Медицина • 11 Тамыз, 2020

Отандық вакцина даярлаудағы оң ізденіс

467 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әлем жұртшылығын әбігерге салған індеттің толастайтын түрі көрінбейді. Күрестің бір парасы – адам өмірін сақтап қалуға жұмылса, екінші бір аса маңыздысы – дерттің алдын алатын вакцина жасау ісі. Дүние жүзі ғалымдарының ізденістері арқылы бүгінде ДДҰ-да қолдануға үміткер-вакциналардың тізімі жасалды. Соның бірі – қазақстандық ғалымдар қолынан шыққан вакцина. Біз вакцинаны даярлап жатқан еліміздің Ғылым комитетіне қарасты Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының директоры Күнсұлу ЗӘКӘРИЯМЕН сөйлескен едік.

Отандық вакцина даярлаудағы оң ізденіс

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, EQ

– Білуімізше, бірнеше ғалым әріптестеріңізбен бірге өз қол­дарыңыздан шыққан вак­цинаны қабылдап көрген екен­сіздер. Әзірге қандай да бір қорытынды жасауға бола ма? Ауру белгілері пайда бол­ды ма, анти дене түзілуі қа­лай?

– Иә, Биологиялық қауіп­сіз­дік проблемалары ғы­лы­ми-зерттеу институтының ға­лымдары коронавирустық ин­фек­цияға қарсы вакцинаның бір түрін әзірледі. Бұл препарат инактивтелген вакцина деп аталады. Құрамындағы ауру қоздырушысы вирустың уыттылық қасиетін инактивант қолданып жою жолымен алынды. Аталған вакцинаның технологиясына бірнеше кезеңдегі зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы қол жеткізілді.

Жалпы, кез келген биоло­гия­лық препаратты бірден да­­йындап шығару мүмкін емес. Алдымен наурызда тіркелген алғашқы науқастардан COVID-19-дың тірі штаммы құрамынан вирус бөлініп алынды. Алғашқы кезеңде КВИ қоздырушысын жасуша өсіндерінде бейімдеп өс­і­ру барысында, вирустың био­логиялық қасиеттері зерттелді. Кейіннен инактивантпен ауру қоздырушысының уыттылығы жойылды, содан кейін ағзаға еккенде им­му­нитетті (ауруға қарсы тұ­ру­шы­лық күш-әлуетті) қосымша күшейту мақсатында вакцина құрамына адъювант қосылып, содан кейін ғана вакцинаның иммунды-биологиялық қа­сиет­тері тексеріледі.Жалпы алғанда кез келген вакцинаны аурудың арнайы алдын алу мақсатында қолданады. Сондықтан да, вакциналық препаратты қолданғанда ешқандай аурудың белгісі болмауы керек, керісінше ауруды болдыр­мауы қарастырылады. Вакцина ағзаға түскенде антиген ретінде сол аурудың қоздырушысына қарсы антиденелер түзіледі, осылайша ауруға қарсы иммунитет қалыптасады. Қазіргі көрсеткіш көңіл көншітерлік дәрежеде.

– Отандық вакцинаны жасауда қандай әдіске жүгін­ді­ңіздер? Жоғарыда айтқан адьювант­тарды қалай қол­да­н­дыңыздар?

– Жоғарыда келтіргендей, вакцинамен аурудың алдын алу үшін дауалау кезінде ағзадағы иммунитетті қосымша кү­шей­ту үшін инактивтелген пре­па­раттың құрамына адъю­вант қосылады. Бұл да өте ма­ңызды және жіті қарауды талап ететін дүние. Оны бірден алып вакцинаға қоса салмайды, сол үшін осы мақсатта табиғи немесе синтетикалық жол­мен алынған бірнеше адъю­­вант сынақтан өткізілді. Олар­­дың вакцина құрамына қосы­латын түрлері, мөлшері, тағы да басқа параметрлері бірнеше қайталанған ғылыми тәжірибелер барысында анық­та­лып, соңғы нақты нәтиже алынғанда ғана биологиялық препарат құрамына қосылды.

– ДДҰ-ға кандидат ретінде тіркелген басқа вакциналардан қазақстандық өнімнің қандай айырмашылығы бар?

– КВИ-ға қарсы отандық вакциналық биопрепаратты әзірлеу барысы Білім және ғылым министрлігі қар­жы­лан­дыратын Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтында орындалып жатқан ғылыми-техникалық бағдарлама шең­бе­рінде жүргізілуде. Бұл бағ­дар­лама барысында COVID-19-ға қарсы бес түрлі биопрепаратты әзірлеу технологиясына қол жеткізу жоспарланған, олар: инактивтелген, суббірліктік, екі векторлық және тірі вакциналар болып жіктеледі. Қазіргі кезде осылардың ішін­де ғалымдарымыздың жан-жақты жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәти­же­лері ретінде инактивтелген және суббірліктік вакци­на­лары кандидат ретінде Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйы­мында тіркеліп бекітілді. Ға­лым­дарымыз вакциналарды алу барысында отандық және шетелдік ғалымдардың озық нәтижелері, сонымен қатар биологиялық препараттарды өндірудегі институтымыздың өзіндік жоғары нәтижелерін ескеріп, оны сұрыптап, ішіндегі оңтайлы және тиімді технологияларын таңдап алды. Ал барлық зерттеулер салыс­тырмалы түрде бірнеше рет қайталанып жүзеге асырылады.

– Вакцина инактивті екенін айтып өттіңіз, ал өзге ел­дерде гендік және векторлы вакциналар жасалуда. Дәл осы жолды таңдау себебі неде?

– Ғылыми деректерде тұмау вирусы сияқты КВИ ауру қоз­ды­рушысының мутациялық өзгеріске ұшырауы туралы мәліметтер жиі кездеседі. Әри­не, ғалымдарымыз бұл жағын да қарастыруда, сондықтан ауру қоздырушы вирус штам­мына гендік деңгейде молеку­лалық-биологиялық те­рең­­­де­ті­лген зерттеулер жүр­гізілуде. Осындай жан-жақты зерттеулерді жүргізуде инсти­тут­тың ғылыми-техни­ка­лық базасы мен мол тәжірибелі ға­лым­дардың толық мүмкіндігі бар және зерттеу нәтижелері болашақ вакциналық препаратты алу технологиясын әзірлеу барысында ескеріледі.

– КВИ-дің мутацияға ұшы­рауы вакцина жасаудың жолын бөгемей ме? Бәлкім, үнемі жаңа штамдарының пайда бола беруіне байланыс­ты вирусологияда онымен күрестің басқа да баламалы жолдарын қарастыру керек болар? Вакцина жасаудағы жұмыста қандай да бір туын­да­ған қиындықтар кездесті ме?

– Негізі ғылым дегеніміз – проблемасы қатар жүретін сала. Ғылым сол үшін де ғылым, ол алда тұрған мақсатты проблемаларды шешуге бағытталады. Сол себепті таңдалған бағытта тер төгіп, толыққанды ізде­ніс­тер жүргізу арқылы оң шешімдер шығарылады. Бұл орайда, институтымызда орын­далып жатқан ғылыми-тех­никалық бағдарлама шең­бе­ріндегі ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тарымыздың толық нәти­же­сі ретінде КВИ-ға қарсы отандық вакциналық препараттарды алу барысында тек уақтылы қаржыландыру мәселесі шешіліп отыруы ма­ңыз­ды. Біздің ғалымдардың межелі мақсаттарға жетуге мүм­кіндіктері өте зор. Оған ға­лым­дардың ғылыми әлеуеті жеткілікті.

– Вакцинаның кли­ни­ка­лық сынақтан өтуі жайында не айтасыз?

– 18 жастан 50 жасқа дейінгі 44 еріктінің қатысуымен клини­ка­лық сынақтардың бірінші кезеңі басталады деп жоспарланып отыр. Ерікті жандар вакцина салғаннан кейін 42 күн бойы бақылауда болады. Қазан айының ортасында клиникалық сынақтардың екінші кезеңін бастау жоспарланған, бұл 2020 жылдың желтоқсанында аяқталуы тиіс. Ал кандидаттық вакциналардың клиникалық сынақтары оң нәтиже берген жағдайда Жамбыл облысы Отар кентіндегі Биологиялық қа­уіпсіздік проблемалары ғы­лыми-зерттеу институты жаны­нан салынып жатқан биофар­ма­цевтикалық зауыт базасында вакциналар өндірілетін болады.

 

Әңгімелескен

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»