Футбол • 17 Тамыз, 2020

Алғашқы қарсыластар анықталды

167 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Келесі аптада қазақстандық футбол командалары 2020/2021 жылғы Еурокубок бәсекелеріндегі жорығын бастайды. Пандемияға байланысты биылғы Еуродода матчтары белгіленген мерзімнен бір айға кеш басталып жатыр. Былтыр бұл уақытта командалар іріктеудің бел ортасынан асып, үшінші кезеңіндегі ойындарын өткізіп жатқан-ды. Жақында жаңа маусым алдында Швейцарияның Ньон қаласында жеребе тарту рәсімі өтіп, байрақты бәсекеде сынға түсетін командаларымыздың алғашқы қарсыластары белгілі болды.

Алғашқы қарсыластар анықталды

«Астана»

Биылғы Еурокубок бәсекесін қазақстандық клубтардан әдеттегідей елорданың «Астана» командасы бастап береді. Еліміздің алты дүркін чемпионы жарысты жыл сайын Чемпиондар лигасының іріктеуінен бастап, Еуропа лигасының топтық кезеңімен аяқтайтын. Биыл да «Астана» доданы Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңінен бастағалы тұр. Қарсылас – «Динамо-Брест». 60 жылдық тарихы бар Беларусь командасы былтыр өз елінің чемпионы атанып, Чемпиондар лигасына қатысуға мүмкіндік алды. Десе де биылғы біріншілікте жағдайлары аса мәз емес. Брест футболшылары осы мау­сымда өткізген 19 ойында 29 ұпай жинап, турнир кестесінде 9-орында келеді. Салыстырмалы түрде клубтың жағдайы «Астанаға» қарағанда тәуір. Ал елдегі эпидемиялық жағдайға байланысты футболдан Қазақстан чемпионаты бес айдан бері тоқтап тұр. Сәйкесінше, елорда командасы осынша уақыттан бері әлі бірде-бір ресми матч өткізген жоқ. Ал қазір Беларусь біріншілігі нағыз қызған шағында, футболшылар толық бабында деуге болады.

«Астана» құрамы былтырғы жылмен салыстырғанда биыл сәл болсын күшейген. Жыл басында Данияның «Копенгаген» клубынан кипрлік ша­буыл­шы Пиерос Сотириу, былтыр «Қай­сар» сапында доп тепкен армениялық жар­тылай қорғаушы Тигран Барсегян, Беларусьтің «Шахтерінен» Макс Эбонг секілді жаңа ойыншылар келді. Ал «Ди­намо-Брест» құрамында қазақ фут­болына, жанкүйерлеріне жүзі һәм аты таныс бірқатар футболшы бар. Мы­салы, команданың вице-капитаны Сергей Кисляк 2018 жылы Павлодардың «Ертіс» клубында 16 ойын өткізген. Сонымен қатар қазақ топырағында туып, Қарағандының «Шахтер», Қостанайдың «Тобыл» құрамында ойнаған Михаил Гордейчук те «Динамода» доп тебеді. Кезінде Украина құрамасы мен Киевтің «Динамосын» өрге сүйреген Артем Милевский де Брест клубының белсенді футболшысы.

Екі команда арасындағы матч 18 та­мызда Брест қаласында өтетін болып бекітілді. Жаңа ережеге сай кездесу бір матчтан тұрады. Негізгі уақытта жеңім­паз анықталмаса, қосымша уақыт және пенальти сериясы белгіленеді.

 

«Қайрат»

Жыл сайын Еурокубок бәсекелерінде топтық кезеңге шығуды көздейтін «Қай­рат» Еуропа лигасының алдында кезінде Ресейдің ЦСКА клубы мен Бразилия ұлттық құрамасында жа­сындай жарқылдаған шабуылшы Вагнер Лавпен құрамын күшейтті. Дәл осы футболшы Еуропа лигасында қалай топ жарудың сырын біледі. Өйткені Лав 2004/05 жылғы маусымда ЦСКА-мен УЕФА кубогында жеңімпаз атанған еді.

Еуропа лигасының алғашқы іріктеу кезеңіндегі «Қайраттың» қарсыласына тоқталсақ. Алматы клубының бірінші кезеңде Ереванның «Ноа» командасымен кездеседі. 2017 жылы құрылған клуб алғашында «Арцах» деп аталған. 2019 жылдың жазынан бастап клубтың аты «Ноа» болып өзгеріп, сол жылы Армения чемпионатында екінші орынға табан тіреді. Сөйтіп «Ноа» тарихта бірінші рет Еуропа лигасында бақ сынауға мүмкіндік алды.

«Ноа» клубының ойыншылары «Қайрат» футболшыларына қарағанда ойын тәжірибесі де, физикалық мүм­кін­дігі де жеткілікті. 9 тамызда «Ноа» Арме­ния Суперкубогында «Арарат-Арме­ния» командасымен кездесіп, 120 минут­қа созылған ойында 2:1 есебімен жеңіс­ке жетті. Сонымен қатар аталған команда шілде айында төрт кездесу өткізіп, үшеуінде қарсыластарынан басым түскен. «Қайратқа» қарсы өтетін ойынға дейін Армения командасы чемпионатта екі матч өткізеді. «Қайрат» та екі кездесу өткізіп үлгереді, бірақ футболшылардың спорттық бабына ену үшін кем дегенде 5-6 ойын керек. Десе де екі клуб тәжірибеге сүйеніп ойнайтыны жасырын емес. Ал тәжірибе жағынан басымдық «Қайрат» футболшыларында екені анық. Екі команда арасындағы бәсеке 27 тамызда Алматыда өтеді.

 

«Ордабасы»

Кейінгі жылдары Еуропа лигасының тұрақты қатысушысына айналған Шым­кенттің «Ордабасы» клубы биылғы ірік­теуді Румынияның «Ботошани» клу­бына қарсы бастайды. 2001 жылы құрылған команда өз тарихында екінші мәрте Еуропа лигасында бақ сынауға мүмкіндік алды. Ең алғаш 2015/16 жылы екінші іріктеу кезеңінде Чехияның «Легия» клубымен кездесіп, екі ойын қорытындысы бойынша 4:0 есебімен жеңіліп қалған. 

Команданы румындық маман Ма­риус Кроитору жаттықтырады. Ол 2010/11 жылдары Қазақстан чемпио­на­тында доп теуіп, «Атырау» команда­сының қатарында өнер көрсеткен. Клуб құрамында жергілікті ойыншы­лармен қатар 12 легионер доп тебеді. Олар­дың ішінде – үш футболшы Аустрия­дан, екі футболшы Аргентина мен Сол­түс­тік Македониядан. Сонымен қатар Гер­мания, Франция, Хорватия, Греция, жә­не Албаниядан ойыншылар бар. Клуб­тың үздік сұрмергені хорватиялық Мар­ко Дуганджич, ол 13 матчта 8 доп соқты.

Естеріңізде болса, былтыр «Ор­да­басы» клубы Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде «Млада Болеслав» командасынан 4:3 есебімен жеңіліп қалған еді. Шымкент командасының құ­ра­мына қарап, былтырғы сәтсіздіктен сабақ алмағанын байқауға болады. Клуб қысқы және жазғы трансферде тек бір ғана футболшыны сатып алды (Рубен Бриджидо, жартылай қор­ғау­шы). Қысқы үзіліс кезінде был­тыр командаға әжептәуір еңбегі сіңген қақпашы Дмитрий Непогодов, қорғау­шы Сер­гей Малый және шабуылшы Алек­сей Щеткин клубтан кетті. Екі ұжым арасындағы тартысты кездесуді 27 тамызда тамашалаймыз.