Арбиген ауылының халқы тоқырау жылдары құрылысы аяқталмай қалған мәдениет үйін апа-аталар, ағайын-туыс, көрші-қолаң, бала-шаға болып осы күнге дейін сақтап келді. Біреулер бұзып алып кетпесін деп ауылдың үлкен-кішісі бар күні-түні кәдімгідей күзетті. Сөйтіп жүргенде, «Ауыл жылдары бағдарламасы» да өтті. Облыстық «Ақ бұлақ» бағдарламасы тіпті Арбиген ауылы жаққа бұрылған да жоқ. Бұл жайында біз де газетімізде бірнеше рет жазып, сол кездегі әкімдерге құлаққағыс еткен болатынбыз.

Былтыр ауыл ақсақалы, ардагер ұстаз Қорған Ашатайұлы облыс әкімі Ерлан Арынға мәдениет үйінің жай-күйін айтып, өтінішін жеткізді. Атамыз кезінде Дінмұхамед Қонаевқа да ауыл халқы атынан өтініш жазып, Арбигенге қазақ мектебін салдырған еді. Облысқа да, ауданға да талай әкім келді, кетті. Қорған ақсақал олардың бәріне де арыз-өтініш жазудан жалықпады. Өзге әкімдер жүре тыңдаған ауылдың өтініші бұл жолы жерде қалмады. Е.Арын айтқан уәдесінде тұрды. Облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Құрылысы аяқталмай, ауыл ортасында бос тұрған мәдениет үйінің жөндеу жұмыстарын облыс орталығындағы «Azia LTD – Павлодар» серіктестігі жүргізді. Ал қазір ауылда ауылдықтар өздері бір кірпішін де бұздырмай сақтап қалған әсем зәулім ғимарат пайда болды. Мәдениет үйінде кітапхана, медициналық бөлімше орналасты.
– Ойпырым-ай! Үміт үзбей талай жыл күттік-ау. Ел мен жердің бір шетін сақтап, ауылда ел отырғанын кейбір басшылардың ұмытып кететіні жанға батты. Ауыл – қазақтың бесігі. Мәдениет үйін тонатпай, күні-түні күзетіп жүргеніміз де сол, ауылды сақтап қалу. Мен Ерлан Арынға сендім. Ауыл ырза. Мәдениет үйі ашылған күні өзі келіп, кітапханаға ақын-жазушылардың 200 кітабын сыйға тартты, – дейді Қ.Ашатайұлы.
Ал ауыл жағдайы жақсы, мал жетеді, дастарқаны мол. Серікбай Дәуітов басқаратын «Аян» шаруа қожалығы асыл тұқымды қара мал өсіреді. Шаруашылық «Сыбаға» бағдарламасының көмегімен 8 миллион теңге несиеге сиыр сатып алыпты. Қазір 60 бас малы бар. Айтпақшы, ауылдағы дәрігерлік бөлімше бұрын дәрігер Қуаныш Қайырбаевтың үйінде болыпты. Ол Екібастұздың медициналық колледжін бітірген жас маман ретінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша осы ауылға келіпті.
Бұл күндері аудан орталығында тұрғындар Арбиген ауылындағы мәдениет үйі сияқты талай жылдар бойы күтіп жүрген 300 оқушыға арналған қазақ мектебінің құрылысы жүргізілуде.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы,
Шарбақты ауданы.