Футбол • 17 Тамыз, 2020

Сенсацияға толы ширек финал

328 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Футболдан Чемпиондар лигасының ширек финалдық ойындары өтіп, бас жүлде үшін тартысты жалғастырып жатқан үздік төрт команда анықталды.

Сенсацияға толы ширек финал

Францияның ПСЖ командасы Чем­пиондар лигасының жартылай финалына алғашқы болып шықты. Ширек финалда париждіктер Италияның «Аталанта» клубынан 2:1 есебімен басым түсті.

Жанкүйерлерсіз өткен матчта «Ата­лантадан»  Пашалич (27 мин) қанжығасы майланып, 90-минутқа дейін есеп өзгер­меген еді. Алайда ПСЖ айналасы үш ми­нутта «камбэк» жасады. Маркиньос (90 мин.) пен Шупо-Мотин (90+3 мин.) гол соғып, командасын жеңіске жетеледі.

«РБ Лейпциг» сенсация жасап, «Ат­летиконы»  2:1 есебімен жеңді.

Ойын басталмас бұрын Egemen.kz сайтына «Лейпцигтің» қандай жағдайда ғана жартылай финалға шығуы мүмкін еке­нін айтқан едік. «Соңғы бес ойында тек екі рет қана жеңіске жеткен «Бұқа­ларға» Ла Лигада өз қақпаларына ең аз гол жіберетін командалардың бірі «Атле­тикоға» қарсы тұру қиынға соғады. Әйт­кенмен Юлиан Нагельсманның шәкірттері бірінші болып гол соқса, испан командасын әбігерге түсіретіні сөзсіз. Өйткені «Атлетиконың» қарсылас командаға көп гол соға бермейтіні де бар».

Айтса айтқандай, ширек финалда «Лейпциг» бірінші болып есепті ашты. Ойынның 51 минутында Ольмо есеп ашып, командасын алға шығарды. Араға 20 минут салып «Атлетико» сапынан  Португалияның талантты жас футболшысы Жоау Феликс 11-метрлік айып добын сәтті орындап есепті теңестірді. Ал ойынның 88-минутында Адамс бұл кездесуге нүкте қойды. Сол қапталдан әдемі пас алған ол еш ойланбастан қақпаға соққы жасады. «Атлетико» қақпашысы Облак соққыны қайтарар ма еді, егер де доп қор­ғау­шылардың біріне тимегенде. Есеп – 2:1, «РБ Лейпциг» жартылай финалда.

«Барселона» – «Бавария» матчы Лио­нель Месси мен Роберт Левандовскидің «Алтын допқа» кімнің лайық екенін көр­сетіп бергендей. Әрине футбол тарихында аргентиналық футболшының есімі, атақ-даңқы танымал. Бірақ Лиссабонда Левандовский және оның командасы қай кезде де мықты екенін дәлелдей алды.

Бұған дейін қарсыласынан әр таймда 4 гол жіберіп алатын «Барселонаны» бұрын соңды көрмеппіз. Сөз жоқ Месси – феномен! Осындай мықты ойыншысы бар команданы жолдан тайдырған және 8:2 есебімен ойсырата жеңген «Баварияда» «ұят», «аяушылық» жоқ деушілер де табылар. Алайда бұл – футбол. Футболда аяушылық деген болмайды.

Гол соққандар – Алаба 7 (өз қақпасына), Суарес 57 («Барселона») – Мюллер 4, 31, Перишич 21, Гнабри 27, Киммих 63, Левандовский 82, Коутиньо 85, 89 («Бавария»).

Францияның «Лион» командасы Анг­лияның «Манчестер Сити» командасын 3:1 есебімен басым түсіп, жартылай фи­нал­ға жолдама алған соңғы команда.

Ойын басталмас бұрын бірқатар футбол мамандары Гвардиола баптайтын МС ұжымын үздік төрт команданың қатарына қосып қойған еді. Алайда олардың бұл жолғы болжамын көбінесе қарымта шабуылдармен гол соққан «Лион» күл-паршасын шығарды.

«Лион» бірінші болып есеп ашты. Ойынның 24 минутында Корне айып алаңы­ның сыртында сол аяқпен шірене теуіп, ко­мандасын алға шығарды. 69 минут­та МС сапынан Бельгия құрамасының тә­жі­ри­белі футболшысы Кевин Де Брюйне айып алаңы­ның ішінде қақпаның оң жақ бұ­ры­шын дәл көздеп, есепті теңестірді. Ал ойын­ның 79 және 87 минуттарында фран­­цуз шабуылшысы Дембеле дубль ав­торы атанып, бұл кездесуге нүкте қойды. Есеп – 3:1, «Лионның» пайдасына шешілді.

18 тамызда жартылай фи­налдық матч­та «Лейпциг» – ПСЖ өзара мықтыны анық­таса, 19 тамызда «Лион» азулы «Бава­рия­мен» кездеседі.