Әлем • 11 Тамыз, 2020

Тбилисиде Абайдың өлеңдері грузин тілінде жарыққа шықты

1296 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Грузияның оқырмандары дана Абайдың шығармашылығымен танысып жатыр. Бұл туралы Қазақстанның Грузиядағы елшілігі әлеуметтік желіде жазды.

Тбилисиде Абайдың өлеңдері грузин тілінде жарыққа шықты

"Тбилисиде қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай атындағы көше ашылатын болды. Тбилиси қалалық жиналысының 2020 жылғы 24 шілдедегі №188 қаулысына сәйкес, Грузия астанасындағы көшеге қазақтың ұлы ақыны және ағартушысы Абайдың атын беру туралы шешім қабылданды. Көшенің салтанатты ашылуы жуырда ұйымдастырылатын болады.

Сонымен қатар, биылғы мерейтойлы жылы хәкім Абай алғаш рет грузин тілінде сөйледі. Елшіліктің қолдауымен Абай Құнанбайұлының өлеңдері тұңғыш рет грузин тіліне аударылып, өлеңдер жинағы Тбилисидегі "Мерани" баспасынан басылып шықты", -деп хабарлады Қазақстанның Грузиядағы елшілігі Facebook-тегі парақшасында.

Елшіліктің ақпаратына сүйенсек, дара Абайдың  өлеңдерін   грузиннің белгілі ақыны, Илья Чавчавадзе, Анна Каландадзе және Галактин Табидзе атындағы сыйлықтардың иегері, бірнеше өлең жинақтарының авторы, Грузия Жазушылар Одағының төрайымы Маквала Гонашвили аударыпты. Оған елшілік қызметкері Гүлмира Сұлтанали кеңесші болған.  

Сондай-ақ, Абай өлеңдері Грузияның әдеби журналдарында жариялана бастады.