Экономика • 11 Тамыз, 2020

Жергілікті бюджеттердің меншікті кірістері 120%-ға орындалды — Е. Жамаубаев

262 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 айдағы мемлекеттік бюджетінің атқарылуы туралы баяндады. Бұл туралы Премьер-Министрдің Баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.

Жергілікті бюджеттердің меншікті кірістері 120%-ға орындалды — Е. Жамаубаев

Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 4 трлн 468 млрд теңге сомасында кіріс түсті немесе жоспар 94,7%-ға орындалды. Республикалық бюджетке 2 трлн 714 млрд теңге сомасында кіріс түсті немесе жоспар 83,3%-ға орындалды. Кірістер бойынша жоспардың атқарылмауы 544 млрд теңгені құрады.

Негізгі атқарылмау сомалары қосылған құн салығы және корпоративтік табыс салығына тиесілі болды. Корпоративтік табыс салығының атқарылмауына келесі факторлар әсер етті: негізгі экспорттық позициялар бойынша бағаның орта есеппен 16,1%-ға құлдырауы, бұл тау-кен секторындағы ірі салық төлеушілерден түсетін түсімдердің 120 млрд теңгеге азаюына әкеп соқтырды;

830 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының өткен жылдың 7 айымен салыстырғанда 184,3 млрд теңгеге төмендеуі; екінші деңгейлі банктерден түсетін түсімдердің 30 млрд теңгеге азаюы. Қосылған құн салығы бойынша жоспардың негізгі атқарылмау себептері: 2019 жылдан бастап едәуір ауыспалы дебеттік қалдықтың болуына байланысты өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда қосылған құн салығын қайтарудың 84,4%-ға немесе 218,3 млрд теңгеге өсуі;

"Электрондық шот-фактуралар" АЖ деректері бойынша сату айналымдарының 12,4%-ға азаюы. Негізгі төмендеу тау-кен өнеркәсібі саласына тиесілі, онда айналымдар 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 34,4%-ға немесе 3,5 трлн теңгеге төмендеген;

карантин режимі енгізілуіне байланысты іскерлік белсенділіктің төмендеуі шамамен 19,3 мың салық төлеуші төлемдерін 187 млрд теңгеге төмендетті; Қазақстан Республикасының үшінші елдермен тауар айналымы 9,1%-ға, оның ішінде маусым айында 23,6%-ға төмендеуі және Қытай Халық Республикасынан тауарлар импорттайтын көлік құралдарының саны 16,7%-ға төмендеуі.

Жергілікті бюджеттердің меншікті кірістері 120%-ға атқарылды және 1 трлн 754 млрд теңгені құрады. Жоспар 294 млрд теңгеге асыра орындалды. Оның ішінде салықтар бойынша — 277 млрд теңге. Барлық өңірлерде кірістер жоспарлары асыра орындалды. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,6%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары 99,1%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,5%-ға атқарылды. Республикалық бюджеттің шығыстары 8 трлн 136 млрд теңгені құрады. 74 млрд теңгеге атқарылмаған. Оның ішінде үнемдеу – 13 млрд теңге, игерілмегені – 61 млрд теңге.

"Игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдерді, шарттарды жасау рәсімдерін ұзақ өткізу, орындалған жұмыстар актілерін ұсынбау, карантиндік шектеулерге байланысты тауарларды жеткізбеу, нақты көрсетілген қызметтер көлеміне, орындалған жұмыс үшін төлеу", деді министр.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 4 трлн 172 млрд теңгені құрады. 62 млрд теңгеге атқарылмаған. Биыл өңірлерге сомасы 2,3 трлн теңгеге нысаналы трансферттер көзделген. Алдын ала деректер бойынша 1 тамызға оларға 1,1 трлн теңге бөлінді.

Оның ішінде 98,3%-ы игерілген. Атқарылмағаны – 19 млрд теңге. Оның ішінде үнемдеу – 4 млрд теңге, игерілмегені – 15 млрд теңге. Өткен 7 айда камералдық бақылаумен сомасы 7,5 трлн теңгеге 1 млн-нан аса мемлекеттік сатып алу рәсімі қамтылды. Тексеру қорытындылары бойынша сомасы 647 млрд теңгеге бұзушылықтар ескертілді. 933 аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен 543 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды.

Сомасы 168 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тауарлар жеткізілімін қалпына келтіру, қызметтер көрсету және жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есеп бойынша көрсету жолымен 161,5 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. Аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 834 ұсыным берілді. Оның ішінде 691-і атқарылды. 2016-2020 жылдарға арналған Жекешелендірудің кешенді жоспары 93%-ға орындалды. 2020 жылы 70 объектіні сату жоспарланып отыр. Оның ішінде 40-ғы сатылымға шығарылды.

Есепті кезеңде сомасы 88,4 млрд теңгеге 6 объект сатылды. Сауда-саттықта 34 объект тұр. 4 объект қайта ұйымдастыруға және таратуға бағытталған. 26 объект жыл соңына дейін сатылымға қойылатын болады.