интеллектуалдық мектептері” ашылды, “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы іске асырылуда. Техникалық және кәсіптік білім беру жұмыстары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Олар экономиканың қажеттілігіне сай стандарттарға сәйкес болуы керек” деген тапсырмасын басшылыққа алып, іске асырылуда.
Елбасы жоғары білім беру саласына да қатаң талаптар қойды. Ол туралы Президент: “Жоғары білімнің сапасы ең жоғары әлемдік стандарттардың талабына сай болуы керек. Жоо-лардан әлемдік алдыңғы қатарлы университеттердің рейтингтерінің қатарына жетуге тырысу талап етіледі”, деген еді. Осыған байланысты қазақстандық жоо-лар Болон процесіне ену жұмыстарын белсенді жүргізе бастады. 30 жоо университеттердің Ұлы хартиясына қол қойды, 37-сінде қос дипломды білім беру қолға алынды.
Халықтың денсаулығын жақсарту барлық табыстың қайнар көзі екені белгілі. Сондықтан, саламатты өмір салтын насихаттау мақсатымен 2009 жылы ғана 15 мыңнан артық спорттық шаралар өткізіліп, оған 2,5 млн. адам тартылды. Ал тиімділігі жоғары және бәсекелестікке төтеп бере алатын туристік индустрияны дамыту үшін Қапшағай су қоймасында “Жаңа Іле”, Щучье-Бурабай аймағында “Бурабай”, Маңғыстау облысында “Кендірлі” халықаралық туристік орталықтары салынуда. Біздің елдің өкілдері халықаралық туристік шараларға қатысып отырады, елдің ішінде де бірқатар шаралар өткізілді.
Ақпараттық коммуникацияны дамыту бойынша да айтарлықтай табысқа қол жеткіздік. Осы саланы дамы-та түсу мақсатымен қалалық мультисервистік жүйе және бұрынғы волоконды-оптикалық инфрақұрылымның негізінде көлік жүйесі салынуда. “Қазақтелеком” АҚ “Телекоммуникациялар жүйесін Next Generatіon Network технологиясына ауыстыру” жобасын іске асыруда.
2009 жылдың сәуір айында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша “Карнеги Меллон” университетімен лицензиялық келісімі бар Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті құрылды. Мұндағы оқу процесі халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізіліп, онда ақпараттық коммуникацияның жоғары білікті мамандары дайындалатын болады.
Біздің елімізде халықтың БАҚ арқылы алатын ақпаратының деңгейі жеткілікті дәрежеде жоғары. Ақпараттық хабарлар 182 тақырыптық бағыт бойынша 92 медиа-жоспарда беріледі. Сонымен бірге, ұзақмерзімдік ақпарттық компаниялар құрылуда. Мемлекеттік тапсырыс алатын республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында тақырыптық айдарлар мен хабарлар ұйымдастырылған. Бұл жұмысқа елдегі 77 жетекші басылым, 6 электронды БАҚ, соның ішінде “Қазақпарат” ақпараттық агенттігі, “Хабар” агенттігі, “Қазақстан” РТРК, “31 канал” ТА, “Рахат ТВ” ТА, “Қазақ радиосы” тартылған. “Хабар” телеарнасындағы “Ел ағалары”, “Линия судьбы”, “Қазақ радиосындағы” “Отырар кітапханасы”, “Атамекен аспаны” бағдарламалары атап өтуге тұрарлық.
Гуманитарлық саладағы проблемаларды шешу – ол әрбір адам мен қоғам мүшелерінің бәрінің проблемасын шешу деген сөз. Біздің мемлекет осыны ешқашан ұмытпайды.