Таным • 13 Тамыз, 2020

Шаштан шахмат тасын жонады

792 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Балқаш қаласында тұратын Николай Савидовтың қолынан келмейтіні жоқ. Он саусағынан өнер тамған ол иненің көзіне микроскопиялық мүсіндерді сыйдырады, адам шашынан шахмат тастарының мүсінін жонады және тауық жұмыртқасының сыртына тағаларды қағады.

Шаштан шахмат тасын жонады

Николай мұндай өнерге бала ке­зінен қызығушылық танытыпты. Та­лап­ты жас бәрін де өздігінен үйрен­ген.

– Басында мен кішкентай тағалар жасай бастадым. Бірте-бірте оларды кішірейте бердім – екі миллиметр, бір... Әрине, маған арнайы құрал-жаб­дық керек болды, ол кезде түгім де жоқ еді. Тіпті, оқып алатын арнайы кітап та болмады. Барлығын қателесе жү­ріп өз тәжірибем арқылы үйренуге тура келді, – деп сыр ақтарады шебер.

1

Николай кіп-кішкентай тағаларды істеуді үйренгеннен кейін, жылқы қы­лы мен адамның бір тал шашына жазу жазумен шұғылданған.

– Түрлі тілдерде – қазақ, орыс жә­не ағылшын тілдерінде мақал-мә­тел жаза бастадым. Кітапханадан кі­тап­тар алып, нақыл сөздер тердім. Мұ­ның барлығы жаңа жабдықтарды, бояуыш­тарды талап етті. Бәрін де өзім­­нің істеуіме тура келді, сондай-ақ қолда қандай материал бар, соларды пай­даландым, – дейді ол.

1

Николай бір композицияны жасау үшін айлар бойы еңбек ететін көрінеді. Жұмыс барысында ол 150-250 есе ұл­ғайтатын микроскопты пайдаланады. Соның арқасында шебер микроскопиялық абстрактілі мүсіндерді жасайды және оларды ине көзіне немесе көкнәр дәндеріне орналастырады. Айта кететін бір жайт, Николай Савидов отыз жылдан астам шығармашылық қыз­метінде өнердегі жаңа бағыт – микро­абстракционизмді патенттеп алған.

Шебердің қолынан шыққан таңдай қақтырарлық дүниелер Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мұражайында, Мәскеудің Останкиносындағы «Ға­жайып алаң» бағдарламасының мұражайында, сонымен қатар Ресей мен Украинаның, еліміздің басқа да музейлерінде сақтаулы тұр.

1

 

Қарағанды облысы,

Балқаш қаласы