Қазақстан • 12 Тамыз, 2020

Карантин жеңілдетілген жағдайда мешіттер қалай жұмыс істейді?

197 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

12 тамызда Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен кездесті. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі хабарлады, - деп жазады Egemen.kz

Карантин жеңілдетілген жағдайда мешіттер қалай жұмыс істейді?

Кездесуде карантиннің жеңілдеуі жағдайында діни ғимараттардың жұмыс істеу мәселелері талқыланды. Бас мүфти мешіттер ашылған жағдайда діни ғимараттағы қызмет санитарлық нормаларды сақтай отырып жүргізілетінін мәлімдеді. Өз кезегінде вице-министр ҚМДБ-ның мешіттерде коронавирустық індет таралуының алдын алу бойынша бірыңғай іс-қимыл тәртібін әзірлеудің орындылығын жеткізді. 

Марат Әзілханов мемлекет пен діни бірлестіктердің, әсіресе пандемия сияқты жаһандық сын-қатерлер жағдайында одан әрі ынтымақтастығы қажеттігін атап өтті. Вице-министр ҚМДБ төрағасына діндар азаматтардың мәжбүрлі карантиндік шараларға түсіністікпен қарағаны және олардың арасында санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтаудың маңыздылығын түсіндіруде мемлекетке көмектескені үшін алғыс айтты.

Өз тарапынан Бас мүфти вице-министрге биылғы 31 шілде мен 2 тамыз аралығында өткен Құрбан айт мерекесі кезінде Министрлікпен көрсетілген қолдауға өзінің алғысын білдірді.

Министрліктің көмегімен Діни басқарманың "Qurban2020.muftyat.kz" арнайы сайты іске қосылды. Соның арқасында азаматтар қашықтықтан қайырымдылық жасай алғанын назарға саламыз. Жалпы, Қазақстан бойынша мереке кезінде 80 мыңнан астам мұқтаж адам құрбандық етін алды.

Сондай-ақ, тараптар деструктивті діни ағымдардың ықпалына түскен азаматтар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу мәселелерін талқылады.