Аймақтар • 11 Тамыз, 2020

Түркістан – жігерлі жеңімпаздар мекені

555 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Зымырап өтіп жатқан шіркін уақыт.  Кеше ғана, яғни 2018 жылғы 19 маусымдағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың №702 тарихи Жарлығымен Түркістан облысының құрылғанына және қасиетті қала Түркістанның өңір орталығына айналғанына да екі жылдан асыпты.

Түркістан – жігерлі жеңімпаздар мекені

Түркістан – бүкіл түріклердің текті төрі, киелі бесігі. Елбасымыз айтқандай «Түркістан – Қазақстанның рухани орталығы». Еліміздің рухани орталығын құру бағытында Елбасымыздың тапсырмасымен Үкімет тарапынан өңіріміз үшін өте маңызды бірқатар қаулы қабылданды. Соның ішінде, облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеевтің тікелей жетекшілігімен дайындалып, Үкімет тарапынан қолдау тапқан «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары туралы» қаулысы бүгінде кезең-кезеңімен іске асырылуда. Үкімет қаулысымен бекітілген осы кешенді жоспарда дене шынықтыру және спорт саласы да үлкен орын алып отыр. Бұл орайда, 2020-2024 жылдар аралығында облыс орталығы Түркістан қаласында Б.Саттарханов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернат-колледжінің ғимараты құрылысы, жоғары кешенді спорт шеберлігі мектебінің құрылысы, облыстық дәрігерлік дене шынықтыру диспансері ғимаратының құрылысы, Ә.Нұрмаханов атындағы облыстық олимпиада резервін дайындайтын мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешенін қайта құрумен қатар 320 орындық көрермендерге арналған қосымша ғимарат салу, Халықаралық теннис орталығы құрылысы, Орталық атшабар құрылысы, Кентау қаласында қысқы спорт түрлеріне арналған спорт кешені, Шардара су қоймасы аумағында желкенді спорт, байдарка және каноэде есуге бағытталған спорттық база құрылысы жүргізілетін болады.

Өңір басшысы Өмірзақ Естайұлының әрқашан да спорт саласы мамандарына, әсіресе спортшыларға деген қамқорлығы жоғары. Облыс әкімінің аймақтағы елдімекендерді аралау барысында, әсіресе шалғай ауылдарда жасалынып жатқан тіршіліктерімен танысу барысында жергілікті жердегі білім, мәдениет, денсаулық сақтау ошақтарымен қатар ауыл тұрғындарының дене шынықтыру мен спортқа бет бұруын әрқашанда басты назарда ұстап келеді.

Күннен күнге ажарланып келе жатқан облыс орталығында  спорт түрлерінен республикалық және халықаралық жарыстарды сондай-ақ, бұқаралық спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік беретін бірқатар спорт нысандары салынуда. 2019 жылдың желтоқсан айында Солтүстік Қазақстан облысы атынан олимпиада резервін дайындау орталығына арналған құны 1 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсап, заман талабына сай әмбебап спорт кешенін тарту етсе, бүгінгі күнде «Самұрық-Қазына» Ұлттық Әл-ауқат қоры тарапынан 7 мың орындық «Орталық стадион», Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан «Рetroleum Operafinq» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Бассейні бар спорт сарайы» құрылыстарын жүргізуде. Бұл екі спорт нысанын ағымдағы жылдың қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан биыл қала аумағында жалпы құны 515 млн. 121 мың теңге құрайтын 13 спорт нысанын (кіші футбол алаңдары  мен  теннис корттарын салу және абаттандыру жұмыстарын жүргізу) салу бойынша жұмыстары жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Осы уақыт аралығында облыс орталығында жаңадан бой көтерген «Отырар» мөлтекауданындағы көпқабатты үйлер арасында 9 ашық ойын алаңдары салынып, пайдалануға берілді.

«Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында қазіргі уақытта облыстың Созақ, Сайрам, Төлеби, Қазығұрт, Келес және Жетісай аудандарында жалпы құны 410 млн. теңге құрайтын 10 құрылыс жобасы іске асырылуда. Төлеби ауданы, Екпінді ауылы Алатау тауы қапталы 1200 метр биіктікте орналасқан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Бәйшешек» спорттық-сауықтыру кешенін ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 2019-2020 жылдарға ауыспалы кезеңмен облыстық бюджеттен   300 млн теңге қаржы қаралып, бүгінде жұмыстар жүргізілуде.

Халықты дене шынықтырумен шұғылдануға тарту және спорттық инфрақұрылымды кеңейту, бұқаралық спортты дамыту мақсатында облыста мемлекеттік - жекешілік әріптестік тетігі арқылы жалпы сомасы 9 млрд 600 млн теңге құрайтын барлығы 26 жоба (3 жоба мемлекеттің, 23 жоба жеке кәсіпкердің бастамасымен) іске асырылуда. Бұл жобаларда 161 жаттықтырушы-оқытушы спорт түрлері бойынша 7695 баламен күнделікті жұмыс жасауда. Жоба қатысушылары спорт түрлері бойынша өткізілген облыстық және республикалық деңгейдегі спорттық іс-шараларға қатысып, нәтижесінде 101 алтын, 113 күміс және 128 қола медальге қол жеткізіп отыр.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын орындауда «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жоба аясында ағымдағы жылы 3 спорт нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

«Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 23 сәуірдегі №242 қаулысын орындауда облыста бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында 2020 жылдың 6 айында облыс аумағында 1062 бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 139121 адам қатысты. Оның ішінде ауылды жерлерде 714 спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 97987 адам қамтылған.

Облыста мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да дене шынықтыру мен спортпен айналысу мүмкіндік жұмыстары жүргізіліп келеді. Ағымдағы мерзімде облыста 72419 азаматтар тіркеліп, оның ішінде тұрақты түрде шұғылданушылар саны 3564 адамды (тірек-қимыл зақымданған – 1253, есту қабілеті зақымданған – 856, көру қабілеті зақымданған – 1455) құрап отыр.

Бүгінгі таңда, ұлттық спорт түрлерін дамытуға көп көңіл бөлініп отыр. Статистикалық есеп қорытындысы бойынша 10 ұлттық спорт түрлері (қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, көкпар, аударыспақ, бәге, теңге ілу, саят, жекпе-жек және жамбы ату)  дамытылып, онда 72776 адам тұрақты шұғылдануда.

Облыста 2 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 58 жаттықтырушы-оқытушы 929 спортшылармен тұрақты жұмыс жасауда. Түркістан облысының құрамасы 2019 жылы Ақтөбе қаласында өткен ұлттық спорт түрлері республикалық фестивалінің командалық жеңімпазы болса, 2020 жылы 16-22 ақпан күндері Тараз қаласында тоғызқұмалақтан әйелдер арасында өткен Қазақстан Республикасы чемпионатында командалық 1 орын иегері.

2020 жылдың 6 айы бойынша облыста дене шынықтыру және спортпен тұрақты  түрде шұғылданушылар саны 629130 адамды құрап, облыстағы барлық жастағы халықтың спортпен қамтылуы 31,1 пайызды құрап отыр. Облыста 68 мемлекеттік меншіктегі (18  облыстық, 50  қалалық және аудандық) спорт мекемелері мен кәсіпорындары тіркеліп, онда спорттың  56 (28 олимпиадалық, 28 олимпиадалық емес) түрі дамытылуда. Облыстық спорт мекемелерінде 576 жаттықтырушы-оқытушы күнделікті 9092 спортшымен жұмыс жасаса, аудандық және қалалық спорт мекемелерінде 1426 жаттықтырушы-оқытушы күнделікті 40376 спортшымен жұмыс жүргізуде.

2020 жылдың 6 айында облыс спортшылары спорттың 56 түрі бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаттарына қатысып, 63 алтын, 57 күміс,  66 қола медаль жеңіп алды.

Облыста 5 кәсіби спорт клубта 33 жоғары санатты жаттықтырушылар 370 кәсіби спортшылармен жұмыс жасауда. Оның ішінде «Қыран», «Мақтарал» және «Арыс» футбол клубтары футболдан Қазақстан Республикасы чемпионатының  Бірінші Лига сапында өнер көрсетсе, «Темірлан» футбол клубы Екінші Лигада өнер көрсетеді.

«Тұран» спорт ойын түрлері клубының волейболдан ерлер командасы Қазақстан Республикасы жоғары Лига командалары арасында, баскетболдан әйелдер командасы, қол добынан әйелдер және ерлер командалары Қазақстан Республикасы ұлттық Лига командалары арасында өнер көрсетуде.

2020 жылдың 6 айында 1 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 21 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 47 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды.

2019 жылдың қорытындысымен 2020 жылы спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы ұлттық құрама командасының сапына жалпы барлығы 548 спортшы еніп отыр. Оның ішінде, жасөспірімдер – 282, жастар – 145 және ересектер – 121 спортшы.

2021 жылы Жапония елінің астанасы Токио қаласында өтетін жазғы
Олимпиада ойындарына қатысуға облыстан 21 үміткер спортшы анықталып, қазіргі уақытта олармен тиісті дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 3-11 наурыз күндері Иордания елінің астанасы Амман қаласында былғары қолғап шеберлері арасында өткен Азия континетінің лицензиялық турнирінде 52 кг. дейінгі салмақта Сайрам ауданының тумасы Сәкен Бибосынов 2021 жылы Токио қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға жолдама жеңіп алды.

2020 жылға бекітілген басқарманың жоспарына сәйкес, қазіргі елдегі карантиндік жағдайды ескере отырып, бірқатар бұқаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде, қазақ күресінен ересектер арасында қазақ даласының батыры, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының жүлдесіне арналған халықаралық турнирді Ордабасы ауданы әкімдігімен бірлесе аудан орталығы Темірлан ауылында, Келес ауданы әкімдігімен бірлесе облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесіне арналған жарысты Абай ауылында, Қазығұрт ауданы әкімдігімен бірлесе еркін күрестен Совет Одағының Батыры, генерал-майор Сабыр Рахымовтың жүлдесіне арналған халықаралық  жарыс Қазығұрт ауылында, бокстан жасөспірімдер арасында 2000 жылы Сиднейде өткен жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Бекзат Саттархановтың жүлдесіне арналған халықаралық жарыс, облыстық «Южный Казахстан» газетінің жүлдесіне арналған бұқаралық жүгіру Түркістан қаласында өткізіледі.

Киелі Түркістан өңірі – қасиетті аймақ. Мұнда сансыз баптар мекені Сайрам ауданы, ойшылдар елі Отырар ауданы, қаншама өнер және дарын иелері шыққан Созақ, Бәйдібек аудандары, тұғыры биік Төлеби ауданы, жер жәннаты Түлкібас ауданы, қасиетті Қаратау тәжісі Кентау қаласы, киелі Қазығұрт ауданы, саялы Сарыағаш пен сырлы Келес аудандары, ақ алтынның отаны Мақтарал өңірі, шағалалы Шардара ауданы, тоғыз жолдың торабы Арыс қаласы, күш атасы, қазақ даласының батыры Қажымұқан Мұңайтпасовтың мәңілікке орын алған жері қасиетті Ордабасы ауданы бар. Ал, облыс орталығы Түркістан қаласы туралы жан-жақты ақпаратты республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде 2020 жылдың 19 маусымында облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеев «Елбасы және түркілер төрі Түркістан» атты кең көлемді мақаласында жариялағанын баса айтқым келеді.

Осы мақаланың авторы ретінде қосарымыз, ҚазССР-і министрлер Кеңесі дене шынықтыру және спорт комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған, волейболдан қазақтан  шыққан тұңғыш  КСРО спорт шебері атағына ие болған, КСРО-ға еңбегі сіңген жаттықтырушы, даңқты волейболшы Октябрь Жарылғапов, бокстан КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, алты жылдай бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болған Әбдісалан Нұрмаханов, Кеңес дәуірінде ұзақ жылдар бойы Алматы қалалық жоғары кешенді шеберлер мектебін басқарған, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, грек-рим күресінен КСРО спорт шебері Хайыс Аққалиев және бокстан 2000 жылы Австралия елінің астанасы Сидней қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы, №1 «Барыс» орденінің иегері Бекзат Саттарханов осы қасиетті Түркістан топырағынан  шыққанын айтуды жөн санадым. Бүгінде бұл марқұм болған асыл азаматтардың ізін басып келе жатқан бірқтар орта және жас буын спорт саңлақтарын айтуымыз керек сияқты.

Мақтаралдық бокстан Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері, аса ауыр салмақтағы жазғы Олимпиада ойындары мен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мұқтархан Ділдәбеков, сайрамдық бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, КСРО және Еуропа чемпионы, бокстан Әлемнің 2 дүркін  «ҮЗДІК БАПКЕРІ» номинациясының иегері Мырзағали Айтжанов, бокстан Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шеберлері Әлем чемпиондары созақтық Біржан Жақыпов пен ордабасылық Қайрат Ералиев, төлебилік тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері, Әлемнің 9 дүркін жеңімпазы Әсел Дәлиева, төлебилік байдарка және каноэ есуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жастар арасындағы Әлемнің 5 дүркін жеңімпазы, Азия чемпионаты мен жазғы Азия ойындарының жеңімпазы Евгений Алексеев, көкпардан Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шеберлері, Әлем чемпионатының жеңімпаздары сайрамдық Бақтыбай Шырынқұлов, төлебилік Темірхан Айтбаев, сайрамдық Нұржігіт Мырзабаев, қазығұрттық Сейдулла Асланбек, жетісайлық Абылай Нысанбаев, аударыспақтан халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, Азия чемпионатының 3 дүркін жеңімпаздары төлебилік Сырым Избасаров, Біржан Қосалиев, жамбы атудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем чемпионатының 2 дүркін жеңімпазы төлебилік Ералхан Айкөз, шардаралық армреслингтен Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шеберлері, әуесқойлар арасындағы Әлемнің 4 дүркін, кәсіпқойлар арасында Әлем чемпионы Қадырғали Оңғарбаев, жастар арасында Әлемнің 5 дүркін, ересектер арасында Әлемнің 4 дүркін жеңімпазы Айдархан Нұрдәулет сынды азаматтар алдағы уақыттарда өтетін әлемдік деңгейдегі байрақты жарыстарда еліміздің көкбайрағын көкке көтеріп, қасиетті Түркістанымызды түлетуге өз септігін қосады деген сенімдеміз.

Айтмұхаметәлі БЕРДАШЕВ,

Түркістан облысы дене шынықтыру

және спорт басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы.