Экономика • 13 Тамыз, 2020

Қазақстанда алғаш рет жасыл облигациялар листингтелді

424 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Астана» халықаралық қаржы орталығының Astana International Exchange (АIX) биржасында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ жаңартылатын энергия көздеріне инвестициялау тәуекелдерін төмендету жөнінде БҰҰДБ-мен жасалған келісімнің шеңберінде 200 млн теңге сомасының «жасыл» купондық облигацияларын шығарды. Құнды қағаздар 3 жыл айналымда болмақ. Купондық мөлшерлеме – 11,75%. Бұл орналастыру биржаның «жасыл» қағидаттарына сәйкес келетін бағалы қағаздардың алғашқы листингі және жалпы алғанда Қазақстандағы алғашқы «жасыл» облигациялар листингі болды.

Қазақстанда алғаш рет жасыл облигациялар листингтелді

АХҚО Жасыл қаржы орталығы жобаға толық сүйемелдеу көрсетті және эмитенттің «жасыл» облигациялар саласындағы саясатының АІХ-тің «жасыл» облигациялар жөніндегі саясаты мен ICMA-ның (Капитал нарықтарының халықаралық қауымдастығы) «жасыл» облигациялар қағидаттарына сәйкестігін бағалауға негізделген екінші тараптың қорытындысы нысанындағы сыртқы шолуды ұсынды.

Қордың тартқан қаражаты Дамудың «жасыл» облигациялар саласындағы саясатының шеңберінде ЖЭК бойынша шағын ауқымды инвестициялық жобаларды іске асыратын кәсіпкерлік субъектілерін одан әрі кредиттеу мақсатында екінші деңгейдегі банктерде және микроқаржылық ұйымдарда орналастырылатын болады. Жоғарыда аталған келісімнің шеңберінде «Даму» қорының купондық мөлшерлемесінің қоса санаған 12% көлеміндегі бір бөлігін БҰҰДБ субсидиялайды. Жоғарыда көрсетілген келісімнің шеңберінде купондық мөлшерлеменің бір бөлігі БҰҰДБ тарапынан субсидияланатын болады. Бұдан басқа, БҰҰДБ сонымен қатар инвестициялық жобаларды іріктеуде техникалық қолдау көрсетеді.  «Даму» қорының «жасыл» облигацияларын АІХ-те шығару және орналастыру бойынша лид-менеджер «BCC Invest» АҚ болып табылады.

«Жасыл облигациялар бойынша біздің алғашқы эмитентімізді қошеметтеуге қуаныштымыз. «Даму» қорының біздің «жасыл» қағидаттарымызға сәйкес келетін бағалы қағаздарының листингі «жасыл» экономиканы дамытуға қаражат тартатын басқа да ұйымдар үшін үлгі болады деп сенеміз», - деді АІХ басқармасының төрағасы Тим Беннетт.

«АІХ-тегі «жасыл» облигациялар листингі «Даму» қоры үшін «жасыл» қаржыландыру және микро-, -шағын-, орта жеке бизнесті қолдау стратегиясын іске асырудағы маңызды қадам болды. Бұл шығарылым жаңартылатын энергия көздері мен энергия тиімділігі саласындағы жобаларды дамытуға және қаржыландыруға ынталандыратын болады деп сенеміз. «Жасыл» қаржыландыруға сұраныс артқан жағдайда, «Даму» қоры осындай жобаларға инвестициялауға арналған «жасыл» облигацияларды қосымша шығару мүмкіндігін қарастыруға әзір», - деді «Даму» қоры басқармасының төрағасы Гаухар Бөрібаева.

Аталған шараның елдегі жасыл қаржы саласына қалай әсер ететінін және осы листингі туралы тереңірек білу үшін АХҚО Жасыл қаржы орталығының бас директоры Әсел Нұрахметовамен сөйлескен едік. 

- Облигацияларынан түскен қаражатты қор қайда жұмсайды?

- Бірінші кезекте жасыл облигациялардың отандық биржаға листингтелуі елімізде алғаш рет болып отырғанын айта кету керек. Тартылған қаражат жаңартылмалы қуат көздері саласындағы толыққанды инвестициялық жобалармен айналысатын кәсіпкерлерді несиелеу үшін коммерциялық банктер мен шағын несие ұйымдарына салынады. «Даму» қорының купондық мөлшерлемесінің 12 пайыздық бір бөлігі БҰҰ Даму Бағдарламасы тарапынан субсидияланады. Сонымен қатар БҰҰ ДБ «Даму» қорына инвестициялық жобаларды іріктеуде техникалық көмек көрсетеді. Осылайша, аталған листингтің арқасында жасыл жобалармен айналысатын жеке бизнестің дамуына жаңаша серпін беріледі. 

- Жалпы, Жасыл қаржы орталығы қандай қызмет немесе көмек көрсетеді?

- АХҚО жанындағы Жасыл қаржы орталығы – әлеуетті эмитенттер, инвесторлар мен нарық қатысушылары үшін халыққа қызмет көрсету орталығы секілді мекеме. Орталық компаниялардың АХҚО биржасына жасыл облигациялар шығаруына көмектеседі. Айта кетерлігі, орталық жасыл облигациялардың сыртқы шолуына байланысты эмитенттердің шығынын өтейді. Ал орталықтың жалпы негізгі міндеттері – жасыл қаржыны дамыту бойынша стратегиялық мәселелерде кеңес беру және Орталық Азия мен Шығыс Еуропадағы жасыл қаржының өңірлік хабы ретінде АХҚО-ны ілгерілету.

- Қазіргі таңда Қазақстанда жасыл қаржыландырудың көлемі қандай? Жасыл қаржыны дамытуда екінші деңгейлі банктер мен Ұлттық банк қандай рөл ойнайды?

- Қазіргі таңда Қазақстандағы банк секторы жасыл экономиканы дамытуда белсенді дей алмаймыз. Негізінен банктік несиелендіру аясындағы жасыл жобалар пайыздық үстемені субсидиялау есебінен қаржыландырылады. ЕҚҚДБ-ның «Жасыл қалалар» жобасы аясында Шымкент, Шығыс-Қазақстан облыстарының әкімдіктеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік және энергетикалық секторларға алдыңға қатарлы жасыл технологияларды енгізу жобаларын іске асыруға қаржылық және техникалық көмек көрсетілуде. Жалпы, 2013 жылдан бері ЕҚҚДБ-ның Қазақстандағы жаңартылмалы қуат көздерін қаржыландыру көлемі миллиард долларға жетті.

2017 жылы Қазақстан Даму банкі Шығыс-Қазақстан облысындағы Тұрғысын гидроэлектростанциясының құрылысына 5 млрд теңге қарыз бөлді. Қазақстанда жаңартылмалы қуат көздерін қаржыландыруға Қазақстан Даму банкі бүгінге дейін 65 млрд теңге жұмсады. «Бәйтерек» холдингі жекелеген несиелендіру және қолдау бағдарламалары арқылы жасыл экономиканы қолдайды. Бұл жасалып жатқан жұмыстардың бір бөлігі ғана.

- Әлемдегі жасыл қаржы туралы айтар болсақ, бұл бағыт қаншалықты дамып жатыр және облигациялар арқылы қаржыландыру көлемі қандай?

- Жасыл облигациялар нарығы 2007 жылы басталды. Оған себеп болған Еуропалық инвестициялық банк пен Дүниежүзілік банк. Ал облигациялар нарығының кеңінен тарауы 2013 жылдың наурыз айында Халықаралық қаржы корпорациясының алғаш рет жасыл облигация шығарғанынан кейін бір сағаттың ішінде 1 млрд доллардың облигациясының сатылып кетілгенінен басталды деуге болады. 2018 жылы жасыл облигациялардың шығарылымы 167,6 млрд долларға жетті. 2019 жылы көрсеткіш 257,5 млрд долларды құрады. 2020 жылы жасыл облигациялардың жалпы нарық көлемі 1 трлн долларға жетеді деген болжам бар.

- Қазақстанның жасыл трансформациясын жеделдету үшін не істеу қажет?

- Жалпы, қаржылық қолдау тетіктері секторлар мен құралдарды қамту бойынша барынша институционалды және кешенді болуы керек. Орта мерзімді болашақта АХҚО-ның мақсаттырының бірі банктердің жасыл облигация шығыруына ықпал ету. Мысалы, 2015 жылы Қытай мемлекеттік банкінің жасыл облигациялар ережелерін енгізгенінен кейін және Қытай үкіметінің жасыл қаржы жүйесін құру туралы шешімінен кейін қытай банктері жасыл облигацияларын көптеп шығара бастады. Қазір әлемдегі жасыл облигациялардың 50 пайызы Қытай банктеріне тиесілі және жасыл облигацияның эмитент-банктерінің 40 пайызы Қытай банктері.  Осы саясатты енгізгенге дейін Қытайда жасыл облигация саласында даму банктері негізгі рөл ойнаған. Қазақстандық банктер де жасыл облигация нарығы мен жасыл несиелендіруді дамытуды топтастыруда осындай маңызды рөл ойнай алар еді.