Спорт • 16 Тамыз, 2020

«Севилья» алтыншы рет финалға шыға ала ма?

512 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін түнде Еуропа лигасының жартылай финалдық ойындары аясында «Севилья» (Испания) «Манчестер Юнайтедке» (Англия) қарсы алаңға шығады. Аталған кездесуді «Qazsport» телеарнасы (Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 00:50-де) көрсетеді.

«Севилья» алтыншы рет финалға шыға ала ма?

Соңғы 15 жылда Еуропа лигасының кубогын бес мәрте жеңіп алған «Севилья» бұл турнирде басты фовориттердің бірі. Алайда жартылай финалға шыққан командалардың барлығы «сен тұр, мен атайындар».  Cондықтан бұл жолы да «нервиондықтар» үшін ауыр сынақ күтіп тұр. Неге ауыр сынақ? Себебі бұған дейін олар 1/8 финалда азулы «Рома» командасын 2:0 есебімен жеңді. Ширек финалда Англияның «Вулверхэмптон» футболшыларынан басым түсті. Енді міне олардың жолына МЮ кедергі болмақшы. Әйткенмен, ¼ финалда «Вулверхэмптон» командасына құрған тактикасы мен ойын өрнегін көрсетсе, Хулен Лопетеги шәкірттері қарсыласын сөзсіз жеңеді.

«Вулверхэмптон» биылғы АПЛ-да «Манчестер Юнайтедпен» екі мәрте тең түскенін ескерсек, МЮ-дің деңгейі «Вулверхэмптонмен» шамалас деуге де болады. Оның үстіне ¼ финалда «Қызыл сойқандар» Еуропаның ортаңқол командасы Данияның «Копенгагенін» негізгі уақытта жеңе алмады. Тек қосымша уақыттың 95-минутында 11 метрлік пенальтиден Бруно Фернандеш соққан голдың арқасында келесі кезеңге шықты.

Соған қарамастан, букмекерлік кеңсе МЮ-ді фаворит деп есептейді. Олардың да бір білгені бар шығар. «Севильяның» жеңісіне 3.04, «Манчестер Юнайтедтің» жеңісіне 2.60 коэффициент беріп отыр. Тең нәтижеге – 3.30.

Деректер:

- Қарсыластар Чемпиондар лигасының 1/8 финалында (2017/2018) бір-бірімен кездесті: Испанияда есеп ашылмаса, МЮ өз алаңында 1:2 есебімен жеңілді;

- «Севилья» УЕФА рейтингісінде 10-орында, «Манчестер Юнайтед» – 8-орында;

- «Севилья» да, «Манчестер Юнайтед» те өз топтарында бірінші орын алды;

- «Севилья» – турнирдің бес дүркін жеңімпазы, «Манчестер Юнайтед» 2017 жылы Еуропа лигасын жеңіп алды;

- «Севилья» Еуропа лигасының жартылай финалында 5 рет ойнап, барлығында да финалға шыққан;

- «Севилья» қатарынан 19 матчта жеңілген жоқ.

- МЮ қатарынан 4 матчта жеңілген жоқ.

 

«Севилья» – «Манчестер Юнайтед»

Кёльн. Стадион «Райн-Энерги». 00:50.

Бас төреші - Феликс Брых (Германия).

Телекөрсетілім – «Qazsport» телеарнасы.