Торғай қымызы Тобыл өңірінде сатылады
Ералы Мырзабаев 2009 жылдан бері жеңіл көлігімен Құмкешуден Қостанайға қымыз таси бастады. Алғашқы жылдары қаладағы бірлі-жарым тамыр-таныстары ғана болмаса, қымыз алатындар көп болған жоқ. Кейін көлігінің сыртына «Торғайда жасалған қымыз» деген жарнама жаздыртып, оның астына ұялы байланыс нөмірін көрсетіп қойды. Осылайша тұтынушыларын көбейтіп алды. 5 литрден жоғары тапсырыс бергендердің үйіне тегін жеткізіп береді. Содан бері, міне, 10 жылдан асты. Қысы-жазы саудасы тоқтамайды. Кәсібін дөңгелете жүріп, Тобыл қаласының орталығынан даңғарадай үй тұрғызып алды. Енді қымыздың үстіне ауылдың құрт-майы мен ет сияқты тауарлар қосылды.
– Ең бастысы, қымыздың сапасына мән беру керек. Әр тұтынушының талғамы әртүрлі. Мұнда тек сатып қана қоймай қымыздың емдік қасиеті туралы да түсіндіруге тура келеді. Өйткені мүлде қымыз ішіп көрмеген адамдар тапсырыс беріп жатады. Әсіресе пандемия басталғалы қымызға деген сұраныс артып кетті. Шипалы сусынның иммунитетті көтеруге септігі мол. Тіпті көлігі бар көп жігіттер аяқ астынан қымыз сатушы болып шыға келді. Одан кейін пневмония асқынып кетті де, Қостанайда бір литр қымыздың бағасы 1000 теңгеден 1500 теңгеге дейін көтерілді. Мен қымызды 500 шақырым жерден тасып жүрсем де, бағаны бастапқы 700 теңгеден асырған жоқпын. Жығылғанға жұдырық ала жүгіру ақылдының ісі емес. Әйтпесе, ауылда отырып литрін 800 теңгеден сатқандар болды.
Сұраныс көп болғандықтан, тапсырыс берген адамдарға қымыз жетпей қалып жатты. Сондықтан бәріне жеткізу үшін 10 литр сұраған адамға 5 литр қымыз апарып беріп жүрдім. Жалпы, облысымызда қымыз өндірісі дамымаған. Сондықтан ұлттық сусын өндірісін дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама жасалуы тиіс деп білемін. Тиімді бағдарлама, мемлекеттік қолдау болса, негізгі күнкөрісі мал шаруашылығына қарап отырған Торғай өңірі бір серпіліп қалатын еді. Осы мәселені жан-жақты зерттеу қажет сияқты. Әйтпесе қазір талпақ танауға да 140 мың теңге субсидия беріліп жатыр ғой. Таза қымыздың литріне 300 теңге субсидия берілсе, шипалы сусынның бағасы да тұрақтанып, елдің сұранысы да оңай өтелер еді, – дейді кәсіпкер.
Дәрігерлер алғыс айтты
«Сауын саусаң бие сау, боз қырау түспей, суалмас» деген халық қағидасын нық ұстанған Дүйсенбек Мырзекеев Құмкешуде 33 бие байлап отыр.
– Араға 3 сағат салып төрт мезгіл сауамыз. Тәулігіне 100 литр қымыз алып отырмыз, – дейді ол. Ұлттық сусынды 500 шақырым қашықта жатқан облыс орталығына апарып саудалап жүрген кәсіпкер Ералы Мырзабаев тауарының негізгі бөлігін осы кісіден алады. Мұның сыртында, биыл жазда желі басына келіп жылы саумал ішетіндер көбейген. Дүйсенбек соңғы кездері аудандық ауруханаға қымыз тасып жүр.
– Амангелдідегі провизорлық стационарда маусым айының соңы мен шілденің 20-сына дейін 56 адам жатты. Сол кезде бие байлап отырған аудан еріктілері бірігіп, ауруханаға тегін қымыз жеткізіп тұрды. Біреу 20 литр, біреу 30, біреу 40, енді біреу 100 литрден әкеліп жатты. Қымыздың қасиетін бұрыннан білесіз ғой, науқастың иммунитетін көтереді. Қос өкпесі бірдей қабынып әлсіреп жатқан сырқаттарға шипа болды. Норма бойынша күнделікті түскі тамақта жарты литрден беріп отырдық. Қымыздың да пайдасы тиген шығар, бүгінде ауруханада 12 адам ғана қалды. Қалғаны құлан-таза айығып, үйлеріне оралды. Осы орайда індетке қарсы күрес барысында ауруханаға ұлттық сусынды тегін ұсынып, науқастардың жылдам аяққа тұрып кетуіне жәрдемдескен Бауыржан Әнуаров, Азамат Қабденов, Дүйсенбек Мырзекеев, Мэлс Бөжентаев, Сағдат Дәуғарин, Шамшит Шахислам сынды ел азаматтарына және Жастар ресурстық орталығы мен ауданымыздың Алтын кітабына енген жастарымызға аурухана және емделушілердің атынан алғыс айтамыз, – дейді Амангелді аудандық ауруханасының бас дәрігері Жанар Рамазанқызы.
Ауылдағы қымызхана
Торғайға бет алған жолаушы Амангелдіні асып, Құмкешудің маңына жете бергенде табиғаттың тосын сұлулығына куә болары хақ. Тәңірдің өзі сахара құмының бір пұшпағын кесіп алып, ұлан-ғайыр татыр даланың осы тұсына төге салған сияқты. Ені екі шақырым, ұзыннан алғанда үш шақырым аумақты алып жатқан шағыл құм жота-жота болып осы төңіректі ғана айнала көшіп жүреді. Құмына құт дарыған Құмкешудің маңындағы шағыл төбелер – қыста малға ықтасын, жазда шұрайлы жайылымға айналады. Төскейі төрт түлікке толы ауылдың тұрмысы да берекелі.
Құмкешудің үш азаматы бірігіп, жол бойындағы құмның үстіне киіз үй тігіп, қымызхана ашып қойған.
– Бастапқыда біраз іркілгеніміз рас. Еңбегіміз ақталмай қала ма деген қорқыныш та болды. Кейін келушілер қатары көбейе бастаған соң, көңіліміз орнына түсті. Тұтынушылар талғамынан шығу үшін барлық жағдайды жасап бақтық. Қазір аудан орталығынан, басқа ауылдардан келетіндер жиіледі. Аялдап тоқтап, дәм ауыз тиіп кететін жолаушылар көп. Бұл киіз үйді жалға алып отырмыз, алдағы бір жеті көлемінде мұны иесіне тапсырып, арнайы екі-үш киіз үйді құрғымыз келеді. Қазір тапсырыс беріп те қойдық. Ешбір қоспасыз, табиғи таза қымызға сұраныс қашанда жоғары болады, – дейді Нұрлан Сейілханов.
Ауыл әкімі Аслан Исмайыловтың айтуынша, Құмкешу этнотуризмді түлетуге сұранып тұр.
– Мәселен, ауылдың маңында 22 әулие жатыр. Амангелді жасағы мен ақ патша әскерінің қиян-кескі ұрысы болған атақты Құмкешу шайқасы да осы арада өткен. Осының барлығын да өсіп келе жатқан жас ұрпақ білуі керек, – дейді ауыл әкімі.
Қостанай облысы