Жақында Финляндияның астанасы Хельсинки қаласында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «АТОМ» жобасын қоса алғанда, антиядролық бастамаларының тарихы көлденең тартыла отырып, «Ядросыз жол: ядролық қарусызданудың үлгісі» деген тақырыпта өткен халықаралық конгресте ұсынылды.
Жақында Финляндияның астанасы Хельсинки қаласында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «АТОМ» жобасын қоса алғанда, антиядролық бастамаларының тарихы көлденең тартыла отырып, «Ядросыз жол: ядролық қарусызданудың үлгісі» деген тақырыпта өткен халықаралық конгресте ұсынылды.
Конгресс Бейбітшілік үшін халықаралық бюросы жанындағы «Финляндия дәрігерлері әлеуметтік жауапкершілік үшін» деп аталатын «Әлем дәрігерлері ядролық соғыстардың алдын алу жолында» халықаралық қозғалысының қолдауымен ұйымдастырылды. Шараға Нобельдің Бейбітшілік сыйлығының лауреаты, Оңтүстік Африка Республикасының экс-президенті Фредерик де Клерк, Еуропарламент депутаты Тарья Крунберг, МАГАТЭ бас директорының бұрынғы орынбасары Олли Хейнонен, БҰҰ Бас хатшысының экс-орынбасары Джаянта Дханапала, Хиросиманың экс-мэрі Тадатоси Акиба, Қазақстанның Финляндиядағы елшісі Ғалымжан Қойшыбаев, «Парламентшілер ядролық таратпау және қарусыздану үшін» қозғалысының жаһандық үйлестірушісі Алин Варе, т.б. таратпау және қарусыздану саласындағы жетекші сарапшылар мен дипломаттар, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Өзінің конгрестегі сөзінде Ф.де Клерк 1990-жылдардың басындағы ОАР-дағы ядролық қарусыздану тарихы туралы айта келіп, Украинаның, Беларусьтің және Қазақстанның ядролық арсеналдарынан бас тарту туралы шешімдері қандай да болсын жоғары құрметке лайық екенін атап көрсетті. Оның пікірінше, халықаралық қоғамдастықтың бұдан әрі қарайғы үйлесімді күш-жігері мен бұған дейін ядролық қаруларынан бас тартқан мемлекеттердің белсенді қатысуымен ғана ядролық қарусыздану ісіндегі прогресс қамтамасыз етіле алады.
Өз кезегінде Қазақстан СІМ-інің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Роман Василенко Қазақстандағы кеңестік ядролық сынақтардың қасіретті салдары мен тәуелсіз елдің ядролық қарусыздану тарихы туралы әңгімелей келіп, бұл үдерістегі табысқа Елбасы мен Қазақстан халқының ядролық қарусыз болашақ пайдасына таңдау жасаған қағидатты саяси ерік-жігері жеткізгенін атап көрсетті. Оның айтуынша, Семей ядролық сынақ полигонын жабу мен Қазақстанның әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық арсеналынан бас тартуы ядролық қарусыздану мен таратпау саласындағы өңірлік және әлемдік үдерістерде жаңа парақ ашты. Сөйтіп, бүгінде Қазақстан Украинамен, Беларусьпен және Оңтүстік Африкамен бірге жаһандық деңгейде ядролық қарусыздану ісін ілгерілетуде ерекше моральдық құқыққа ие.
Конгреске қатысушылар Президент Н.Назарбаевтың Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймақ деп жариялау туралы бастамасын қоса алғанда, таратпау және ядролық қарусыздану саласындағы үлгі істеріне қызығушылық танытты. Осы орайда, қазіргі кезде жүзеге асырылып жатқан «АТОМ» жобасы халықаралық бастамасы туралы ақпарат үлкен қызығушылық туғызды.
Екі күнге созылған конгресс жұмысы барысында халықаралық қоғамдастықтың ядролық қарусыз әлем құру жолындағы ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін Қазақстан бастамаларын одан әрі оқып-үйрену қажеттігіне екпін түсірілді. Атап айтқанда, ядролық қарудан бас тартқан елдердің үлгілері, Таяу Шығыста жаппай қырып-жоятын қарудан азат аймақ құру туралы конференция шақыру перспективалары, Корея түбегіндегі жанжалды жағдайларды реттеу мүмкіндіктері мен КХДР-дің ядролық қарудан бас тартуы, сондай-ақ Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жағдайды реттеу бойынша халықаралық күш-жігер жұмсау жайы көлденең тартылды.
Сәулебек БІРЖАН.