Коллажды жасаған Амангелді Қияс, EQ
Қазақ Республикасының туын тігуге пұрсат арнайы Декретпен большевизм биігінен берілген. Тиісінше бұл мемлекеттік бірлік жоғарыдан көзделгендей, таптық негізде құрылды. Күштінің құқымен өмір сүруін тоқтатуға мәжбүр болған Алаш автономиясының қайраткерлері осы таптық мемлекеттік бірлікке қызмет етті. Неоимперия билігінің рұқсатымен құрылып жатқан республика ауқымында аңсаған елдік мүдделеріне қол жеткізуге күш-жігерлерін жұмсады. Сөйтіп құрылысына солар да белсене атсалысқан Қазақ Республикасы тап туымен Совет өкіметінің қоластында даму бағытымен жүрді. Терістік-батыс өңірлерде Ресей Федерациясындағы Автономия ретінде бастаған елдік тіршілігін жер-суы мен халқын 1925 жылы бір шаңырақ астына жинап, байырғы «қазақ» атын өзіне ресми түрде қайтара отырып жалғастырды.
Бірақ іргесін кеңейтсе де, Қазреспублика сол қалыпта бейбіт өркендеу жолына түсе алмады. Мәскеу берген басшының жетегімен ауылдарда «шағын революция» өрті тұтатылып, таптық сына қағылды. Сөйтіп ішкі әлеуметтік араздықтар қолдан өршітілді. Көп ұзамай, 30-жылдары, орталық өңірлердегі революциялық өзгерістерден қалмауға тырысып, қуыршақ республикаға тән құлдық санамен солақай реформалар жүргізілді. Қуыршақ республикадағы әскери күштер келеңсіз тәркілеу мен жүйесіз салықтарға қарсылық білдірген көтерілісшілерді жуасытып, бағындырды. Қуыршақ республика қайраткерлері Орталыққа көзсіз емінуі салдарынан ел ішінде іс жүзінде жасанды ашаршылық саясаты өрістеді. Республика басшылығы жер-жерден түскен аштықтың алғашқы дабылдарына көз жұма қарады. Содан халқының жартысына жуығы қырылған ұлттық апатты бастан кешті.
Ақыры қасіретті кезең де артта қалып, Қазақ Республикасының жаңа басшылығы өлкедегі халықтың ашаршылықтан аман қалған бөлігін мәдениет революциясын жасаумен серпілтті. Кеңестік құрылыс аясында мектептер көбейді, жоғары оқу орындары ашылды, өнерпаздарға көңіл бөлінді, байқаулар өткізілді. Ұлттық өнер құдіретінің 1936 жылы арнайы өткізілген декада барысында Мәскеуді дүр сілкіндіруі республикамыздың автономиялық мәртебеден жоғарылап, одаққұрушы «тәуелсіз мемлекеттер» қатарына кіруін мүмкін етті. Осы ұлы оқиғаның артынша Үлкен террор басталды. Жұрт жаппай саяси қуғын-сүргінге түсірілді. Одан халқымыз ортақ отан болып тұрған советтік империяның екінші дүниежүзілік соғыста шеккен қасіретін бірге бастан кешіп, қаһармандықтың үздік үлгілерін көрсетті. Жеңіске тәубе етіп, соғыс ауыртпалықтарынан халық енді еңсе көтере бергенде, 50-жылдары, қазақ жеріне «тың көтереміз» деген тәтті ұранмен империяның еуропалық бөлігінен бақ іздеушілер нөпірі төгілді. Соның салдарынан Ұлы Дала жаңаша отарланды. Қазақ өз Республикасында бар болғаны 29 пайызын құраған ұлттық азшылыққа айналды. Алайда ұлттық рух қуаты жұртымызды алға жетелей берді. 60-70-жылдарғы бейбіт өмірде демографиялық дүмпу үдерісі орын алды. Сан жағынан да, сапа жағынан да өсті. Оқыды, жетілді. Бірақ ұлттық мүдделері толық қанағаттандырылмай, шектеу көріп тұрды. Мұны алдымен жастар өткір сезініп, наразылық танытты. Орталықтың өктем озбырлығы мүлдем шектен шыққанда, бейбіт ереуілді саяси көтеріліске ұластырды. Қатаң тоталитарлық құрсау осылай шытынап, кеңестік империяның өзге өңірлерінде де туған бұлқыныстар нәтижесінде мүлдем қаусады. Сөйтіп халқымыздың алты мүшелге жуық бұралаң жолы, ақыры, аңсаулы егемен елдікке алып келді...
Аз-кем шегініс жасайық. Барлық тарихи өзгерістердің көзі күлліресей жеке-дара билеушісінің тақтан түсуі болғаны баршаға белгілі. Болашақ мемлекеттік құрылым түрі Бүкілресейлік Құрылтайшы жиналыста анықталып, белгіленеді деген үміт көзі ашық қауым алдында жарқырап жанып тұрды. Мемлекеттік думаның Комитеті құрған Уақытша үкімет Ресей Империясының орнына Ресей Республикасы орнағанын жариялады. Бірақ билікті большевиктер басып алды да, өкіметті түгелдей Советтерге беру ұранын көтерді. Өздері ұсынған мемлекеттің құрылым жайындағы жобаны қабыл алмағандықтан, 1918 жылғы 5 қаңтарда ашылған Құрылтайшы жиналысты бірінші жұмыс күнінің соңында-ақ тарқатып қуып жіберді. Уақыт өткен сайын Кеңестердің жер-жерде күшейіп бара жатқаны аныққа айналды. Сонда Бүкілқазақтық «Алашорда» Ұлт Кеңесі Ресей Халық Комиссарлары Кеңесімен тікелей келіссөз жүргізуді мақұл көрді.
Жаһанша Досмұхамедов бастаған Алашорда делегациясы Предсовнарком Ленинге, Наркомнац Сталинге қазақ автономиясының жайын баяндады. Совет үкіметі 1918 жылғы сәуірдің басында Алашорда делегациясына қазақ істерімен шұғылданатын арнайы комиссариат ашуға және таяу мезгілде қазақ автономиясын жариялауға уәде берді. Бірақ артынша-ақ Алашорданы совет ниетіне жат ұйым деп тапты. Сөйтті де, Халкомкеңестегі келіссөзде Досмұхамедов делегациясына – тікелей, Семейдегі орталық Алашорда басшыларына – төте желі арқылы берген уәдесін тәрк етіп, құрған жоспарын оларсыз, кеңестік негізде орындауға кірісті.
Революцияшыл қазақтардың көрнекті өкілі Әліби Жангелдин болғаны баршаға мәлім. Ол 1917 жылғы көктемде Петроградтағы жаңа өкімет мінберінен қырдағы қылмыс жайында дабыл қақты. Патша өкіметінің келмеске кеткеніне қарамастан, қазақ даласында ескі биліктің жазалаушы жасақтары қанды ойнақ салып жүргенін, әлі күнге халықты жуасыту шараларын тоқтатпағанын әшкереледі. Сол жылдың жазында Жангелдин Петросоветтің өкілі ретінде Торғай даласында үгіт-насихатпен айналысқан. Сонысы үшін Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы комиссары Әлихан Бөкейхановтың әмірімен түрмеге түсіп, Петросовет араласқан соң ғана босатылған. Қазан төңкерісінен кейін Торғай облысының комиссары ретінде Орынборды ақтардан азат етуге қатысқан. Ол 1918 жылғы наурызда Орынборда Торғай облысы Кеңестерінің съезін өткізді, съездің Совет өкіметі идеяларын толығымен қолдап, басшылыққа алғаны жайында Халкомкеңеске баянхат жөнелтті. Көп кешікпей Мәскеуге өзі барып, үкімет басшыларымен кездесті, олар Торғай Кеңестері съезінің қаулыларын түгелдей мақұлдады. Ақылдаса келе, Жанша Досмұхамедов басқарған алашордашылар делегациясына уағда етілген қазақ комиссариатына жаңаша түр беріп, Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының жанынан Қазақ бөлімін ашуға келісісті. 1918 жылғы 11 мамырда тиісті қаулы шықты. Жангелдиннің ұсынысы бойынша бөлім бастығы болып, совет идеяларын бірден қабыл алған, Жангелдиннің сенімді көмекшісіне айналған, Торғай съезінде облаткомның жауапты лауазымына сайланған ескі режім интеллигенттерінің бірі Мұхамедияр Тұнғашин тағайындалды.
РКФСР Ұлт істері жөніндегі халкоматының Қазақ бөлімі Қазақтың Советтік Автономиясын жариялауға дайындық жұмыстарын азамат соғысы уақытындағы күрделі жағдайда, ерекше тиянақтылықпен жүргізді. 1919 жылғы мамырда Дала өлкесінің Төтенше комиссары Әліби Жангелдин Қазақ Совет автономиясын құру мәселесі бойынша әуелі И.В.Сталиннің, одан В.И.Лениннің, сосын тағы да Сталиннің қабылдауында болып, ағымдағы жағдайдан туындаған мәселелер мен оларды шешу жолдары жөнінде ақылдасты. Ертеңіне Сталиннің басшылығымен Ұлт істері халкоматының отырысы өтті. Сол мәжілісте өлкені басқаратын әскери-революциялық комитет құру және оның ережесін жасау жайында маңызды шешім қабылданды. Мамыр – маусым айларында Қазақ революциялық комитетін құрудың әртүрлі қырларын пысықтауды көздеген бірқатар комиссия жұмыс істеді. Құрылмақ Қазревкомның Ережесін жасауға Наркомнацтың Қазақ бөлімі тікелей қатысты. Ұлт істері жөніндегі халкомат комиссиясы жасаған жоба 1919 ж. 25 маусымда Ұлт істері, Ішкі істер, Жер-су, Сыртқы істер халкоматтарының, Бүкілресей Бас штабы мен Түркістан Республикасының өкілдерінен құралған ведомствоаралық комиссияда қазақ делегациясының (Әліби Жангелдин, Мұхамедияр Тұнғашин, Құсайын Бекентаев, Байқадам Қаралдин) қатысуымен қаралды. Қазақ өлкесін басқаратын Революциялық комитет туралы уақытша ереже 1919 жылғы 10 шілдеде Предсовнарком В.И. Лениннің төрағалығымен өткен РКФСР Халкомкеңесінің қаулысымен бекітілді де, сол күні Ленин Қазревкомды құру туралы Декретке қол қойды.
Ресей республикасының орталық өкіметі Ревкомның алғашқы құрамына жеті адамды бекітті. Қазревком төрағасы – Станислав Пестковский, мүшелері – Әліби Жангелдин, Бақытжан Қаратаев, Сейітқали Меңдешев, Ахмет Байтұрсынов, Әбдірахман Әйтиев болды. (Әділін айту керек, төрағалыққа кеңестік билік өкілі, ұлт комиссары Сталин комитеттегі қазақ мүшелердің бірін, атап айтқанда Жангелдинді ұсынған, алайда қазақтар ұлттық мүддені ішкі алауыздыққа жығып беріп, қазақ ісін басқаратын адамды үкіметтің өз ішінен ұсынуын табандылықпен қалап отырып алған). Бұл құрамға ел ішіндегі белсенді қызметкерлерді Ревком мүшесі құқықтарымен қосуға (кооптация жасауға) Қазревком қақылы болды. Ережеде Қазақ өлкесінің территориясы Түркістан республикасының, Қазақ съезінің және орталық Совет өкіметінің келісімімен анықталады делініп, оған дейін Ревкомның қарауына Астрахань губерниясындағы қазақ территориясы, Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстары кіретіні атап көрсетілді. Революциялық комитеттің ұйымдастырылуына байланысты Наркомнацтың Қазақ бөлімі таратылатын және оның орнына ВЦИК жанынан Қазақ өлкесінің үш адамнан тұратын өкілдігі ашылады делінді. Қазақ өлкесінің жалпы съезін шақыру үшін Қазақ бөлімі құрған Бөкей ордасындағы Комиссияның орнына Қазревкомның жанынан сол міндеттерді атқаратын бөлім ашылатын болды. Ережеде барлық атқарылуға тиіс мәселе 19 тармаққа бөлініп, нақтылана тұжырымдалды.
Қазревкомның тұрақты жұмыс орны Орынборда болады деп белгіленді. 1919 жылғы 7 тамызда ревком төрағасы Пестковский партияның Орталық комитетіне, Халкомкеңеске, Наркомнацға, Наркомнацтың Қазақ бөліміне жеделхат салып, Қазревкомның Орынборға келіп жеткенін хабарлады. РК(б)П Орынбор губерниялық комитеті қаладағы жақсы ғимараттардың бірін (Совет көшесі, 10) Қазревкомға арнап босатып, ревкомның ұйымдық тұрғыда қысқа мерзім ішінде қалыптасуына көмек көрсетті.
Революциялық комитетке, оның басшылығы мен мүшелеріне өздеріне жүктелген міндеттерді орындау үшін кең көлемдегі өкілеттілік берілді. Бұған мысал ретінде Қазревком жайын (ғалымдар С. Дәулетова, М. Исмағұловпен бірге) терең зерттеген академик Салық Зиманов «Казахский революционный комиссариат» («Қазақ революциялық комитеті») атты монографиясында 1919 жылғы 23 қарашада С.Меңдешевке берілген мандаттың мазмұнын келтіреді. Онда ревком төрағасының орынбасары Сейітқали Меңдешевтің өкілеттіктері: «Қазақ өлкесіндегі Әскериревком бөлімдері мен барлық советтік мекемелердің қандай да болмасын шешімдерін бұзуға және растауға, ...лауазымды тұлғалардың қай-қайсысын да қызметтен алуға», сондай-ақ Әскериревкомның кредиттері мен қаржы-қаражатына қожайындық жасауға, әскери жеделхаттар жолдап, төте желіні пайдалануға қақылы екені айтылған. Мысалы осы Қазревкомның 1920 жылғы 5 наурыздағы қаулысымен Алашорда мемлекеттік орган ретінде мүлдем жойылды.
Ревкомның бірден қолға алған шаруасы – Бүкілқазақ съезін шақыру мәселесін тиянақтау болатын. Бұл ретте ол Наркомнацтың Қазақ бөлімі жүргізген жұмыстарды жалғастырды. 1919 жылғы 15 қыркүйекте Ерекше комиссия құрып, оған съезді шақыру жөнінде нұсқаулық әзірлеуді тапсырды. Комиссия бірінші кезекте Кеңестердің Бүкілқазақтық съезіне делегаттар сайлау тәртібін жасаумен шұғылданды.
1919 жылғы желтоқсанда ВЦИК Башқұртстан, Татарстан, Қазақстан істері бойынша мәжіліс өткізді. Басқа мәселелер қатарында Қазақ өлкесінің шекарасы туралы мәселе қарап, түбегейлі шешімін табуды ВЦИК-тің әкімшілік комиссиясына тапсырды. Әкімшілік комиссиядағы даулы талқылауларға қатыса келе, Қазревком 1920 жылғы 16 мамырда «Қазақ республикасының шекарасын айқындау жөніндегі комиссия туралы» арнайы мәселе қарады. Комиссияның Қазревкомның үш мүшесінен тұратын құрамын, шешуге тиіс міндеттерін белгіледі. 20 мамырда «Жалпықазақ съезі туралы» мәселені талқылай келе, «Алашорданың бұрынғы қызметкерлерін пайдалану жөнінде» ұсыныс әзірлеуді, «Өлке шекарасын белгілеу жайындағы комиссияның» жұмысын ұйымдастыруды нақты адамдарға тапсырды. Орал губерниясының Қазақ өлкесі құрамынан бөлінуіне қатысты туындаған мәселе бойынша Қазревком табанды түрде Орал губревкомымен мақсаткерлік байланысын жандандырды. Ақмола, Семей облыстарын да Қазақ өлкесіне қосу мәселесінде 1920 жылғы шілдеде қиыншылықтар ұшырасты. Қазревкомның саяси комиссиясы Омбы, Семей, Ақмолада жүргізген жұмыстар, Сібір ревкомымен келіссөздер оң нәтиже бермеді. Осы шамада Сібревкомның әкімшілік бағынысындағы Петропавл, Көкшетау, Омбы үйездері қайда қарайтынын шешу үшін Қазревком ВЦИК-тің Әкімшілік комиссиясына өтініш түсірді. Сондай-ақ Қазревком солтүстіктегі үйездер мен облыстарды қазақ өлкесіне қосу шаруасымен түбегейлі шұғылдану үшін өз тарапынан «Солтүстік комиссиясын» құрып, осы Комиссия 1920 жылғы маусымда іссапармен терістіктегі аудандарға шықты. Ал Қазақ өлкесіне Сырдария мен Жетісу облыстарын қосу шаруасы өзінше жеке қаралуы тиіс мәселе еді. Осы мәселе және аталған облыстармен қоса Маңғыстау, Красноводск үйездерін де Қазақ өлкесі құрамына беру хақында келіссөз жүргізуі үшін Қазревком 1919 жылғы 11 қарашада өз өкілін тағайындап, Түркістан республикасына жіберген. 1920 жылы Қазревком бұл мәселені ВЦИК-тің қарауына шығарды. Ал 27 наурызда Түркаткомнан Орал облысына экономикалық және саяси тұрғыдан аса жақын адайлықтардың Қазөлкенің әкімшілік бағынысында болуы дұрыстығын мойындауды ресми сұрап, Адай мен өзге де көшпелілер істері бойынша Ерекше комиссия құрды. Бүкіладайлық Кеңестер съезі өткізіліп, Адай үйездік ревкомы сайланды, Қазақ революциялық комитеті құзырына көшуге қаулы алынды. Соны арқа тұтқан Қазревком Түркаткомға, Каспий сырты (Закаспий) облревкомына тиісті өтініш жолдап, «Маңғыстау үйезінің Қазөлкеге қосылуына қарсы еместігін» тұжырымдаған келісімін алды. Мәселе болашақ республиканың аумақтық шектерін талқылаған Мәскеудегі тамыз мәжілістерінде біржола шешімін тапты.
Осы қысқа шолудан байқалатындай, қазақ жерлерін біртұтас республика шаңырағы астына жинауда Қазақ революциялық комитеті елеулі рөл атқарды. Қазревком 1920 жылғы маусымда Ұлт істері жөніндегі халкоматқа «Қазақ өлкесінің аумағы мен шекаралары туралы» деген атпен Қазақ Совет автономиясын құру туралы жобаны әзірлеу алдындағы құжатын ұсынды. ВЦИК Төралқасы мәселені өз қолына алды. «Қазақ өлкесін басқаруға байланысты мәселелерді талқылау үшін» Мәскеуге 1920 жылғы 1 тамызда мәжіліс өткізуге ұйғарды. Дегенмен Мәскеудегі мәжіліс 9 және 10 тамызда өтіп, екі күн бойы болашақ қазақ автономиясы аумағын айқындауға байланысты мәселелер мұқият талқыланды. Мәжілістің қорытындысы және талқылау кезінде бой көрсеткен келіспеушіліктер 12 тамызда Ленин төрағалық еткен үшінші мәжілісте қаралды. Ленин мәселеге маңызды саяси мән берді, алауыздық туғызған күрделі мәселелердің бірқатарына өз пікірін білдіріп, дұрыс шешіп берді. 14 тамызда Наркомнац алқасы Казақтың Советтік Республикасын құру туралы Декреттің жобасын бекіту туралы шешім қабылдады. Қазақ өлкесінің шектерін ресми рәсімдеу мәселесі осылай жұмысшы және ведомствоаралық комиссияларда келісілгеннен соң, оны 17 тамызда ВЦИК Төралқасы жанындағы Әкімшілік комиссия қарады. Наркомнацтың ұсынған жобасы бірлі-жарым елеусіздеу өзгерістер жасалып бекітілді. Әкімшілік комиссия бекіткен осы жоба алғаш рет сол күні, 17 тамызда, екінші мәрте 24 тамызда Халкомкеңестің Ленин төрағалық еткен отырыстарында талқыланды. Құжат жобасы мақұлданып, ВЦИК-тің қарауына жіберілді.
Халкомкеңестің Қазақ өлкесін басқаратын революциялық комитет құру туралы 1919 жылғы 10 шілдеде шығарған Декретін одан бергі оқиғалармен астастыра қарай отырып, ревком ұйысқалы бері жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде көзделген мақсатқа жеткендіктің көрінісі ретінде, 1920 жылғы 26 тамызда ВЦИК пен Совнарком Қазақ Республикасы құрылсын деп шешті. Қазақ халқының мемлекеттілігін жасауды әзірлеу жолындағы бір жыл жарты айға созылған ізденіске толы үдеріс күтулі нәтижеге қол жеткізді: тарихи Декрет дүниеге келді. Автономиялы Қазақ Республикасы Ресей Социалистік Федеративтік Советтік Республикасының бөлігі ретінде құрылды.
26 тамыз Декреті бойынша «жергілікті Совдептер, Қазақ Социалистік Советтік Республикасының Орталық Атқару Комитеті және Совнаркомы» Қазақ Республикасының басқару органдары болып табылатын. Осындай құрылымды толық заңдастыру мақсатымен Қазревком 1920 жылғы 4–12 қазанда Қазақстан Советтерінің Құрылтайшы съезін өткізді де, Автономиялы Қазақ Республикасы жарияланған соң, өкілеттігін тоқтатты.
Содан бері бір ғасыр өтті. Кеңестік Қазақ Республикасы ту тіккелі – жүз жыл! Сөз жоқ, төрт ғасыр дербес өмір сүргеннен кейін отар қамытын киюге мәжбүр болған, тиісінше ХІХ ғасырда ұмыттырылған қазақ мемлекеттігін ХХ ғасырда тұңғыш рет Алаш (Қазақ) Ордасы жаңғыртуға тырысты. Бірақ оның әрекеті баянды болмады да, кеудесінде біртұтас Алаштың ұлттық идеясы жалындаған азаматтар кеңестік платформада социалистік республика тұғырын сомдауға атсалысты. Сол таптық негізде жасалған Совет өкіметінің 1920 жылғы 26 тамыз Декреті дүниеге Социалистік Кеңестік Қазақ республикасын әкелді де, оның жалғасы бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан болып отыр. Тәуелсіз Қазақстан өзінің бастауын ұмытпайды. Ал тарихи жадтың мықты болуы – елдің ертеңіне өте қажет отаншыл азаматтарды тәрбиелеудің берік кепілі.
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты