10 Сәуір, 2010

ЖҮРЕТІН ЖОЛЫМЫЗ ҰЗАҚ

562 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде Қазақстанның болашақ тағдыры бейнебір қыл көпірдің үстінде тұрғандай болғанына ешкім шек келтіре қоймас. Ел тұрғындары ұлттық құрамының әртекті болуы талай сарапшылар мен саясатшы­лар тұрғысынан Қазақстанды бо­лашақ жанжалдар мен қақтығыс­тардың ортасына айналады деуіне себеп болғандай. Республика бас­шысы осының бәрін ескеріп, ұлт саясатын­да көрегендік пен пара­саттылық, қазақы ұғыммен қара­ғанда ала қойды бөле қырықпауды талап етті. Алдымен экономика, содан кейін саясат деген қағида берік ұста­лып, аз уақыттың ішінде жас мем­лекеттің басшысы тарапынан елдің еңсесі тіктеліп кетуі үшін қажетті алғы- шарт­тардың бәрі жасалып үлгерді. Қа­зақстандағы өрелі өзгерістерге көрші елдердің бірқатары қызыға қараса, екінші біреулері қызғана қарады. Көре­алмастықтың жетегінде кеткендер де жетерлік. Қысқасы, қа­зақ топы­рағында өркениетке бағыт ұс­таған жаңа мемлекет құрылды. Оның бә­рін осы тарихи істің басы-қа­сында болған Нұрсұлтан Назар­баев­тың есімімен тығыз байланыс­тыра аламыз. Мемлекет құру ісі – үздіксіз үдеріс. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Осы қисынға сүйенсек, елдің Тұңғыш Президенті өзі іргесін қалаған мемлекет пен мемлекеттілікті одан әрі нығайтуда әлі де көп іс тындыра алатынына ешқандай күмән жоқ. Қазақстан мемлекетінің басшы­сы экономиканы көтерумен қатар ха­лық­аралық қарым-қатынастарға да те­рең мән береді. Сөз жоқ, бұл өте қажет мәселе. Бүгінгі қазақ­стандық даму жағдайында көп век­тор­лы сая­сат ұстанудың артық­шы­лығы мол. Бұлай істеу кез кел­ген мемлекет бас­шысының қолы­нан келе бермейді. Осындай көп векторлы саясат біздің Пре­зидентке тән екенін тағы бір қай­талап айту­дың артықшылығы жоқ. Қалай десек те, сыртқы саясат жүргізу мәселелерінде Қазақстанды алып империялық державалар – Ресеймен, АҚШ-пен немесе Қы­тай­мен бір қатарға қоя алмаймыз. Бұлардың қай-қайсысы да күшті, мықты елдер. Мұндай елдерде саясат жүргізу мәселесі де аса бір қиынға түсе қоймайды. Ал Елба­сымыз ұсынып отырған бүгінгі қазақстандық саясаттың басты мәні мен артықшылығы стратегиялық іс-жоспарларға басымдық берілуінде. Бүгінгі Қазақстан тарихында жаңа саяси жаңару кезеңі басталды. Бұл халықтың көңіліне сенім, көкірегіне қуаныш ұялатып отыр. Халықтың өзі сайлаған партия өкілдері арқылы ел билігіне арала­суының қазақстандық тәжірибесі орнықты. Бұған жаңа үлгі­дегі Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлаулары дәлел. Бұл сайлаушының өз еркін білдіру­дегі саяси белсенділігінің көрінісі. Демек, халық өзінің ертеңіне се­німді деген сөз. Осындай демо­кратиялық үрдіс­терді орнықтыра білген елдің Тұңғыш Президентінің қадамдары қандай құрметке де лайықты. Халқымызда ежелден келе жатқан “Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы” деген қастерлі ұғымдар бар. Бұл халқы­ның бостандығы мен тәуелсіздігі жолында жан алып, жан беріскен бабалардың күрес жолы. Ешқашан ескірмейтін осы ұғымға бүгінде “Нұрсұлтанның нұрлы жолы” келіп қосылды. Бұл елінің егемендігін сақтаған, халқын бақытты бола­шақ­қа бастаған Елбасының жасам­паз да жарқын жолы. Осы жолдың ұзақ та баянды болғанын қалаймыз. Бақытбек ЕРҒАЛИЕВ, Батыс Қазақстан облыстық әділет департаментінің директоры.