Аймақтар • 13 Тамыз, 2020

Шымкентте мобильді топ карантин кезінде 294 заң бұзушылық жайтты анықтаған

381 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Шымкенттің ақпараттық-коммуникациялық орталығында қалалық Полиция департаментінің бастығы, полиция-генерал майоры Ералы Жұмаханбетовтің қатысуымен брифинг өтті. Баспасөз мәжілісінде қаладағы карантин талаптарының сақталуы және құқық бұзу фактілерінің алдын алу бойынша сөз қозғалды, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Шымкентте мобильді топ карантин кезінде 294 заң бұзушылық жайтты анықтаған
"Шымкент қаласында карантиндік талаптардың сақталуына арнайы мониторинг жасап жатқан мобильді топ заң бұзушылық 294 жайтты анықтады. Атап айтсақ, ресторан, кафе, клуб, компьютерлік ойынханалар мен букмекерлік кеңселер бойынша 78, шаштараз, массаж, монша, сауна, әсімдік салондар бойынша 19, сауда үйлері, базар, дүкендер бойынша 123 және басқа да қоғамдық жерлерде (саябақ, аллея) 74-ті құрап отыр. Аталған мекеме қызметкерлері бетперделік режім мен адамдар арасында кемінде 2 метр әлеуметтік арақашықтық және бекітілген жұмыс уақытын сақтамауда. Бұдан бөлек 139 құқық бұзушылық қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде, онымен қоса 45 жеке тұлға көпшілік орында бетпердесіз жүргені анықталды. Бұл заң бұзушылық жөніндегі іс-құжаттар Шымкент қаласы аумақтық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолданды", – деді Е.Жұмаханбетов. 
 
Ералы Мұсаәліұлының айтуынша, қалада карантин талаптарын сақтамаған тұлғаларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 425-бабы (халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) 1-бөлімімен 238 хаттама толтырылып, бүгінге дейін 13 миллион 85 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.
       
Брифинг соңында Полиция департаментінің басшысы Шымкент қаласының тұрғындарына санитарлық нормаларды сақтап, індетке қарсы бірге күресуге шақырды.