Өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғы мен 90-жылдарының басында әлемнің саяси картасында үлкен өзгерістер болды. Дүние жүзіндегі ең үлкен мемлекет – Кеңестер Одағы ыдырады. Кеңес мемлекетінің құрамында болған елдермен қатар, Қазақстан да өзінің тәуелсіз даму жолын таңдауға мүмкіндік алды. Яғни, осы кезден бастап Қазақ-стан жаңа мемлекет қалыптастырудың дербес даңғылына түсті. Ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздікті аяғынан тік тұрғызу жолында қазақ халқының маңдайына Н.Назарбаевтай ұлттық лидер бұйырды. Сөйтіп, әлемдік саясатта жас тәуелсіз мемлекет құрудың “назарбаевтық нұсқасы” көрініс берді. Содан бері бұл нұсқа өз халқы мен елінің тағдыры үшін ұлы жауапкершілікті мойнына алған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бейнесімен бірге дамып келеді.
Кезінде әлемдік саясаттың кәнігі тарланы, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Маргарет Тэтчердің: “Тәуелсіздік алған сәттен бергі Сіздің көреген саясатыңыз еліңізді бостандыққа апаратын сара жолға түсті. Бәзбіреулер, сірә, Сіздің еліңіздің этностық және діни саналуандығы алауыздық пен араздық туғызып, Қазақстанды әлсіретеді деп ойлаған болуы мүмкін. Бәрі де керісінше болып шықты”, деп ел көшін бастаудағы Н.Назарбаев жолын мойындауы қазақ халқының өзіне деген сенімін нығайтты.
Тәуелсіздік деген тәтті сөз екені бәрімізге белгілі. Тәуелсіздік алу бар да, оны баянды ету бар. Тәуелсіздікті жариялау бар да, оны нығайту бар. Ол үшін алдымен елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Кезінде әскері, шекарасы жоқ елдің қауіпсіздігін тек саясатта ерекше қадам жасаумен мойындату арқылы ғана сақтап қалуға болатын еді. Сондықтан да Елбасының әлемде толық және қайырылмастан ядролық қарусыздануды жақтаған табанды да белсенді ұстанымы арқылы еліміз әлемдік саясатқа өзіндік орны бар екенін мойындата отырып, сәтті қадам жасады. Сонымен бірге Н.Назарбаев елдің қауіпсіздігі бір ғана елдің мүддесімен шешілмейтіндігіне халықаралық қауымдастықтың назарын үнемі аударумен келеді.
Осы жерде Қазақстан Президентінің 2006 жылдың қыркүйегінде АҚШ астанасы Вашингтонның төрінде отырып айтқанын оқырмандарға тағы бір қайталасақ артық болмас: “Әлемде іс жүзінде халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарына қайшы келетін ахуал қалыптасып отыр: біреулерге қаруының болуына және оны жетілдіруге рұқсат етіледі, біреулерге олардың болуына, тіпті әзірленуге тыйым салынады. Бұл дұрыс емес, әділ емес, тепе-теңдік жоқ. Ядролық қаруды басқа елдер әзірлеуге тиіс емес екенін, таратылмауы тиіс екенін айта отырып, ядролық державалардың өздері өз тараптарынан өздерінде бар ядролық арсеналды қысқарту үлгісін көрсетуі тиіс. БҰҰ аясында бұл мәселенің шешімі жаһандық шаралар, барлық мемлекеттердің, ең алдымен, барлық ядролық мемлекеттердің ядролық қаруды қысқарту және олардың арсеналдарын біртіндеп жою жөнінде жауапкершілігі жағына қарай қайта қаралуы тиіс деп білемін”.
Осындай данагөй көзқарас Елбасымыздың есімін елімізбен бірге, әлемдік саясаттағы белгілі тұлғалармен қатар қойып атауға мүмкіндік берді. Қазіргі тәуелсіз Қазақстан Ресей, Қытай, АҚШ және Батыс Еуропа бастаған әлемнің алпауыт мемлекеттерімен, Орталық Азия елдерімен өзара сенімді ынтымақтастық, достық, туыстық қарым-қатынастар орнатып, әлемдік қоғамдастықтан өзіне лайықты орын алды.
Н.Ә.Назарбаевтың Еуразиялық одақ құру жөніндегі идеясы уақыт өткен сайын өзінің маңыздылығын дәлелдей түсуде. Қазақстан, Ресей және Беларусь арасындағы Кедендік одақ қатынастары үш жақты сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайта түсуге жағдай жасай бастаса, бұл үлкен идеяның іске асқан бастауы.
Н.Назарбаев Қазақстанның Орталық Азия елдерімен экономикалық және саяси саладағы ынтымақтастығын нығайтуға және өңірлік қауіпсіздік мәселесін шешуге көп үлес қосып келеді. Соның бір айғағы Елбасының жуырдағы Өзбекстанға сапары болса керек.
Маған әлемнің 50-ден астам елін аралау бақыты бұйырды. Бұрынғы кеңес кезінде, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шетелде қазақпын, Қазақстаннанмын десем ешкім түсінбейтін. Ал қазір Қазақстан десем бірден Назарбаевтың елінен екенсіз ғой деп жылыұшырай қарайды.
Тәуелсіздік жарияланғаннан кейінгі қиын мәселенің бірі адамдар бойында сана тәуелсіздігін қалыптастыру болды. Ендігі кезекте еврейлерді сана құлдығынан құтқару үшін 40 жыл шөл далада ертіп жүрген аңызда айтылатын Моисей секілді халықты бодандық көңіл-күйден арылту міндеті тұрды.
Сондықтан да, Қазақстан халқының саяси таным-түйсігінде сілкініс тудырып, тәуелсіз мемлекеттің туын тіктеу ісі Елбасын тарихи маңызды қадамдар жасауға шақырды. Бұл – ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке енді ғана қол жеткізген жас мемлекет үшін, елі тағдырын сеніп тасырған тұңғыш Президентіміз үшін де нағыз үлкен сын болатын.
Кеңістік пен уақыт факторларының сұранысын дәл таба білген тәжірибелі саясаткер Н.Ә.Назарбаев еліміздің халықаралық мәртебесін тыңнан көтеруге бағытталған оңтайлы тарихи шешімдер қабылдай білді.
Айталық, біріншіден, жас мемлекетіміздің Конституциясын әлемдік демократиялық қағидаларға негіздеп жаңартты. Біздің ойымызша, бұл міндетті ұлт мүддесіне сай орындап шығу нағыз ғасырлық ерлік ретінде бағаланатын үйлесімді іс-қимыл жүйесін жасауды қажет етті. Солай болды да. Осы орайда тұңғыш Президентіміз түрлі саяси-әлеуметтік, географиялық және климаттық факторларды таразыға тарта келе, мемлекет астанасын Алматыдан Арқа даласының төрі – Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылдады. Елбасының бұл тарихи талғамы қоғамда күшті үндестік туғызды. Осылайша халықтың саяси мәдениетін көтеруге сеп болған рухани-әлеуметтік сілкініс туды. Халықтың өз қалауынша астанасын ауыстыруы шынайы тәуелсіздіктің, еркін ойлай білуге деген тарихи мүмкіндіктің туғанын көрсететін айқын айғақ еді. Осындай бірнеше маңызды жұмыстардан соң оның дұрыстығына халықтың көзі жете бастады, елдің Елбасына деген сенімі күн санап арта түсті.
Шын мәнінде, қазіргі Астана Қазақстан халқын ауызбірлікке, ынтымақ пен ортақ мақсаттарға жетелейтін ұлттық символымызға айналды. Әлем көз тіккен саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік тұрғыдан даму үрдісіндегі, діни татулық пен тұрақтылықты жалау етіп көтерген Астанамыздың атағы бейбітшілік пен елдер арасындағы татулықтың кепілі боларлық зор бастамаға айналуда. Қазіргі уақытта Астана қаласы әрбір қазақ жүрегінде әлеуметтік-экономикалық және саяси-қоғамдық маңызы бар жай қала ғана емес, туған жерге, ортақ Отанымызға деген шынайы сүйіспеншілік болып орын тепті.
Тәуелсіздік түсінігін күшейтудің ерекше тетігін жастармен байланыстыра білген Елбасы “Дүние тұтастай алғанда алға жылжығанымен, жастарға әрдайым басынан бастау керек” деген классиктің сөзін келтіре отырып, жастармен жұмысқа айрықша көңіл бөліп келеді. Білім мен ғылым саласының қызметкері болғандықтан, Н.Назарбаевтың жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беруге деген ұстанымдарына үнемі тәнтімін.
Н.Назарбаевтың 2009 жылдың 19 наурызында Ресейдің беделді “Известия” газетінде жарияланған мақаласында бірлескен күш-жігермен білім беру саласын сапалық жаңа деңгейге шығару басты мақсат екенін атап өтті. Бұл жөнінде Қазақстан “Болашақ” бағдарламасы арқылы жылына 3000-нан астам жасқа әлемнің беделді оқу орындарында білім алуға мүмкіндік жасауда. Елбасы студент жастардың халықаралық деңгейде білім алу бағытында еркін қозғалыста болуының болашағына үлкен үміт артуда. Соған орай елордада әлемдік деңгейдегі жаңа университеттің ашылуы аса маңызды шара болмақ.
Еуропа одағында “Эразмус Мундус” бағдарламасы бар, ол – жоғары білімге деген еуропалық көзқарастағы жаңа жаһандық желі. Бұл бағдарлама өз кезегінде жоғары білім берудегі өзара ынтымақтастықтың оңтайлы, бейімделгіш жүйесі ретінде 2001 жылы Еуропа парламентінде қабылданған, еліміз жуырда қосылған Болон үдерісінің талаптарына жауап береді. Егер де осындай бағдарлама Еуразия кеңістігіне енгізілсе, біздің ынталы жастарымыздың бәсекеге қабілетті білім алуларына жасалған керемет қамқорлық болатыны сөзсіз. Елбасы қолдаған бұл бағдарламаға барлық жоғары оқу орындары, ғалымдар өз деңгейлерінде атсалысуы керек.
Еліміздің болашағы – жастардың мүддесін жоғары қойып келе жатқан Президентіміз Н.Ә.Назарбаев дағдарыс әлем үрейін алған былтырғы жылдың басында Үкіметке 10 000-нан астам студентке қосымша білім гранттары, 40 000 студентке жеңілдетілген ұзақ мерзімді несие бөлуді тапсырғаны әрдайым жадымызда. Балалар үйінен шыққан оқушылардың, студенттердің, магистранттардың шәкіртақысы – 50 пайызға, қамқоршының қолында тұратын білім алушылардың шәкіртақысы 30 пайызға көбейді. Жалпы, білім алушылардың шәкіртақылары биылғы жылдың сәуірінен тағы да арттырылды.
Күнделікті шешімін күтетін қарбалас істердің арасынан жастардың жайына қатысты шараларды шешуге уақыт та, қаражат та таба білетін, бүгінгі жастар алатын білімнің көкжиегін барынша кеңейтуді ойлап, “Болашақ” бағдарламасы арқылы қазақ жастарының шетелдің көрнекті оқу орындарында білім алуына жағдай жасауға, еліміздің жоғары мектебін әлемдік стандарт деңгейіне көтеруге күш салып отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел болашағын ертеден ойлағандығы анық.
Байзақ МОМЫНБАЕВ, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.