Білім • 16 Тамыз, 2020

Грант кімге бұйырды?

1693 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ата-ана күткен, талапкер тосқан жаңалық та жария болып, мемлекеттік білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланды. Биыл грант кімге бұйырды? Анығы қай сала, қандай мамандықтарға бөлінді? Аз-кем саралап көрелік.

Грант кімге бұйырды?

Алаңдауға қос себеп

Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындайтын комиссияның отырысы аяқталысымен, оның қорытындысы жылдағы дәстүр бойынша бас басылым – «Egemen Qazaqstan» газетіне шығады. Сол қалыптасқан үрдісті білетін бір ата-ана кеше хабарласып: «Грант нәтижесі газеттің ертеңгі нөміріне кетіп бара жатса, көріп беріңізші. Қызыма алаңдап отырмын», деп өтінді. Бір байқағанымыз, биыл ата-аналардың алаңы – бұрынғыдан бөлектеу. Оның себебі де түсінікті болар, карантин талаптарын сақтау білім жүйесін біраз өзгерістерге ұшыратты. Талапкерлер өз денсаулығын тәуекелге тігіп, тестілеу тапсырды. Уайым көмейгендіктен ойдың да екіге бөлініп, ҰБТ нәтижесіне едәуір әсер еткенін біршама тестіленушілерден білдік. Ал біздіңше, ата-аналар мен талапкерлердің грант қорытындысына алаңдауына атап көрсетуге тұрарлық екінші бір себеп бар. Бұл – грантқа деген бәсекелестіктің аз да болса артуы. Айталық, 2019-2020 оқу жылына бөлінген 53 мың 785 грантқа 64 мың 452 талапкер таласты. Сонда 1 орынға 2 адам да таласып тұрған жоқ. Өзіміз былтырғы Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындайтын комиссияның мүшесі болып, отырыстарына қатысқаннан кейбір мамандықтарға өтініш берген барлық талапкердің болмашы балмен грантқа түскеніне көз жеткізгенбіз. Ал биыл былтырғыдай бөлінген грантқа 80 мыңнан аса адам үмітті болды. 1 орынға 2 адам таласып тұрмаса да мемлекеттік білім беру грантына өтініш бергендер өткен жылғыдан 20 мыңға көбейген. Бұл сөзсіз бәсекелестікке бастайды.

Көшбасшы мамандықтар мінбері

Енді биыл қандай мамандықтарға грант көп тағайындалғанына тоқталайық. Осы жолы мемлекеттік тапсырыс ең көп бөлінген мамандықтар тізімінде 2500 грантпен «Қала құрылысы, құрылыс жұмыстары және азаматтық құрылыс» мамандығы көш бастады. «Қала құрылысы, құрылыс жұмыстары және азаматтық құрылыс» мамандығына бөлінген грант саны биыл артпаған, былтырғымен салыстырғанда бір цифрға да өзгеріс жоқ. Бар болғаны «Ақпараттық технологиялар» мамандығына мемлекеттік тапсырыс көлемі азайған. Былтыр бірінші орында болған нақ сол «Ақпараттық технологиялар» мамандығы 2468 грантпен биыл 2-ші орынға тұрақтап тұр. Мамандық бойынша мемлекеттік грант ең көп қарастырылған мамандықтардың үздік үштігін 2147 грантпен «Жалпы медицина» мамандығы аяқтайды.

Білім және ғылым министрлігінің биылғы 21 шілдеде жариялаған ақпаратына сүйенсек, «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығына 2147 грант қарастырылған. Ал жоғарыдағы «Жалпы медицина» мамандығына тура осы көлемдегі 2147 гранттың тағайындалғаны туралы мәлімет «Әділеттен» алынды. Және аталған нормамивтік-құқықтық актілер жарияланатын «Әділет» сайтындағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу туралы Білім және ғылым министрлігінің 2019 жылғы 28 маусымдағы № 287 Бұйрығында «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығына биылға бөлінген грант көлемі 100-ді көрсетіп тұр. Ең қызығы екі дереккөзінде де жалпы медициналық мамандықтарға қарастырылған мемлекеттік тапсырыс саны (барлығы 2700) еш өзгертілмеген. Сонда грант есебі қалай болды? Бұл сұраққа тиісті министрліктен әзірше нақты жауап болмай тұр. Бір болжамымыз бар, №287 Бұйрыққа мемлекеттік комиссия өзгеріс енгізген болуы мүмкін. Соның нәтижесінде «Жалпы медицина» мен «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығына бөлінген грант санының орны ауысқан.

Қандай жағдай болса да «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығына қарастырылған грант санының артқаны (әрине рас болса) қуантады. Мұндай шешімнің шығарылуына сөзсіз пандемия әсер етті. Бұрындары «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығын тізімде көштің соңынан табатынбыз. Мәселен, былтыр қоғамдық денсаулық сақтау мамандарын даярлауға мемлекеттен небәрі 90 грант тағайындалған еді. Ал биыл бұл көрсеткіш бірден 2378-ге, яғни шамамен 27 есеге бір-ақ артып отыр. Қоғам тарапынан және қоғамдық денсаулық сақтау саласын зерттеуші ғалымдардың бірнеше рет әріптестерінің аздығына алаңдап, шырылдағаны және осы проблеманы шешу үшін аталған мамандыққа шетелдердегідей көптеп грант бөлуді ұсынғаны ескерілген сыңайлы. Оның үстіне елдегі қоғамдық денсаулық сақтау мамандарына деген сұраныстың жарты жыл ішінде күрт артуы да ықпал еткені анық. Әлбетте мұндай мәселе азаматтарының денсаулығын алдыңғы қатарға қоятын елдерде әлдеқашан жолға қойылған, дегенмен біз «Ештен – кеш жақсы» дейміз.

Мемлекеттік сұраныстағы сала

Келесі кезекте мемлекеттің сұранысындағы салаларды айқындайық. Анықтау үшін әлбетте тағы сол білім беруге бөлінген мемлекеттік тапсырыс көлеміне көз жүгіртеміз. Сала бойынша грант көп қарастырылған үздік үштікте Инженерлік, өңдеу және құрылыс саласы – бірінші орында. Аталған салаға квоталарды қоспағанда барлығы 13 мың 727 грант бөлінген, былтырғымен (13 мың 687) салыстырғанда бұл көрсеткіш айтарлықтай өзгермеді. Ал педагогикалық сала жылдағыдай екінші орында тұр. Мұнда бас-аяғы (жетім немесе ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедек талапкерлер мен Қазақстан азаматтығын әлі алмаған этникалық қазақтарға қарастырылған) квоталарды қосқанда 8 мың 252 орынға мемлекет тапсырыс берген. Білім беру гранты ең көп қарастырылған алғашқы үштікті сала бойынша барлығы 4088 грантпен «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» аяқтайды. Былтыр да осы салаға дәл осыншама грант бөлінген болатын.

Атаулы грант бөлінісі

«Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасы шеңберінде студенттерді оқытуға өткен жылы 5109 грант бөлінсе, бұ жолы едәуір өзгеріссіз 5107 орын қарастырылған. «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» – 2014 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Серпін-2050» әлеуметтік бағыттағы мемлекеттік бағдарлама. Аталған жоба халық тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі (Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстары) жастарды кадр жетіспей жатқан Қазақстанның шығыс, солтүстік және орталық облыстарында оқытып, жұмысқа орналастыруды көздейді. Соңғы кезде білім саласының сарапшылары тарапынан «Серпінде» серпін болмай жүргені жиі айтылса да бұл бағдарламаға бөлінетін гранттың көлемі азаяр емес.

Гранттар бөлінісіне сала бойынша назар салсақ, «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» алдыңғы қатарда тұр. Осы салаға «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасымен 2000 грант қарастырылған. Былтыр да дәл осындай көрсеткіш орын алған еді. Екінші орынға тұрақтаған 1500 орынмен «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласы өткен жылғы санынан жаңылмапты. Бағдарламаға ең көп грант бөлінген алғашқы үштікті 1277 орынмен педагогикалық сала тәмамдайды. Былтыр бұл көрсеткіш 1279-ды құраған.

Ал мамандықтар бойынша биыл «Ақпараттық технологиялар» (1250 орын); «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» (494 орын); «Электр техникасы және энергетика», «Қала құрылысы, құрылыс жұмыстары және азаматтық құрылыс» (әрқайсысы 300 орыннан) мамандарын даярлауға грант көп бөлінген. Мамандықтар бойынша атаулы грант ең көп қарастырылған үздік үштіктің қатары былтырғыдан мүлде өзгермеген.

Ескерте кетейік, мақаладағы талдама жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу туралы Білім және ғылым министрінің 2019 жылғы 28 маусымдағы № 287, сондай-ақ 2019 жылғы 28 маусымдағы № 287 Бұйрықтары негізінде жасалды.