Таным • 11 Тамыз, 2020

Алаша хан кесенесінде қазақ хандарының бабасы жатыр

5123 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Биыл халықаралық ауқымда кеңінен әйгілі Алтын Орда мемлекетінің құрылуының 750 жылдық тарихына сәйкес келіп отырғандықтан осы ұлы мемлекеттен бізге мұра болып қалған көне тарихи орындарды анықтау аса маңызды. Сондай қасиетті ескерткіштердің бірі – Алаша хан кесенесі. Аты да заты да жұмбақ бұл кесенеде кім жатқаны туралы нақты тарихи деректер табылмағандықтан бүгінде осыған қатысты «болжампаздар» қатары көбейе түсуде.

Алаша хан кесенесінде қазақ хандарының бабасы жатыр

Суретті түсірген Ерлан Омар, EQ

Онда кімді жерлемедік де­сеңізші? Басы Шыңғыс хан болып, оның ұрпақтары Орыс ханды да, Ақназар ханды да осында «жатқызып» көрдік. Алайда дәлелдеулер осал болғандықтан бұл айтылғандар тұспалдау тү­рінде қалды.

Естір құлақ болса, біз де осыған байланысты өз пікірімізді айтып жүрміз. Ең алдымен айтарымыз, бұл мәселеде сөйлеу үшін ең алдымен «Алаш» немесе «Алаша» атауларының ба­сын ашып алуға тура келеді. Ал олардың тарихы арғы замандардан бастау алады. Алайда Орхон жазуларында кездеспеуіне қарағанда бұл ұғымдар VІІІ ғасырға дейін әлі де қолданысқа кеңінен ене қоймаған. Қашқари өзінің әйгілі еңбегінде бұл мәселеге «АЛАШҰ – баспана, кепе» деген нақты түсінікте­ме берген еді. Дәл осыған ұқсас ма­­ғынаны түрік тілінің білгірі В.В.Рад­ловтан да кездестіреміз. Ол Алаша деген сөзді «аласа, яғни кіші» деп түсіндіреді. Бұ­дан және басқа да деректерден аңғаратынымыз, ХІ ғасырдағы түркі сөзі «Алашұ» немесе «Алаша» біртіндеп қолданыстан шы­­ғып, оның «Аласа» деген ба­ла­масы кейінгі қазақ тілінде сақ­талып қалған. Кезінде хан емес, бірақ ханнан кейінгі саяси тұлғаларға түркілер «Алаша» (кіші, аласа) деген есімді берсе, ша­ғындау ұлыстар мен екінші қа­тар­дағы ордаларды да осылай атаған.

Осыған қосымша дәлел – ке­зінде Алаш қозғалысы қатарында болған Мұстапа Бұралқыұлы жа­саған «Қазақ тілінің түсін­дірме сөздігінде» қазақша «Ала­шақ» сөзінің мағынасы «Ала­са» екендігі, сондай-ақ «Ала­саның» «биік емес, тапал» дегенді аңғартатыны тағы да атап көрсетілген. Алаш қозғалысының қайраткерлерімен бірге қуғындалған бұл кісінің пі­кірі жоғарыдағы В.Радловтың айт­қанымен үндесіп жатыр.

Осындайда тағы бір айтпағы­мыз, бүгінгі тарихтағы қателіктер­дің бірі – зерттеушілердің бәрі «Алаша» сөзінің қалмақ-моңғол аудармасына ғана мән береді де, ал XI ғасырда Махмұд Қашқари айтып кеткендей, оның көне түрік сөзі екендігін біле бермейді. Мұның басты себебі, біздің ойымызша XIII ғасырға қарай, моңғол жаулауынан кейін «Алашаның» көне түрікше айтылуының қолданыс­тан шығып, оның моңғолша (қал­мақша) мағынасының көп қол­даныла бастауында деп ойлаймыз. Сондықтан да тарихи әдебиетте: қазаққа ұран болған «Алаша» ма, жоқ әлде «Алаш» па? – деген нақты сауал ешқашан да туындамай, бұл екеуін бір сөз, бір тұлға ретінде қабылдап, мәселе онан ары шата­са түсті. Оның үстіне қазақтың жау­ға шапқанда «Алаша» деп емес, «Алаш» деп ұрандағаны және бел­гілі. Және бұл екеуі әртүрлі ма­­ғынаны білдіретін бөтен сөздер бо­лып табылады. Сондықтан, бұл мәселеде бұрынғылар жі­бер­ген қателікті қайталамай, «Алаш­ты» «Алашадан» бөліп, жеке қарас­тыруымыз қажет болады.

Сондықтан да Алашаны қоя тұрып, алғаш Алаш атанған тарихи тұлғаларға қысқаша тоқтала кетер болсақ, олар біздің білуімізше үшеу. Нақты атап айтар болсақ, олардың алғашқысы – дәстүрлі қазақ шежіресінің басында тұрған Алаш баба (шамамен біздің заманымыздан бұрынғы XIV ғасыр­дың екінші жартысы), екінші – Түргеш қағанатындағы Бес Түрік Дулу құрамындағы бір тайпаны басқарған және VIII ғасырда өмір сүрген Түргеш Алаш шор және үшінші – Өзбек ұлысының ханы Әбілқайырмен замандас Ақ Орда аймағын билеген Алаш баһадүр. Бұл кісілердің әрине, Алаша хан­ға еш қатысы жоқ. Алғашқы Алаш соңғы шежіре мәліметтері бойынша, Мұхаммед пайғамбар туғаннан бір мың то­ғыз жүз жыл бұрын өмір сүрген адам. Халық жадында осы Алаш қазақтың арғы бабасы ретінде есте сақталған тұлға. Ал енді атал­­ған Алаш атты тұлғалардың қай­сысы қазаққа ұран болды деген­де Алаша ханға емес, аталған үшеудің соңғысы Алаш баһадүр­ге тоқталатынымыздың себебін бұ­рынғы зерттеулерімізде де айт­қан едік. Иә, Моңғол ұлыс­таӨры ыдырай бастаған тұста ХІV-ХV ғасырлар тоғысында Қа­зақ хандығы құрылардан 20-30 жылдай бұрын Дешті Қыпшақ (Ақ орда) даласын Алаш баһадүр ат­ты тарихи тұлғаның дара би­ле­гені ортағасырлық автор Ма­суд ибн Осман Кухистанидің «Та­­рих-и Абулхайрхани» атты шы­ғар­масында нақты айтылған.

Ал енді Алаша хан мазарына келсек, жаңа зерттеулер мынаны көрсетіп отыр: мұнда бұрын айтып жүргеніміздей, қарадан шығып халыққа ұран болған біз әңгімелеп отырған Алаш баһадүр емес, Шыңғыс тұқымы, яғни ақсүйек тұлға Алаша (Аласа) хан атанып кеткен, Жошы ханның үлкен ұлы Орда Ежен жатыр демекпіз. Әкесі Жошымен қатар Алаша ханның айшықты кесенесінің ғасырлар қойнауынан бүгінге аман-есен жетуінің басты себебі оның қазақ хандары мен сұлтандарының арғы бабасы болуында.

Алаша хан кесенесінде Орда-Еженнің жатқанына мынадай дә­лелдеріміз бар:

1. Әкесі Жошыға жа­қын аймақ­та тұрғызылған ең­селі де айшықты кесенеде жатуға Ежен әбден ла­йық еді. Ол Жошы ұлысы – «Ұлығ ұлыс» аталған мемлекеттің алғаш­қы бастауында Жошыдан кейінгі саяси ірі тұлға болды. Ежен осы ұлыстың ғана емес, бүкіл Моңғол империясының ірі қайраткері ретінде 1223-1224 жылдары өткен мемлекеттік жоғарғы жиындарға, 1229 жылы Өгедейді, одан соң 1246 жылы Күйікті қаған сайлаған ұлы құрылтайларға Жошы әулетінің басты тұлғасы ретінде қатысты. 1235 жылы Қарақорымда өткен ұлы құрылтайда ол інісі Бату ханмен бірге батысқа жорық жасайтын моңғол әскерінің басқарушы құрамына еніп, Жошы әулетінің әскерін басқарып, Еуропадағы Тисса өзені аймағына дейін барып, ерекше ерліктерімен көзге түсті. Күллі Моңғол империясының ұлы қағаны шығарған ресми жар­лықтарда Еженнің есімі әрқашанда інісі, Алтын Орда ханы Батудан жоғары тұрды. Бұл оның рухани-әлеуметтік тұрғыдан көрнекті де ірі тұлға болғанын дәлелдейді.

Өтеміс қажының XVI ғасыр­дағы «Шыңғыснаме» атты еңбе­гінде Жошы хан қайтыс болған соң, оның Ежен (Ордана Ежен) мен Сайын (Бату) бастаған балалары әкенің босаған тағына кім отыратынын шеше алмай, аталары Шыңғыс ханға барғандары айтылады. Шыңғыстың «Жасақ» заңы бойынша таққа балалардың үлке­ні Ежен отыруы керек еді. Алайда ол, інісі Сайынның (Батудың) Ұлы даладағы үлкен беделін және мем­лекет басқару қабілетін мойындап, тақтан бас тартады. Мұны бектерімен кеңескен Шыңғыс хан мақұлдап қана қоймай, оларға Жошы ұлысының екі қанатын бөліп берді. Ол бойынша Сайын ұлыстың оң қанатына, Еділ бойын­дағы аймақтарға ие болса, ал аға­сы Ежен ұлыстың сол қанатын – Сыр­дарияның төменгі ағысынан Ұлытауға дейін созылып жатқан аймақты иемденді (Утемиш-хад­жи. Чингиз-наме. Алма-Ата, 1992, 122 б.).

Шыңғыс қалыптастырған дәс­түр бойынша ұлыстың оң қанатын билеуші аға хан болатын еді де, ал сол қанатты билеуші кіші (аласа) хан болып есептелді. Осыдан бас­тап, Орда-Ежен Батудан жасы үлкен бола тұрса да, билік лауазымы аласа болғандықтан, өзі өмір сүрген ортада – қыпшақтілдестер қауымында екінші хан, яғни Ала­ша (Аласа) хан аталды. Осыған байланысты осы аймақтағы Алаша хан мазары деп жүргеніміз қазақ хандарының арғы және алғашқы бабасы Орда-Еженнің мазары деген қисынды қорытынды туындайды.

Осы жерде Орда-Еженнің қо­сақталған екі есіміне байланыс­ты өз пікірімізді айта кеткенді жөн көрдік. Зардыхан Қинаят­ұлы Еженнің өз аты Орда (Ордана) да, ал Ежен оның қосымша аты деген пікірді айтады. Біздіңше, бұл жерде мәселе керісінше моңғол­ша, «Ел иесі» деген мағынаны білді­ретін «Ежен» оның туған­да азан шақырып қойған өз аты деп ойлаймыз. Өйткені Өтеміс қа­­жы­ның «Шыңғыснамесінде» оның есімінің алдында тұрған «Орда» есімі мүлде аталмай, «Ежән», «Ежән-хан» деген атау ға­на қолданылады (көрсетілген еңбек,121-123 б.). Ал енді «Ор­да» (түрікше-Орду, моңғолша – Ор­дана) ежелден келе жатқан билік лауазымы. Ежелгі қытайдың Хән әулеті тұсында «Орданай» – Орда әкімі, бас ұлықнайдың қолқанаты» дегенді білдірген. Уаң Бинхуа,Уаң Миңжы. «Үйсін туралы зерттеу». Іле халық баспасы. 2009; Мына кітап бойынша беріліп отыр: Жан­болат Сұлтан. Ежелгі ұлыс тарихы.Тарихи зерттеу. «Атажұрт». 2012, 162 б.). Махмұд Қашқариде де «Орду» сөзі дәл осындай қызмет лауазымын, Орда бақылаушысы деген мағынаны білдіреді. Моң­ғол империясының Ұлығ ханы Мөңкенің өзінің жарлықтарында Орда-Ежен есімін Батудан жоғары көрсетуі, кезінде Шыңғыс ханның Батудың «оқ хан» лауазымынан кейінгі «Ордана (Орду)» билік дәрежесін Еженге тапсырғаны байқалады. Осы негізде Шыңғыс хан қалыптастырған Жошы ұлы­сындағы (Алтын Орда мемле­ке­тіндегі) алғашқы кезеңдегі ел басқару жүйесі XIII ғасырдың 20-50 жылдарында төмендегі билік сатыларынан тұрды:

Мемлекеттегі ең жоғарғы билік – Ұлұғ хан Ұлыстың оң қанатын билейтін аға хан – «Оқ хан» (монғ. Khan huu) немесе «Яссақ ханы» («Хан йосуқын») Ұлыстың сол қанатын билейтін кіші, Алашұ хан – «Алаша хан» (Аласа хан-«Орду».

2. XVII ғасырда өмір сүрген Әбілғазы Бахадұрхан Орда-Ежен­нің қосымша аты «Алшын» бол­ғанын атап көрсетеді. Алайда әң­гіме бұл жерде тағы да Алаша туралы болып отыр. Өйткені ол, өзі Есім хан мен Тұрсын хан заманында жырақтағы Тәшкент-Самарқанд аймағында өмір сүргендіктен, Ұлы далада таралған «Алшын» мен «Алашаны» бір тайпалық атау деп қабылдаған. Бұл жерде қазақтардың Алшын одағында Алаша деген рудың бар екенді­гі және белгілі. Осыған байла­ныс­ты әйгілі профессор-филолог Сәрсен Аманжолов А.Левшиннің, Ш.Уәлихановтың айтқандарына сілтеме жасай отырып, былай деп жазған еді: «по легендам казахов и киргиз, слово «алшын» (иногда «алакчын», «алачен») часто связывается с племенным названием алача // алаша) или с именем Алаш (Алач), которое выступает как синоним слова «казах»...». Бұл жерде зерттеуші Н.Аристовтың Рашид ад-Диннің шығармасына сүйене отырып, «алшын» сөзі «алашадан» немесе «алаштан» шыққан болар деген тұспалдауына да назар аударады және ол лингивистикалық көз­бен қарағанда бұл пікірдің то­лық қисынды екендігін айтып, ма­құлдайды. Бұдан туындай­тын қорытынды біреу: Орда-Ежен­нің қосымша атын «Алшын» деп көрсетіп отырған жоғарыда атал­ған Әбілғазы шын мәнінде оның «Алаша» («Аласа») деп аталғанын айтып отыр.

3. Алаша хан кесенесінің Жо­шы хан кесенесімен бір өзен – Қа­ра­­кеңгір бойында, бір аймақта – Жошы ұлысының алғашқы орта­лығы болған Ұлытау өңірінде жатуы да аталмыш кесенеде әкесіне әрқашан жақын болған, үлкен ұл – Еженнің жатқанын дәлелдей түседі. Әкелі-балалы бұл екеуі де осы өңірде өмір сүріп, осы аймақта дүние­ден өтті. Олардың Ордасы да осында болды. Осындайда, кейбір тарихшылардың Жошы мен Еженнің ордаларын кезінде Шыңғыс ханға жаздық Орда бол­ды делінетін алыстағы Ер­тіс бойынан іздестіретіндері тү­сі­ніксіз. Мұндағы қателік – Шың­ғыс хан өзінің Ұлұғ Ордасын мұ­ра­герлікпен Жошыға емес, Үгедейге қалдырғанын ескер­меу. Ал атадан келе жатқан Моң­ғолиядағы қара шаңыраққа, үлкен үйге дәстүр бойынша кенже бала Төле ие бол­ғанын білеміз. Сон­дықтан да Жо­шының да, оның үлкен ұлы Ежен­нің де Ордаларын Ертіс бойынан іздеу қате деп ойлаймыз. Күні бүгінге дейін оны бұл маңнан еш­кім таба алмаған себебі – Ертіс аймағы ешқашан да Ежен ұлысына қараған жоқ. Орда Ежен ұлысы­на қандай аймақтар қарағаны бір ғана деректе – ортағасырлық Муин ад-Дин Натанзи жазып қал­дырған «Аноним Искандера» ат­ты шығармада көрсетілген. Онда Жошы ұлысының Орда-Ежен ұр­пақ­тарына қараған сол қанатына «Ұлытау, Сегіз ағаш және Қаратал аймақтары, Туйсенге (Тюменге?) дейінгі аймақтар» жатқызылған (Тизенгаузен В. СМИЗО.Т.II.-СПб, 1884, 127 б.). Мұнда Ертіс ай­мағы мүлде аталмайды. Яғни Ежен ұлысының шығыс шекарасы деректе көрсетілгендей, Қа­ра­тал-Іле өзендері аңғарынан ары­ға бармайды. Кейінгі архео­ло­гиялық зерттеу­лер де Жошы-Ежен ұлыстарының орталығы Ертіс бойы емес, Ұлытау аймағы болғанын дәлелдеп отыр. Сон­дық­­тан да әкесі Жошының да, ба­ла­сы Еженнің де қабірі осын­да, Ұлы­тауда жатыр. 1242 жы­лы Моң­ғолияға бара жатқан жо­лын­да Плано Карпини Орда-Ежен­нің Алакөл маңын мекендеп отырғанын жазып кетеді десек, мұнда әңгіме – Еженнің Ордасы туралы емес, осы аймақтағы оның көшу жолдары туралы болып отыр. Сондай-ақ мұнда да Ертіс бойы аталмайды. Оның үсті­не соңғы жылдардағы зерттеу­лер­де Еженнің ұлысының үш орта­лығының бірі Ұлытау (Орда Базар) болғаны да айтылып жүр.

4. Алаша хан кесенесінің Ор­да-Ежен және оның балалары за­ма­нындағы құрылыс болып та­бы­латынын жөндеу жұмыстары кезінде оның қабырғасындағы кір­піштердің бірінен XIII ғасыр­дың екінші жартысындағы – XIV ғасыр басындағы Алтын Орда-Ақ Орда төрелердің тұтқалы тарақ ру­лық таңбасының табылуы да дә­лелдей түседі.

Ал енді бұл жерде Орда-Ежен­нің ұрпақтарының қайсысы оған Ұлытауда кесене тұрғызды деген нақты сауалға жауап іздер болсақ, ханның немересі Қонышқа тоқталамыз. Мұның негізінен екі себебі бар. Оның алғашқысы жо­ғарыда айтқанымыздай, Қоныш атасы Орда-Еженнің жаулары ты­нышталған, көзден тайған бейқуат заманда жиырма жылдан астам ел биледі. Бұл маңызды құрылыс тұрғызуға аса қолайлы кезең еді. Екіншіден, Алаша хан кесенесінің өзіндік, дәстүрлі және исламдық ерекшеліктері, және мұндай ес­керт­кіштің Қазақстан ғана емес, Орталық Азия аймағында да кез­деспеуі мұны тұрғызған ханның ел ішінен ғана емес, басқа елдерден де шеберлер шақырғанын байқатады. Бұл кесене туралы өткен ғасырдың 50-ші жылдарында оны арнайы зерттеген архитектор-тарихшы Г.Г.Герасимов былай деп жазған еді: «Прямых прототипов мавзолея Алаша-хан мы не знаем не только в Центральном Казахстане, но и на всей территории Средней Азии».

Ал енді басқа елден де шеберлер шақыру мәселесіне келсек, осындайда Қоныштың қоңырат руынан шыққан анасының Иран аймағын билеген Хулагу хан­­ның ықпалды әйелімен туған апа­лы-сіңлілі болғаны еске түседі. Бұл бай­­ланыстарды өзі 1250-1251 жы­лы қайтыс болғанға де­йін Ежен негіздеп кеткен еді. Сон­­­дықтан да Еженнің немересі Қо­ныш хан 1280-1301 жылдары Ақ Ор­даны басқарған кезінде Иран­ды билеген хулағулық елхан­дар­мен тығыз туыстық және дип­­ло­матиялық байланыстар ор­­нат­ты. Сондықтан да біздің ойымызша, Алаша хан кесенесін салуға жергілікті қыпшақтармен қатар парсы шеберлері де атса­лысқан. Сондықтан да кіре берісі қасиетті Меккеге қарап салын­ған, кесене архитектурасында парсылық және мұсылмандық элементтер жергілікті дәстүрге сәйкестендірілген.

5. Ал енді осындайда, Алаша хан кесенесінде Орда-Ежен жатқан болса, онда неліктен ханның өз аты ұмыт болып, қосымша есімі ғана халық есінде сақталған деген орынды сауал да туындайды. Мұның біздің ойымызша екі себебі бар: 1.XIV-XV ғасырларға қарай Ұлы даладағы Шыңғыс тұқымы толық түркіленіп, олардың моң­ғол-тұңғыс тіліндегі есімдері қып­шақтық ортада ұмытыла бастады. Сондықтан да біз негізгі дерек ретінде пайдаланып отырған, Өте­міс қажының XVI ғасырдағы жергілікті халықтың тілінде жа­зылған «Шыңғыснаме» атты ең­бегінде Батудың аты да аталмай, ол тек Сайын деп аталса, ал Орда-Еженнің қосалқы «Орда» аты да бұл еңбекте ауызға алынбайды. Себебі, халық бұл заманда, Еженнің моңғолша атын емес, елге кеңінен таралған қосымша түркілік есімі «Алаша ханды» ғана есте ұстап қалды. Ал енді ғасырлар тезінен аман өткен әкесі Жошы ханның ескерткіші тәрізді Алаша хан кесенесінің қирамай аман қалуының арқасында ғана мұндай тарихи тұлғаның өмір сүргенін біліп отырмыз. 2. Одан соң, Орда-Еженнің өз атының ол жерленген кесенеде сақталмауына бәрінен бұрын Жошы тұқымдары мүдделі болды. Алғаш Бату мен Ежен тұқымдарының, одан соң Шайбан және Ежен әулеттерінің Алтын Ордадағы және Ақ Ордадағы таққа таласқан өзара қырқысулары, кесенені дұшпандардың қирату қаупі оны қорғауды басты мәселеге айналдырды. Сондықтан да Ежен әулеті аталарының кесенесін оның жергілікті халыққа ғана әйгілі қосымша есімімен – Алаша хан атымен атағанды жөн көрді. Бұл өзі халықтық байырғы шежіредегі Алаш бабаның есімімен үндесіп жатқандықтан көп кешікпей-ақ Алаша хан кесенесі де қасиетті орынға айналды. Айтылғандардың қисындылығы кейін Ақ Ордаға астана болған Сығанақта Орда-Ежен тұқымынан шыққан хандар кесенелерінің қиратылуы және сақталмауы айқын дәлел бола алады.

Алайда бұл жерде мынаны да айтқан жөн: кейбір зерттеушілер Алаша хан кесенесінде Ақназар хан жатыр деп ойлайды. Бұл қате. Ұлытау өңірі Ақназар билікте бол­ған заманда әлдеқашан, хан­дықтың саяси орталығы болудан қалған еді. Оның үстіне Ақназар хан жорытқан және қайтыс болған аймақ оңтүстікте, Ұлытаудан шал­ғай жатыр. Мұндай көзқарасты кезінде архитектура тарихын жақ­сы білетін Г.Г.Герасимов те дә­лелді түрде теріске шығарған бо­латын.

Тағы бір айтарымыз, Орда-Еженнің жетінші ұрпағы Ақ Ор­даның даңқты ханы Орыс хан­ды Алаша хан жасағысы келетіндер бар. Орыс ханның Алаша аталуы мүмкін емес. Біріншіден Орыс ханның Ұлытау аймағына еш қатысы жоқ. Ол бұл аймақта көшіп-қонбаған және оны ешқашан да атамекенге айналдырмаған; Екін­шіден, оның саяси-әкімшілік орта­лығы, ресми астанасы Сығанақ қаласы болды. Оның бүкіл өмірі, барлық негізгі әскери жорықтары Ұлытауды емес, осы Сыр бойын­дағы қалаларды Әмір Темір мен Тоқтамыс ханнан қорғауға және Еділ бойындағы Сарайда Алтын Орда тағын иемденуге арналды.

Сонымен осы айтылған қисын­дарды тұжырымдай келе тағы да айтарымыз: Алаша хан кесенесінде әкесі Жошымен қатарласып, әке­нің қара шаңырағына ие болған және інісі Батының (Батудың) Ал­тын Ордасына бағынышты сол қа­нат­тағы кіші орданы билеген, сон­дықтан да Аласа (Алаша) хан атанған Жошының үлкен ұлы Орда (Ордана) Ежен жатыр.

 

Талас ОМАРБЕКОВ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерттеу орталығының директоры, т.ғ.д. профессор