Аймақтар • 17 Тамыз, 2020

Көл қамысынан арылса...

889 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары тананың көзіндей жарқырап жататын Қопа көлін қаулай өскен қамыс басып кетті. Қопаға құятын Қылшақты өзенін де түйенің бойындай қау басқан. Рабайсыз өскен өсімдіктердің салдарынан көл суы да, өзен суы да ластануда. Қазіргі күні облыстық табиғи ресурстар басқармасының мамандары арнайы жоба шеңберінде тазарту жұмыстарын жүргізуде.

Көл қамысынан арылса...

Көкшетау қаласының дәл іргесіндегі Қопа көлі ластанғалы қай заман?! Көл бағы кешегі кеңес заманында тайған. Көлге құя­тын Шағалалы өзенінің бойына Зеренді, Сандықтау аудандарының шаруашылықтары мал қораларын тақап салғаннан бері су ластанды. «Жығылғанға жұдырық» де­гендей, қамыс өсіп, балдыр ба­сып кетті. Көлдің санитарлық-эко­логиялық жағдайының ушы­ғуына Қылшақты өзенінің ахуалы да себеп болып тұр. Қазіргі күні мамандар өзен арнасын суасты өсімдіктерінен тазартуға кірісуде. Экологиялық жоба бес учаскеге бөлінген.

– Басқарма Қопа көлін тазарту жолын жан-жақты зерделей келе, жаңа жоба әзірледі, – дей­ді облыстық табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орын­басары Болат Тоқышев, – елі­міздегі облыс орталықтары ішінде іргесінде дәл осындай көлі бар, жиекте қос өзені ағып жатқан қала Көкшетау ғана. Сондықтан экологиялық жағдайды сауық­тырып, табиғаттың тартуын елдің игілігіне жарату парыз.

Қазір аталған учаскеде 15 адам жұмыс істейді. Қажетті техни­ка­лармен қамтамасыз етілген. Та­зарту жұмыстары қыркүйек айын­да толық аяқталмақ, әзірге жартысы еңсеріліп қалыпты. Мердігер Максим Карбушевтың айтуына қарағанда, екі мың текше метрден астам қоқыс шығарылған. Өзен арнасындағы суасты өсімдіктерін шабу үшін арнайы техника сатылып алынған. Бұл орайда су көзін тазалайтын Беларусь технологиясы әлдеқайда ұтымды екен.

– «ЛК-12А» құрылғысы суас­ты шөбін шабуға арналған. Ретіне қарай сағатына 0,8 гектарға дейін тазарта алады, – дейді инженер Әділ Әбжанов.

Келесі кезекте Қылшақты өзе­нінің басқа учаскелерін тазарту жоспарлануда. Мамандардың айтуына қарағанда, жоба толық жүзеге асырылған кезде эколо­гиялық жағдай анағұрлым сауыға түспек.

 

КӨКШЕТАУ