Спорт • 17 Тамыз, 2020

Рим Олимпиадасына – 60 жыл!

787 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Осыдан дәл 60 жыл бұрын, яғни 1960 жылдың 25 тамызы мен 15 қыркүйегі аралығында Италияның бас шаһары – Римде XVII жазғы Олимпия ойындары дүркіреп тұрып өтті. 81 мемлекеттен келген 5348 үміткер жарыс жолына шығып, спорттың 17 түрі бойынша 150 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Жалпы командалық есепте 103 (43 алтын+29 күміс+31 қола) жүлде алған КСРО құрамасы жеке-дара көш бастаcа, екінші және үшінші орындарды АҚШ (34+21+16) пен Италия (13+10+13) иеленді. Сондай-ақ үздік бестіктің қатарына Германия (12+19+11) мен Аустралия (8+8+6) енді.

Рим Олимпиадасына – 60 жыл!

Рим Олимпиадасының алауы тұтан­ға­нына биыл 60 жыл толып отыр. Дәл осы Апеннин түбегінде қазақтың ұлы тұңғыш рет Олимпия ойындарында атой салып, жеңіс тұғырына көтерілді. Тарихы тереңде жатқан ежелгі шаһарда қазақтың мәртебесі мен мерейі өсіп, рухы самғау биікте асқақтады. Осының барлығы да желмен жарысқан желаяқ Ғұсман Қосановтай дара туған азаматтың арқасы!

Ғұсман Ситтықұлы 1935 жылы Шығыс Қазақ­стан өңірінде дүниеге келді. Бозбала кезінен спортқа етене жақын болды. Жеңіл атлетика және шаңғымен шұғыл­данды, футбол мен хоккей ойнады. Севас­топольде Отан алдындағы әскери боршын өтіп жүрген кезінде желаяқтар арасындағы жарыстарға қатысып, бірден керемет нәтиже көрсете бас­тады. 1955 жылы Украина біріншілігінде 100 метрлік қашықтыққа жүгіріп, 10,7 секундтық көрсеткішпен күміс медальді мойынына ілді. Қандасымыз тек әйгілі Леонид Бартеневтен 0,1 секунд қана қалып қойған еді. Жас жігіттің шеберлігіне тәнті болған танымал бапкер Александр Масловский оны Молдоваға шақыртады. Бірер жыл ол елде өнер көрсетеді.

Ғұсманның спорттық өмірбаянында жарқын жеңістер аз болған жоқ. Ол қысқа қ­ашықтықтарға жүгіруде талай таң­дай қағарлық көрсеткішке қол жет­кізді. 100 метрлік сайыстағы оның жеке рекорды – 10,2 секунд. 200 метрді Қоса­нов 21,1 секундта жүгіріп өтті. Осы нәти­же­лер­дің барлығы да кезінде рекордтық көр­сеткіш ретінде тіркелді. Ал өзінің ең зор табысына қандасымыз 1960 жылы Рим Олимпиадасында қол жеткізді. 4х100 эстафеталық сайысында құрамында Ғұсман Қосанов, Леонид Бартенев, Юрий Коновалов және Эдвин Озолин сынды саңлақтары бар КСРО құрамасы күміс медальді иеленді. Осылайша Ғұсманның есімі Олимпия ойындарында жүлде алған тұңғыш қазақ спортшы ретінде тарихта қалды.

Кейіннен де Қосанов өзінің айшықты өнерімен көрермендерді сан мәрте қуантты. 1964 жылы Токио Олимпиадасына қатысты. Эстафеталық сайыста бесінші орынға табан тіреді. 1965 жылы Киевте АҚШ пен КСРО желаяқтарының матчтық кездесуі өткен болатын. Сол жарыста Эдвин Озолин, Ғұсман Қосанов, Әмин Тұяқов және Николай Политико квартеті америкалықтарға шаң қаптырып кетті.

Италияның астанасында өткен дүбірлі додада Қазақстанның тағы бір спортшысы олжаға кенелді. Ол – Махмұд Омаров. 1976 жылы Мельбурн Олимпиадасында 50 метрлік қашықтықтан тапаншамен нысана көздеу сайысында күміс медальді олжалаған жерлесіміз Римде де дәл сол көрсеткішін қайталады. Жасыл құрлықта Омаров финляндиялық Пентти Линосвуға есе жіберсе, Апеннин түбегінде өзінің командалық әріптесі Алексей Гущиннен қалып қойды.

Махмұд Бедалжанұлы 1924 жылы Алма­­тыда дүниеге келді. Ұлты – ұйғыр. Ұлы Отан соғысына қатысып, бірнеше медальмен марапатталды. Қан майданнан оралғаннан кейін оқуын жалғастырып, медицина саласының білікті маманы болды. 29 жасында кандидаттық дисертация қорғады. Тек содан кейін барып қана нысана көздеуге мықтап ден қойды. Көп кешікпей спорттың осы түрінен елеулі табыстарға қол жеткізіп, КСРО құрамасына қабылданды. 1958 жылы Мәскеуде ұйымдастырылған әлем чемпионатында екі алтын және бір күміс медальді иеленсе, 1955 және 1959 жылдары Еуропа чемпионы атанды. Омаровтың басқа да толып жатқан атақтары бар.

Өкінішке қарай, жоғарыда есімдері аталған қос азаматтың да ғұмырлары келте болды. Тағдыр тәлкегін молынан тартқан Ғұсман 1990 жылы 55 жасында жарық дүниемен қош айтысты. 1961 жылы кенеттен Махмұдтың жүрегі тоқтады. Ол небары 37 жаста еді...

Рим Олимпиадасы көптеген тарихи оқиғалармен есте қалды. Бүгінгі мақа­ла­мызда солардың біразына тоқталсақ, еш айыбы жоқ деп ойлаймыз. Мәселен, КСРО-ның ауыр атлеті Юрий Власов, АҚШ-тың желаяғы Вилма Рудольф және Эфиопияның марафоншысы Абебе Бикила осы жарыстың ең үздік спортшысына тиесілі арнайы сыйлықты иеленді. Әрине оған таңдануға болмас. Осы саңлақтардың әрқайсысы өз дәуірінің дара тұлғалары.

Аса ауыр салмақта күш сынасқан ауыр атлет Юрий Власов жаттығудың үш түрі бойынша 537,5 килолық зілтемірді еңсе­ріп, әлемдік рекордты жаңартты. Вилма Рудольф үш мәрте алтыннан алқа тағынды. «Қара газель» атанған америкалық ару 100, 200 және 4х100 эстафеталық сайыста шашасына шаң жұқтырмады. Ал Италияға бару я бармау мәселесі ең соңғы сәтте шешілген Абебе Бикила жалаң аяқ жүгіргеніне қара­мастан олимпиадалық рекордты жаңартып, жарыс жеңімпазы атанды.

Төрткүл дүние жанкүйерлері КСРО-ның қос спорттық гимнасшысы – Борис Шахлин мен Лариса Латынинаның теңдессіз өнеріне айрықша тамсанды. Түменнің тумасы Шахлин Римде жеті рет жеңіс тұғырына көтерілді. Ол 4 алтын, 3 күміс және 1 қоланы еншіледі. Херсонда туып-өскен Латынина алты рет атой салды. Ол 3 алтын, 2 күміс және 1 қоланы өз қоржынына салды.

Өз елінде қос жүлде алған семсерлесуші Эдоардо Манджаротти Олимпия ойындарында жеңіп алған медальдарының жалпы санын 13-ке жеткізді. Тарқатып айтсақ, ол 6 алтын, 5 күміс және 2 қоланы иемденді. Сол кездері ғаламдық додада көрсетілген ең керемет нәтиже дәл осы Манджароттиге тиесілі болатын. Кейіннен оның алдын Лариса Латынина (18 жүлде), Николай Андрианов (15 жүлде) және Майкл Фелпс (28 жүлде) сынды спортшылар орады.

Дәл осы жарыста әлем жұртшылығы Касиус Клейдің есімін алғаш рет естіген еді. 18 жастағы АҚШ-тың Кентукки штатының тумасы шаршы алаңда асқан шеберлік танытып, барша жанкүйердің бірден назарына өзіне аударды. 81 кило салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан ол бельгиялық Йвон Бекаус, КСРО боксшысы Геннадий Шатков, аустралиялық Энтони Мэдиган және польшалық Збигнев Петшиковскидің тас-талқанын шығарып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Кейіннен Ислам дінін қабылдап, аты-жөнін Мұхаммед Әли деп өзгерткен айтулы былғары қолғап шебері кәсіпқой рингтің патшасына айналды.

1960 жылдың 16 шілдесінде Данияның астанасы – Копенгагенінен Хернингке бағыт алған шағын ұшақ Эресунн өңірінің маңында апатқа ұшырады. Бортта тоғыз жолаушы болады. Солардың сегізі футболдан Олимпия ойындарына даярланып жатқан аталмыш мемлекеттің ұлттық командасының мүшелері еді. Әуе апаты кезінде теңбіл доп шеберлерінің барлығы да мерт болды. Халқы қара жамылып, ел құрамасы едәуір әлсірегеніне қарамастан Дания футболшылары Олимпиадаға өнер көрсетті. Нәтижесі керемет болды. Небір мықты командаларды қапы қалдырған даниялықтар тек финалда ғана Югославияға есе жіберіп, күміс медаль олжалды.