Әлем • 11 Тамыз, 2020

КВИ шеңгелі шектеулерді алдырмай отыр

186 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Британ үкіметі бір күнде 892 адамнан вирус анықталғаны жайында мә­лім­­деді. Осылайша тұманды Альбионда ауру жұқтырғандар 307 184 жанды құ­раған. Індет корольдіктің 46 364 аза­маты­ның өмірін жалмап, пандемия кезінде 17 210 335 вирусқа тест тапсырылыпты.

КВИ шеңгелі шектеулерді алдырмай отыр

Үкімет басшысы Борис Джонсон ауру етек жаймас үшін шектеудің әзір алынбайтынына қынжылыс білдірген-тін. Шынында да COVID-19 алпауыт елдің эконмикасына теріс ықпалын тигізіп тұрғаны анық. Бұл елде осы вирус салқынынан тұрғын үй салу қарқыны баяулаған көрінеді. Сала ми­нистрі Роберт Дженерик оның төмен­деуі 30-40 пайызға дейін түсу мүм­кін­дігін болжаған. Алайда барлығы эко­но­миканың пандемиядан соң қалпына келу жылдамдығына тікелей тәуелді, ел тезі­рек індетті еңсеріп кетсе, оң өзгеріс туады. Дегенмен келер жыл да сала үшін күрделі болтындай деген ойын жет­кізді ол.

 * * *

Түркия денсаулық сақтау министрі Фах­редтин Қожа Twitter әлеуметтік же­лі­сіндегі парақшасында 6 тамызда ви­рус таралуы жөнінде инфографиканы жария етті.

Ондағы мәліметке қарағанда, қазіргі уақытқа дейін ел аумағында ауру жұқ­тыр­ғандардың жалпы саны 236 112 адам­ды құрап, бір күнде 1178 тест тапсырушыдан вирус барлығы анықталған. 19 пациент SARS-CoV-2-ден қайтыс болып, оларды қосып есептегенде барлығы 5784 түркиялық пандемия кезінде бақиға ат­тан­ған көрінеді. Инфографикада 219 506 адамның аурудан айығып, індет елге келгеннен бері 5 027 308 тест тап­сы­рылғаны көрсетілген. Ал кешегі күні 53 842 түркиялық тестілеуден өтіпті.

 * * *

АҚШ-тың «Novavax» компаниясы жасап шыққан вакцина тәжірибеде жақсы нәтиже көрсеткен.

Компанияның хабарлауынша, вакцинаны тәжірибеден өткізуге келіскен 56 еріктінің бойында антиденелер түзілген. Жанама болса да ешқандай ағзаға кері әсері болмаған көрінеді. Осы вакцинаны ғалымдар приматтарға да салып көріп, оларды да вирустың жұғуынан сақтайтынын айтып отыр. Билл Гейтстің қаржылық демеуімен ізденіске түскен компания жаңа вакцинаны клиникалық тәжірибеден мамыр айында өткізе бас­та­ған.

 * * *

АҚШ президенті Дональд Трамп COVID-19 шегінгенін айтса, бір күн бұрын Ақ үйдегі КВИ бойынша үй­лестіруші Дебора Биркстің сөзі бас­қа­ша болған еді.

Президент Трамп: «Елде ауруды жеңуде айтарлықтай алға жылжу бар. Аризонада ауру көрсеткіші 37 пайызға, Техаста 18,7, Флоридада 21,2 пайызға азайды», деген. Алайда АҚШ бойынша COVID-19-бен күрестің үйлестірушісі Дебора Биркс бір күн бұрын: «Біз КВИ-мен күрестің жаңа кезеңіне келдік. Вирус ірі қалаларды да, ауылдарды да аралап кетті. Егер отбасыңызда егде адамдар болса тұмшаны үй ішінде тастамауға кеңес береміз», деген болатын.

ABC News хабарына қарағанда 15 штатта, мәселен, Миссури, Джорджия, Теннесси, Миссисипи және Оклахома сынды штаттарда әлі де вирус жұқтыру бәсеңдемеген.

* * *

Оңтүстік Америкадағы елдердің тұр­ғындары вирустан қатты зардап ше­гуде.

Мексика халқы COVID-19 салмағын қатты сезінген елдің қатарында. КВИ-дан өлім-жітім жөнінен Бразилия мен АҚШ-ты алдына салған жұрттың ви­рус­тық ахуалы турасында Мексика ден­сау­лық сақтау министрлігінің дерек­те­рін REGNUM келтіреді. 49 698 адам Мек­си­ка­да SARS-CoV-2 кесірінен о дүниелік болған. Өткен тәулікте тағы да 6139 адамнан вирустың табылуы жағдайдың қаншалықты күрделі екенінен хабар бергендей. Елде індет басталғалы 456 100 мексикалық ауруға шалдыққан көрінеді.

 * * *

Колумбия денсаулық сақтау ми­нис­­­тр­лігінің Twitterдегі парақ­ша­сын­­дағы 6 тамыз күнгі жазбада өткен тәу­­­лік­те 10 мыңнан астам адамның жа­­­ңа­дан вирус жұқтырғаны мәлім етіл­ген.

Егер дәлірек сан қажет болса, ол 10 735, тіпті 11 мыңның айналасы екен. Сонымен 345 714 колумбиялық COVID-19-бен ауы­рып, жалпы саны 11 624 адам өмір­­мен қош­тасқан.

Боливияда пандемия басталғаннан бері 85 141 адам КВИ-дің шарпуына ілін­ген. Ал кеше жаңадан 1780 ауру фак­тісі тіркеліпті. 26 437 пациент жазы­лып шықса, 3385 боливиялықтың тірші­лік­тегі татар дәмі таусылған. Ел билігі аурудың тынысын тарылту мақсатында тамыздың аяғына дейін карантинді ұзарт­қан.

 * * *

Бұл күндері қара құрлық КВИ қау­сыр­ған шеңгелден босап шыға алмай, жанталас үстінде.

Ливияда өткен тәулікте ауру ең көп тіркелгені анықталған. Яғни тест тапсырған 1618 адамның 251-інде вирус бар болып шыққан. Осылайша, ел көлемінде КВИ ағзасына қонақтаған жанның саны 4475 құраған.

Оңтүстік Африка Республикасы ден­сау­лық сақтау министрі Звели Мхидзе «Тамыздың аяғына қарай аурудың бе­лең алуы басылады деп күтеміз. Алайда пандемияның екінші толқыны соғу қауіпі барлығы да рас. Дегенмен елдің үш аймағында бәсеңдеу белігілері бар», деді. Министр сонымен қатар ауруханада орын жетпей жатқанын, соңғы күндері вирус жұқтырғандар саны жар­ты миллионнан асып кеткеніне тоқ­тал­ды.

Мозамбик билігі SARS-CoV-2 өршіп тұруына байланысты жарияланған төтенше жағдай режімін бір айға әлі де ұзарту керек деген шешім шығарған. Бұл жайында Мозамбик президенті Филип Ньюси мәлімдеді. «Бұл шара екі қағидатты негізге алуы тиіс. Біріншісі – ауруды болдырмауда сақтықты күшейту мен COVID-19-ды ауыздықтауға, екін­ші­сі – экономиканың қалыпты күйіне түсуіне қоғамға кепілдік беру», деді.

 * * *

Мысыр денсуалық сақтау минис­тр­­лігі SARS-CoV-2-мен ауырған 23 па­циент­тің ажалы жеткенін хабарлады.

Көне Мысыр елінде вирустың құрбаны болғандар 4888 адамға жетті. Індет әлемді жайлағаннан бері 94 640 мысырлық КВИ жұқтырып, оның 44 066-ы жазылып шыққан еді. Ал кеше жаңадан тағы 157 адамнан вирус табылған.

 * * *

Әзербайжан билігі Бакумен қоса елдегі 13 қала мен ауданда карантинді та­мыздың аяғына дейін созуға шешім шы­ғарды.

Ағайынмен аралас-құраластығы үзілмейтін әзербайжан бауырлар енді тәртіпке бағынып, амалсыздан туысына бармайтын болды. Ауруханада жатқан жақынының көңілін сұрап кіріп шығуға, мемлекеттік орындарға баруға болмайтынын айтқан тыйымда карантин енгізілген қалалар мен аудандарда жүріс-тұрыстың шектелетіні хабарланды.

 * * *

Wheretoeat жүргізген зерттеуге қа­ра­ғанда Ресейдегі мейрам­ха­на­лар­дың 15 пайызы шектеу алынған күнде де жұмысын жалғастыра алмай қалған.

Әсіресе, бұл Орал тауын бойлай қонған өңірлерге тән. Нақтылай айт­сақ, Татарстандағы мейрамхана, дәм­ха­налардың 16 пайызы осындай күй кешіп, адамдар табысынан, жұмысынан айрылған. Ал Мәскеуде мейрамхана бизнесі оншалықты күйремеген екен. Астанадағы мейрамханалардың 94 пайызы жұмысын әрі қарай жалғастырып кеткен көрінеді. «Жыланның үш кессе де кесірткедей күші бар», дегендей мәскеуліктер тегеуріні вирусты да елемеген сыңайлы.

 * * *

Израиль денсаулық сақтау ми­нис­трлігінің дерегінше, індет әлемге тара­ған­нан бері Израильде SARS-CoV-2-ні жұқтырған 74 903 адам анықталған. 3 тамызда коронавирус инфекциясынан 10 адам көз жұмса, COVID-19-дың және оның салдарынан өршіген ауру­лардан 546 израильдіктің демі тоқ­таған.

Тек өткен тәулікте жаңадан 801 адам вирус жұқтырып, дәрігерлердің жіті қара­уындағы 24 600 пациенттің 333-нің жағдайы ауыр күйде көрінеді.

 

Топтаманы дайындаған

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»