Әлем • 17 Тамыз, 2020

Жаһанға жайылған вирус

240 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа вирусты жаһандық қауіп деп жариялағалы міне, алты айға жуық уақыт болды. Ол кезде, яғни жыл басында он мыңнан астам адам вирус жұқтырып, екі жүз адамның қайтыс болғаны белгілі еді. Бұл жағдай басында тек Қытайдың мәселесі болып көрінгені де рас.

Жаһанға жайылған вирус

Уақыт өтті, коронавирустың әлемде таралуын тоқтату мүмкін болмады. Айналамыз, өміріміз түбегейлі өзгеріске ұшырады.

Егер біз жекелеген елдерді емес, тұтастай ғаламшарды алатын болсақ жағдай мәз емес секілді. Вирус жұқтырғандар саны 21 миллионға жақындады, ал қайтыс болған адамдар саны 750 мыңнан асты. Пандемия басталған алғашқы кезеңде әр жүз мың науқастың дертін анықтауға бір апта уақыт қажет болған еді, ал қазір бұл бірнеше сағаттың ішінде белгілі болып жатыр. ДДҰ ұйымы әлем әлі де пандемияның құрсауында екенін айтуда. Бұл індет барша адамзатқа ортақ және оның әсері әр мемлекетте әртүрлі. Бірақ өз еліңе қарап, барлық жерде осылай екен деп топшылауға да болмайды, себебі кейбір мемлекеттерде жеңіл өтсе, кейбіреуі ауыртпашылықты қатты сезінді. Сол елдердің ішінде Қазақстан да бар. Барлығын біріктіретін бір жайт – вирус жұқтыру қаупі.

Латын Америкасында індеттің өршуі, Үндістанның қауіпті аймақтардың біріне айналуы, Гонконгта тұрғындардың карантин орталықтарында жатуы, Еуропа мен Аустралияның карантин енгізудегі қиындықтары және тағы басқалар бүгінгі өмірдің бір бөлігіне айналды.

Індетті ноқталаған елдер де жоқ емес. Жаңа Зеландияның әрекеті барша әлемнің назарында болды. Елде алғашқы науқастар пайда болғанда бірден іске көшкендердің бірі осы мемлекет. Нәтижесінде вирус жойылып, халқы бұрынғы өміріне қайта оралған. Алайда соңғы күнде елде бір-екілі науқастың анықталғаны жайлы хабарлар бар. Сонда бұл коронавирусты түбегейлі құрту мүмкін болмай тұр деген сөз бе?

Қарапайым ережелерді түсіну Моңғолия секілді Қытаймен шекарасы ең ұзақ елге көмектесті. Елдегі жағдайдың ушығуы әбден мүмкін еді. Дегенмен шілде айына дейін бірде-бір жағдай тіркелмеген. Бүгін Моңғолияда індет жұқтырудың 298 дерегі ғана тіркелген.

Мамандар ел билігі мен қоғамдық денсаулық сақтау өкілдерінің тіл табыса алмауы да вирустың жылдам тарауына себеп болғанын алға тартады. Мәселен, АҚШ-та Дональд Трамп пен бас санитарлық дәрігердің сөзі бір жерден шықпауы қиындық келтірген. Бразилияда да осыған ұқсас жағдай. Президент Ж.Болсонаро алғашқыда вирусты болмашы тұмауға теңеп, карантин енгізуді құп көрмеген. Ақыры аяғында қос ел де әлемде ең көп зардап шеккен аймаққа айналды. Бұл екі елді қоса алғанда 9 миллионға жуық адам жұқтырған.

Одан бөлек қатаң шаралар енгізіп, соңынан қауіптің әлі бар екенін ұмытып кеткен елдер де бар. Біздің елдегі сценарий осыған сәйкес болса керек. Бұл қатардағыларға Аустралияны да жатқызуға болады. Қытайдан кейін індеттің ошағына айналған Еуропа да қайта ашыла бастаған. Испания, Франция, Грекия, Германия вирус жұқтырғандар саны өскенін айтып, қайта дабыл қағып жатыр. Сарапшылар барлық елдерге ескерту ретінде бір рет жеңіске жету екінші рет сәтті нәтижеге қол жеткіземіз дегенді білдірмейтінін айтып ескертіп келеді. Оны тәжірибе де көрсетті. Жақында елімізде карантин шаралары жеңілдей бастайды. Бірақ бұл вирус жоқ дегенді білдірмейді. Сондықтан өткеннен сабақ алып, жаңа жағдайда өмір сүруді әдетке айналдыру керек болар. Жаз аяқталып, күз келе жатыр. Бұл біздің қоғамдағы жауапкершілігімізді қайта сынайтын кез секілді.

 

Соңғы жаңалықтар