Аймақтар • 11 Тамыз, 2020

Кәсіпкерлер көпшілікке көмек көрсетуде

253 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде елімізде дүниені дүрліктірген коронавирус індетімен кү­ре­судің тиімді тәсілдері қолға алынуда. Сонымен қатар, жер­гі­лік­ті ауруханаларға және жалпы халыққа тиісті деңгейде көмек көр­сетілуде.

Кәсіпкерлер көпшілікке көмек көрсетуде

Бұл ретте бірқатар жамбылдық кәсіпкерлер қауіпті індетпен күресте белсенділік танытып, көпшілікке қолдау білдірді. Мә­се­лен, «Қазфосфат» ЖШС бас ди­ректоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров осындай қиын кезеңде Жамбыл облыстық ауруханасына 16 оттегі концентратын және 2 көпфункционалдық төсек сатып алып берген. Жалпы, аталған кәсіпорын қауіпті індетті жеңу мақсатында 69,5 млн теңгеге қайырымдылық көмек көрсеткен.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, әулиеаталық әлеуметтің жайын ойлаған жергілікті жомарт жандар қауіпті індетпен күресте аянып қалған жоқ. Бірі өз есебінен оттегі концентратын, өкпені жасанды желдету аппараттарын алып берсе, енді бірі ауруханаларға дәрі-дәрмек жеткізіп, дәрігерлер мен науқастарға ыстық тамақ пен сусындар ұйымдастыруды қолға алды. Мәселен, «Алтыналмас» АҚ жалпы көлемі 42,5 млн теңгеге қайырымдылық көмек көрсетсе, «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС бұл мақсатқа 6,6 млн теңге бөліп, демеушілік жасаған. Сол сияқты, Тараз қа­ла­сындағы «Нұр Ислам» сауда ор­талығы респираторлар мен қа­­жетті медициналық мас­ка­лар сатып алып, өңірдегі ауру­ханаларға таратқан. Оның жал­пы көлемі 520 мың теңгені құ­рай­ды. Сонымен қатар Тараз қала­сын­дағы «Көкжиек-2030» ЖШС өз қа­ражатына 10 оттегі концентратын сатып алып, оның 5-еуін облыстық аурухана мен облыстық көпбейінді балалар ауруханасына таратқан. Ал қалған 5 оттегі концентратын Жуалы, Т.Рысқұлов, Жамбыл, Байзақ және Талас аудандарындағы ауруханаларға жіберген. Аталған серіктестіктің бас директоры Әбдіғали Бегім­бе­товтің айтуынша, олар әрбір оттегі концентратын 600 мың тең­ге­ден алыпты. «Көкжиек-2030» кә­сіпорны «Тараз» ӘКК ҰК АҚ-мен бірлесіп, бір пакеті 12500 теңге болатын 1 мың дәрі-дәрмек па­кетін дайындап, оны облыстың ауруханаларына таратқан. «Бұл індеттің көпшілікке оңай тимегені анық. Сондықтан да халыққа қиын болған соң, серіктестік атынан біз де өз көмегімізді бердік», дейді Ә.Бегімбетов. Сонымен қатар «Суперфарм» ЖШС мұқ­таж жандарға тегін тарату мақ­са­­тында түрлі қажетті дәрі-дәр­мек­тер салынған 700 пакетті Тараз­да­ғы емханаларға өткізген болса, «Тараз» ӘКК» ҰК» АҚ 150 па­кетті облыс орталығындағы ем­ха­наларға тапсырған. Аталған компанияның басқарма төрағасы Олжас Қаржауовтың айтуынша, олар облыс әкімі Бердібек Са­пар­баев­тың тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласында ор­наласқан «Зерде» компаниясынан қауіпті індетке қарсы және науқастардың дене қызуын түсіретін дәрі-дәрмектерді өз бағасымен сатып алып, өңірдің 7 ауданында орна­лас­қан дәріханаларға арзан бағада таратқан.

 Бүгінгі таңда облыста коро­на­вирус індетін жұқтырудың дерегі төмендеген. Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде ин­фек­циялық және провизорлық стационарлардағы емделушілер қажетті дәрілік препараттармен қам­тамасыз етілген. Нәтижесінде ауру­дан айыққандар саны артуда. Бұл ретте облыстық ден­сау­лық сақтау басқармасы бас­шы­сының міндетін атқарушы Хамит Мырзақасымовтың айтуынша, «СҚ-Фармация» ЖШС-мен бірлесе отырып, тиісті денсаулық сақтау нысандарына 7,6 млрд теңгенің дәрі-дәрмектері жеткізілген. Сондықтан да меди­ци­налық мекемелерде дәрі-дә­р­мектердің бір айлық қоры қалып­тасқан. Науқастардың ден­сау­лы­ғын қалпына келтіру үшін ауруханаларда 476 оттегі концентраторы, 167 өкпені жасанды желдету аппараты бар. Қазіргі кезде өкпені жасанды желдету аппаратының саны 30 пайызға, оттегі концентраторларының саны 70 пайызға артқан. «Дәрігерлер ауруханадан шыққаннан кейін де науқастардың жағдайын ба­қы­лауды жалғастыруда. Оларға бұл істе емханалар базасында құ­рылған мобильді топтар кө­мек­тесуде. Топ мүшелері шыға­рыл­ған емделушілердің жағ­да­йын тексеріп, қажетті көмектер көрсетеді», дейді Х.Мырзақасымов.

 

Жамбыл облысы