Руханият • 13 Тамыз, 2020

Ескі Түркістан қаласынан тарихи нысандар табылды

805 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағынан табылған маңызды тарихи нысандар археологтардың назарын өзіне аударды, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Ескі Түркістан қаласынан тарихи нысандар табылды

"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты​ Ескі Түркістан қаласының көне шахристан және ортағасырлық магистралды көше бойынан табылған тарихи нысандар тек Қазақстан үшін ғана емес әлемдік тұрғыда археологиялық қызығушылық​ тудыратын сенсациялық жаңалық болып отыр.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстік бөлігінде орналасқан Ескі Түркістан қаласының көне шахристанынан табылған көптеген құнды деректер беретін керуен сарай, монша, керамикалық цех, мектеп орындары XVIII-XIX ғасырларға тән, өзіндік ерекше маңызы бар сирек кездесетін орындар.

Тәкия қақпасының жанынан табылған үлкен Керуен сарайының қабырғаларындағы құжаттар мен бағалы заттар сақтайтын арнайы қуыстар ерекше назар аудартады.

Керуен сарайының қабылдау бөлмесі, ауласы, қоймалары, керуеншілер тұратын бөлмелері, намазханасы, "мүричә" деп аталатын бір бөлмелі моншасы бар.

"Ескі Түркістан қаласының көне шахристаны​ XIX ғасырдың 1843-49 жылдары Қоқан иелігі кезінде сыртынан қоршалған Тәкия қақпасын көріп тұрсыздар. Тәкия қақпасының түбінде қаланың Керуен сарайы орналасқан. Төрт қақпаның барлығының түбінде керуен сарайы болған. Сонымен бірге моншасы, кішігірім мүричә деген моншасы болған. Қазбадан табылған олжаны «Тәкия Керуен сарайы» деп атадық. Бұл жерде негізгі есігі арқылы қабылдау бөлмесіне кіретін болған. Қабырғаларында арнайы қуыстары көп, яғни мұнда келушілердің қымбат заттары сақталған. Қарама-қарсы бұрышта осы Керуен сарай басшысының кеңсесі орналасқан. Ал, ортадағы алаңға көше арқылы керуен келген. Ал, батыс бетіне түгел қойма салынған. Бұл қоймаға жүктерін түсіріп, сақтап отырған. Керуен сарайдың көпшілігі екі қабатты, оның екінші қабаты «Балахана», яғни жоғарыдағы бөлме деп аталып керуеншілер дамылдаса, бірінші қабаты міндетті түрде қоймаға арналған. Көлемі 35-40 метрдей болатын бұл құрылысты биылғы табылған үлкен жаңалықтың бірі деуге болады",- дейді, археолог Марат Тұяқбаев.

Марат Қымызұлының айтуынша, Тәкия қақпасына жақын жерден ашылған үлкен мектептің құрылысы да ерекше назар аударатын жаңалықтардың бірегейі. Бұл Түркістанда табылған алғашқы мектеп екендігімен ерекше және құнды жаңалық.