Аймақтар • 13 Тамыз, 2020

Көкшетауда жел электр станциясы іске қосылды

797 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығының іргесіндегі Краснояр елді мекенінің маңында орналасқан станцияда электр қуатын өндіретін бес қондырғы жұмыс істеп тұр. Осындай қондырғының жетеуі Балтық жағалауындағы елдерден жеткізілді, - деп хабарлайды Egemen.kz

Көкшетауда жел электр станциясы іске қосылды

Жел электр станциясы даттық технология бойынша салынған. Қуаты 3760 Квт. Қарапайым тілмен айтқанда, 1500 үйді электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етуге қауметі толық жетеді. Егер жыл соңына дейін тағы да жеті қондырғы ісе қосылса, станцияныңқуаты еселене артпақ.

Рас, бүгін елімізде электр қуатының тапшылығы жоқ. Сонда жел электр станциясы несімен құнды деген сауал өз-өзінен туындайды емес пе? Бұл тараптағы тамаша табыс – табиғи қуат көзін пайдалану.

–Баламалы қуат көзін пайдалану ең алдымен ешкімге тәуелді болмаймыз деген ұғымды білдіреді,–дейді инженер Санат Бибеков,–бүгінгі таңда елімізде мұндай қуат көзі өте аз өндіріледі. Жалпы көлемнің 10 проценті деңгейінде. Алдағы уақытта бұл көлемді кемінде 40 процентке жеткізсек, біршама табысқа кенелер едік. Красноярда жел электр станциясын орнату арқылы өңірде энергия тапшылығын біртіндеп жою бағытында тың бастама жасадық. Жыл соңына дейін станция қуатын екі есе арттырып, үш мың үйді баламалы қуат көзімен қамтитын боламыз.

Жақсы жаңалыққа ауыл тұрғындары да елең ете қалған. Бұл орайда бізге белгілі болып отырған жайт электр энергиясының бағасы төмендей қоймайды екен.

–Өйткені, жел қуатынан өндірілген энергия ортақ желіге түседі. Анығында электр энергиясы осы уақытқа дейін жеткіліксіз болып келді. Бұл қадам тек сол олқылықтың орнын толтырады. Ал, тариф бағасын төмендетуге қатысты әңгіме мүлде жоқ,–дейді селолық округ әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Қайрат Жүсіпбеков.

Оған себеп жоба жекеменшік инвестиция есебінен жүзеге асырылуында. Бес қондырғының құны 1 миллиард 200 миллион теңге шамасында. Кейін қосылуы көзделген жеті қондырғы 1,5 миллиард теңге тұрады. Бәлкім, салынған қаражат қайтарым бергеннен кейін қайыры халыққа тиетін шығар.  

 

Ақмола облысы