Аймақтар • 14 Тамыз, 2020

Apple-ді таңдандырған Асқар

836 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әлемнің жетекші компанияларын таңдандыру оңай емес. Десек те, Атыраудағы Назарбаев зият­керлік мектебінің оқушысы Асқар Әлмұ­хаметов дом­быра шертуді үйрететін симулятор жасап, Apple ком­паниясының инновациялар жобасына ұсынған еді.

Apple-ді таңдандырған Асқар

Жақында Асқар Әлмұхаметов Назарбаев зияткерлік мектебінің 10 сыныбына барады. Ол бұған дейін бірнеше рет республикалық, халықаралық деңгейдегі стартап конкурстарға қатысып, жеңімпаз атанған болатын. Оның авторлық үздік жобаларының – «Qulynym» мобильді қосымшасы. Оған мектепке дейінгі балалар үшін қазақ тілді контент жинақтаған еді. Келешекте IT саласын жетік меңгеріп, ұлттық технологияны жаңғыртуды көздеп отыр.

– Әлемге әйгілі Стив Джобс негізін қалаған Apple компаниясы бағдарлама жасаумен айналысатын жас­тарды ынталандыру үшін жыл сайын инновациялық жобалар байқауын өткізеді. Алдымен конкурстың шарты бойынша үздік жұмыстар іріктеледі. Одан соң компания өкілдері жобаның авторларымен байланысқа шығады. Мен бұл конкурсқа домбыра тартуды үйрететін симуляторды ұсындым. Симуляторды Swift бағдарламасымен жасадым, – дейді Асқар Әлмұхаметов.

Конкурс қорытындысында жобалары үздік деп танылған жеңімпаздар компания қаржыландыратын білім грантына ие болады екен. Бұл грант дарынды жастардың Сан-Франциско қаласындағы (АҚШ) Apple кеңсесінде тәжірибе жинауына мүмкіндік береді. Алайда биыл әлем елдерін шырмауықтай шырмаған пандемияға байланысты бұл жоспар кейінге қалдырылып отыр. Бірақ жақында Apple компаниясы атыраулық өнертапқыш оқушы Асқар Әлмұхаметовтің өнертапқыштық еңбегін бағалап, ынталандыру үшін күзгі күртеше, кәдесый мен арнайы диплом жіберді.