Биылдың өзінде қор арқылы мыңдаған кәсіпкер жеке бизнесін бастауға және кәсіптерін кеңейтуге несиелерін алып үлгерді. Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Бескөл ауылының азаматы, жеке кәсіпкер Кеңес Кукиев жылқы шаруашылығымен айналысады. Отыз бие сауып отырған кәсіпкер биелерін жыл он екі ай сауады, қымыз сатады. Қыста туған биелерін мамыр-маусым айларына дейін сауса, көктемде туған биелерін күзге дейін сауады. Күзде құлындайтын биелерін қыстай сауып, қымыз сатады. Шаруашылықта 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ол 2014 жылы және 2019 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Еңбек» бағдарламалары аясында Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының филиалынан екі рет несие алып, шаруашылығын одан әрі дамытқан.
– Ауылда тұрған соң малдың игілігін көру керек деп есептеймін. Оңай олжа жоқ. Бәрі еңбекпен келеді. Жылқы бағудың да өзіндік қиындықтары бар, әрине. Бірақ ұқсата білсең, соған орай табысын да көруге болады. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан екі рет несие алып, мал басын көбейттім, сауын биелерімнің санын арттырдым. Қордан берілетін несие бізге өте қолайлы, жеңілдіктері бар. Бірақ мен алты жарым жылға алған несиемді бір жарым жылда жауып тастауға тырысамын. Күніне 70 литр қымыз сатамыз. Таңертең және кешке саумал ішуге жиналатын жұрт көп. Табысымыз жақсы. Үш адамға жұмыс беріп отырмын, – дейді Кеңес Кукиев.
Несие алып, кәсібін дөңгелетіп отырған Бақыт Сейілова да осы Бескөлде тұрады. Ол ісмер әжелерінің тігіншілік өнерін жалғастырып келе жатыр. Қанында бар шеберлік сүйікті ісін кәсібіне айналдыруға жетеледі.
Бақыттың отбасы негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Өзі отағасының бір жағына шығысқанмен, тігіншілікті қатар алып жүрді. Кейін өз алдына іс бастауды жоспарлады. Кәсіпкерлерді қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар, оны іске асыруға тікелей атсалысатын, жеңілдікпен несие беретін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры туралы естіп-білді.
Кәсіп бастаудың барлық жолдарынан жүріп өткен шебер осы уақытқа дейін қордан төрт рет несие алған. Алғашқы несиеге әмбебап кәсіби тігін машинасын сатып алған, қазір оның төртеуі бар. Биыл жаңадан салынған екі қабатты жеке ғимаратын ашты, мұнда тігін шеберханасы мен дүкені бар. Алдағы уақытта тігінге қатысты тағы басқа да қызмет түрлерін іске қоспақ. Ол жерде киім қысқартудан бастап мектеп формасына дейін тігіледі. Қазір елдегі жағдайға байланысты жаппай сұранысқа ие – маска тігіп жатыр. Өнімдерін облыстың дәріханалары мен мекемелерге өткізеді.
Он жыл ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» және «Еңбек» мемлекеттік бағдарламалары арқылы қордан алған несиелерімен бизнесін кеңейткен. Қазір 6 адамға жұмыс беріп отыр.
– Еңбек етемін деген адамға мемлекет қолдау көрсетеді. Оны тек тиімді пайдалану керек. Осы кәсіппен айналысқалы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан төрт рет несие алдым. Соның арқасында тігін цехымды кеңейттім, айналым капиталымды толықтырдым. Жұмысым ойдағыдай жүріп жатыр. Қордан берілетін несие біз үшін өте тиімді. Өйткені пайызы төмен, одан басқа да жеңілдіктері бар, – дейді кәсіпкер.
Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысы мал шаруашылығына қолайлы аймақ. Жері кең, шөбі шүйгін, өзен-көлі жеткілікті. Сондықтан болар, қордан несие алушылардың басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысады. Соның ішінде жылқы өсіретін шаруалар көп.
– Биыл біздің филиалға «Еңбек» бағдарламасы бойынша 2,6 млрд теңге қаржы бөлінген болатын. Бүгінгі таңда оның 1,3 млрд теңгеден астамы игеріліп, 356 жоба қаржыландырылды. Жыл соңына дейін 563 кәсіпкерге несие беруді жоспарлап отырмыз, – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Абылай Нұркенов.
Қор өзінің несие өнімдері арқылы ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жобаларын түрлі мақсатты бағыттар бойынша қаржыландырып келеді. Нақты айтар болсақ, мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын, ауыл кәсіпкерлігін дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен сақтау жобалары бар.
Айта кетейік, Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша түрлі мақсаттағы несие 6,5 жылға 6 пайызбен беріледі. Оның жылдық тиімді сыйақы мөлшері 6,7 %-дан аспайды. Ал көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне несие 4 пайызбен беріледі, жылдық сыйақысы 4,7 %-тен аспайды. Бір жылға дейінгі жеңілдік мерзімі де қарастырылған.