Елбасы • 14 Тамыз, 2020

Үкімет жұмыс орындарын көбейтуі керек

963 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қауіпсіздік Кеңесінің Төр­ағасы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Асқар Ма­минмен кездесті, деп хабар­лады Елбасының баспа­сөз қызметі.

Үкімет жұмыс орындарын көбейтуі керек

Кездесу барысында биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша еліміздің экономикалық даму нәтижелері мен пандемиядан кейінгі кезеңге арналған жұмыс жоспары талқыланды.

Премьер-Министрдің ұсынған мәліметі бойынша, жыл басынан бері экономиканың машина жасау, өңдеу және тау-кен өндірісі, құрылыс, басқа да негізгі салаларындағы көрсеткіштер оң қарқын алған.

Елбасы Қазақстанда бұған де­йін қабылданған мемлекеттік бағ­дар­­ламалар қазіргі дағдарыстың ұлт­тық экономикаға теріс әсерін азай­туға мүмкіндік бергенін атап өтті.

– Біз тәуелсіздік жылдарындағы ең күрделі кезеңді бастан өткеріп жа­тырмыз. Осы уақыт ішінде талай дағдарысты еңсердік. Қазір­гі қиындық әлемнің бүкіл елін қам­тып отыр. Барлық жерде жұ­мыс­сыздықтың көбеюі байқалуда, бизнес қиындықтарға тап болып, мемлекеттер арасындағы сауда-саттық деңгейі төмендеді. Алайда бұған дейін қабылданған шаралар дағ­дарыстың экономикамызға әсерін азайтуға көмектесті. Біздің эконо­микалық көрсеткіштердің төмен­деуі басқа елдермен салыс­тырғанда үш есе аз, – деді Нұр­сұл­тан Назарбаев.

Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті күрделі кезеңдегі елдің әлеу­меттік-экономикалық дамуын қол­дау бағытында отандық бизнестің бел­сенділігі жоғары екенін атап өтті.

– Ірі бизнес жұмыс орындарын сақтап қалуға көмектесті, ха­лық­тың әлсіз топтарын қолдауға қара­жат бөлді, сондай-ақ «Біз біргеміз!» бастамасын ілгерілетуге үле­сін қосты. Мен барлық бизнес өкіл­деріне риза­шылығымды білдіре­мін. «Bir­gemiz» қоры арқылы біз 2,3 миллион қазақстан­дыққа қолдау көрсете алдық, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев дағ­да­рыс­тан кейінгі кезеңдегі эконо­ми­калық өсім мәселесін қарастырып, отандық бизнесті жандандыру және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту қажеттігін атап өтті. Үкімет эко­номиканың түрлі саласындағы өсімді қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылдауы керек екендігі айтылды.

– Қазіргі уақытта сарапшылар экономикалық дағдарыс пен пан­демияның екінші толқыны келетінін болжауда. Мамандар бұл мә­селені мұқият зерттеп, осы жағ­дайға арнаулы бағдарлама әзірлеуі керек. Жаңа тәсілдер мен тиісті шаралар қажет, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Сонымен қатар Елбасы коро­навирус инфекциясының таралуына қарсы күрес аясындағы ақпа­раттық-түсіндіру жұмыстары мәселесіне тоқталды.

– Қауіпті дертті жұқтырып алмау адамның өзіне және тәртібіне байланысты екенін түсіндірген мемлекеттер ұтылған жоқ. Кейбір елдерде карантин шаралары қабылданбады, өйткені адамдар сақтық шараларын сақтап, мамандардың талабын орындады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті гео­саяси қақтығыстар мен қарама-қайшы­лықтар өршіп тұрған жағ­дайда Қазақстан қоғамының бірлігі мен тұрақтылығын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

– Біздің басты міндетіміз – дағдарысқа қарамай, еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ішкі тұрақтылықты сақ­тауымыз керек. Қоғам тұтастығы мен саяси тұрақтылық – біздің алға жыл­жуы­мыздың негізі екенін жұртшылық естен шығармағаны жөн. Біз әрдайым мемлекеттің және Nur Otan партиясы сияқты саяси күштің айналасына топтасу арқылы дағдарыстарды еңсере білдік. Бұл сынақтан да аман өтетінімізге сенімдімін. Экономиканың өсімі қамтамасыз етілетін болады. Бұл қазақстандықтардың тұрмыс-тіршілігіне оң ықпал етеді. Мемлекет қайтадан қаржы жинақтайды. Ол қаражат қазақстандықтардың игілігі үшін, сондай-ақ «Қазақстан-2050» стра­те­гиялық бағ­дарламасының орындалуына пайдаланылатын болады, – деді Елбасы.

Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық экономикалық дағдарыстардан өтуде Қазақстанның мол тәжірибесі, сондай-ақ экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар екенін атап өтті.

– Жұрт жұмысқа шығып, ақша табуы үшін Үкімет жұмыс орындарын көбейтуге тырысуы керек. Бізде үлкен тәжірибе, қаражат, мүмкіндіктер бар. Осының бәрінен сүрінбей өтеміз, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.