"Карантин шаралары жағдайды тұрақтандыруға және науқастар санын азайтуға мүмкіндік берді. Бірақ карантин біртіндеп алынғаннан кейін босаңсуға болмайды, өйткені вирус ешқайда кеткен жоқ. Алда күз – ЖРВИ маусымы. Дәрігерлер мен медицина мекемелеріне ауыртпалық түседі. Сондықтан жаппай вирус жұқтырудың алдын алу үшін қатаң санитария нормаларын сақтау қажет. Бірінші кезекте кәсіпкерлік нысандары. Кіре берісте антисептик, дезинфекция құралдары болуы, сатушылар бетперде мен қолғап кию керек. Ғимарат ішінде бір уақытта адамдардың көп болуын шектеп, әлеуметтік қашықтықты сақтау қажет. Әлеуметтік қашықтық белгілері орнатылып, міндетті түрде бетперде тағу туралы ескертпелер жасалуы керек", деді елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Макен.
Сонымен қатар бизнес нысандарының иелері желдету жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, қызметкерлерге санитария нормаларын сақтаудың маңызы туралы нұсқау беруі керек. Санитарлық дәрігердің бұйрығына сәйкес кәсіпорындардың басшылары жұмысшылардың денсаулығына жауапты.