Елбасы, “Нұр Отан” партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Корея Республикасына сапары қарсаңында партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин бастаған “Нұр Отан” ХДП делегациясының осы елге жұмыс сапары болды.
Корея Республикасы Қазақстанның ежелгі әріптесі. Қазақстан Корея Республикасымен партияаралық, саяси, мәдени-гуманитарлық және экономикалық ынтымақтастықты дамытуда. Қазірдің өзінде елімізде Оңтүстік Корея капиталының қатысуымен 300-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Қазақстан мүддесін көздейтін өзара ынтымақтастық қатарында энергетика, көлік, құрылыс, сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық, сондай-ақ банк саласындағы жобалардың жүзеге асырылуын айтуға болады. Корея Республикасы – АӨСШК, басқа да интеграциялық құрылымдардың белсенді қатысушысы.
Делегацияның жұмыс сапары Қазақстанның Корея Республикасындағы жылы аясында өткізіліп жатқан алғашқы Казақстан – Корея форумына қатысумен басталды. Нұрлан Нығматулин форумда сөйлеген сөзінде: “Бүгінгі күні “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы өзін Қазақстан халқының мүддесін қорғаушы және демократиялық құндылықтарға арқа сүйеуші халықтық билік партиясы ретінде көрсетіп, заманауи қоғамдық-саяси жүйеде нық орын алып келеді. Ортақ табыс тікелей Қазақстан азаматтарының көпшілігінің бірлескен күшімен қамтамасыз етіледі. Осы көпшілік бүгінде өзін көрсетті, Қазақстан Республикасының Президенті, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саяси бағытына бірнеше мәрте өз сенімдерін білдіріп әрі дәлелдеп саяси аренаға шықты. Осы бағдарға сүйеніп, Қазақстан халқы әлеуметтік тұрақтылықты, этносаралық және конфессияаралық келісімді, қоғамымыздың толеранттылығы және Қазақстанның бірлігі мен гүлденуін қолдайды”, – деді.
Корея Республикасы Сыртқы істер және сауда министрінің бірінші орынбасары Как Су Шин: “Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан тұрақты экономикалық дамуға қол жеткізді. Әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан, өткен жылы экономикалық өсім 1,02 пайыз болды. Бұл Қазақстанның дағдарысты еңсеріп келе жатқанын айғақтайды. Қазақстанның экономикалық табыстарымен қатар, әлемдік қоғамдастық алдындағы мәртебесі де жоғарылап келеді. Өткен 20 жылда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің басы-қасында жүрген Қазақстан аймақтық ынтымақтастықты тереңдетуге айрықша үлес қосты. ТМД елдері арасында тұңғыш рет Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болды”, – деді. Өзге де сөйлегендер Қазақстанның татулығы мен бірлігі жарасқан ел екенін, түрлі ұлттар мен мәдениеттердің басын қосып отырған Қазақстаннан үлгі алу керек екенін атап көрсетіп жатты.
“Ханнара” Ұлы Ұлттық партиясының төрағасымен кездесуінде Нұрлан Нығматулин Қазақстандағы билік партиясының қазіргі қызметі мен оның негізгі бастамаларынан хабардар етті. “Ханнара” мен “Нұр Отан” партиясын тығыз ынтымақтастық пен әріптестік байланыстыратынын айтты.
Делегация мүшелері біріккен Кореяда 1938 жылы негізі қаланған Оңтүстік Кореядағы ең ірі өнеркәсіптік концерннің бірі, әлемге танымал Samsung Electronіcs компаниясына барды. Сондай-ақ делегация мүшелері Корея ұлттық мұражайында болды.
Сапар нәтижесінде “Ханнара” мен “Нұр Отан” партиялары арасындағы ынтымақтастық хаттамасына қол қойылды.