Аймақтар • 12 Тамыз, 2020

Аспан асты музейі айғайға жол бермесін

521 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Петропавлдағы Потанин көшесінің бойына орыс архитектурасының стилінде диірмен (бұл жалғыз орыста ғана емес), құдық, матрешка және аюлар салынады деген сөздер ұлтжанды азаматтардың бәрінің намысына тиіп, «облыс әкімі Құмар Ақсақалов орнынан кетсін» деген секілді айғай-сүреңдер әлеуметтік желілерде қаптап кетті. Осыған байланысты өзіміздің ойымызды айтуға бел будық.

Аспан асты музейі айғайға жол бермесін

Петропавлдың ақпарат кеңістігінде «Петропавловск ньюс» деген ақпараттық портал бар. Баспасөз еркіндігіне сүйенген бұл портал көбінесе жалпы қазақстандық емес, орыстық мүддені қолдап жүретіні көрініп тұрады. Тіпті атауларын да ескі славян азбукасынан алыпты. Міне, осы портал жуырда былай деп қуана жазды: «Воссоздать уголок в старинном русском стиле предложил этой весной аким Северо-Казахстанской области Кумар Аксакалов. По задумке авторов проекта, вдоль улицы установят различные малые архитектурные формы в русском стиле: мельницу, колодец с журавлём, медведей и несколько матрёшек. Остановки и фонари оформят под старину, используя декоративные элементы».

Әкімнің сөздері туристік индустрияны дамытуға септігі тиетін болғандықтан қаланың ескі көрінісін қалпына келтіреміз деген ниеттен туған. Алайда мұны аталмыш портал іліп әкетіп, «музей под открытым небом оформляют Подгорой, на улице Потанина, откуда началась история города Петропавловска. На этой улице расположены дома, построенные ещё в начале 20 века», деп әрлендірген. Сөйтіп, Петропавлды тек орыстың қаласы деп көрсетуді жандандыра түскен. Оның үстіне Потанин көшесі қаланың Солтүстік қақпасының кіреберісінде, сонда мұнда кірген адамның бәрі «орыс қаласына кірдік» деп біледі деген жымысқы ой меңзеген.

Осы идеяны іске  асыруды Асылбек Бағанов деген басқаратын «Shatyr Group KZ» ЖШС қолға алыпты. Ол аталмыш порталға және басқа да орыстілдес басылымдарға сұхбат беріп,  өзінің орыс стиліндегі архитектураны тамаша қылып жасайтынын мәз болып жеткізген. Егер ұлттық ұстанымы, рухы бар адам болса керісінше қазақы стильді жаңғыртқанына мақтанар еді, ал мынау басқа ұлтқа қызмет еткеніне мәз көрінді...

Қазір осы жұмыстар басталып та кеткен. Көшені абаттандыру қаражаты ғана жергілікті бюджеттен бөлінді, қалған шығынның бәрін демеушілер төлейді десті бізге қалалық әкімдіктегілер. Кешегі жаман індет жалындап тұрғанда қысылып жатқан жерлестерімізге аппараттар алуға негізінен аудандарда тұратын қалталы азаматтар көмектесіп еді. Қалалықтардың көбі бұғып қалған. Ал мына жағдайға демеушілердің оңай табылғанына таң қалып, қойдық...

Рас, Қазақстан аумағында орыс тұрғындар салған құрылыстар көп. Ол тіпті біздің оңтүстік қалаларда да бар. Бірақ солардың бірде-бірінде «орыс стилін» қалпына келтіреміз деген ұсыныстар болған жоқ. Тек Петропавлда осындай идеяны ұсынудың артында зіл батпан салмақ жатқанын әркім, әсіресе әкім-қаралар ойлануы керек-ті. 

Бұл қала қазақша атауын ала алмай тұрғандығының өзі қазақ азаматтарының намысына тиіп жүреді. Тәуелсіз ел бола тұрып еліміздің солтүстік қақпасын әлі күнге басқалардың берген атымен атауымыз намысқа тимей қоймайды. Осындайда қалада орыс стилін жаңғыртамыз деген ұсыныстың өзі саяси қателік емес пе? Керісінше, қазақы архитектураны көрсетеміз, Ортазиялық сәулет өнері стильдердерін енгіземіз десе туризмнің тартымдылығы арта түспес пе еді? Орыс стилін іздегендер болса – алдымен Ресейден-ақ табады ғой.

Г.Потаниннің өзі қазақ халқының үлкен жанашыры болған, Шоқан Уәлихановтың досы.  Оның аты берілген көшенің бойына орыс стилі емес қазақ пен орыс достығының символдары тұрса қатып кетпес пе еді?

Осындай пікірлер есту үшін қаланың жанашыр, көзі қарақты азаматтарынан қоғамдық кеңес құрып, олардың ұсыныстарын біліп отырғанның артығы болмас еді. Бізде ондай кеңес бар да екен, бірақ құрамындағылардың дені өзге ұлт өкілдері, ал қазақтар арасында батыл ұсыныс айтатындар кемшін, көбісі бұрынғы бұқпантайлықты күйттейтіндер көрінеді...

Қазір солақай шешімдер тоқтатылды. Бірақ осындайдан барлық әкімдер сабақ алуы керек. Олар да пайғамбар емес, білетіндері бір тоғыз болса, білмейтіндері тоқсан тоғыз. Сондықтан облыс әкімі Құмар Ақсақаловты да жерден алып-жерге салу артықтау. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» демекші оның істеп жатқан пайдалы, дұрыс істерін жоққа шығарып, есімін бір жақты қарақтауға болмайды. Бір адамды кінәлап сонша шүйілу – баяғы репрессия жылдарын еске салады екен. Тіпті сынағың келсе де ақылға салып, ойыңды білдіру керек қой. Бір жақты «кетсін», «жойылсын» деген қазіргі заманның сөзі емес. 

Солтүстік Қазақстан облысы