Аймақтар • 17 Тамыз, 2020

Ауылға көмектескен атымтайлар

223 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тараз қаласына қарасты Құмшағал алқабында осы уақытқа дейін жасанды жабыны бар шағын футбол алаңы жұмыс істеп кел­ген еді. Енді аталған ауылдың түлектері, кәсіпкерлер Мақсат Сүлей­менов пен Бақтияр Тоғайбаев осы тұрғын алқапта жаңа дене шы­нықтыру-сауықтыру кешені мен аула клубын ашатын болды.

Ауылға көмектескен атымтайлар

«БАК Industry» компания­сының құрылтайшылары болып табылатын кәсіпкерлер бұл игі іске 183,5 млн теңге бөліп отыр. Бұл спорт кешені бокспен және күреспен айналысуға арналған залдармен қамтылатын болады. Бүгінгі таңда нысанның іргетасы қаланып, қабырғалары көте­рілуде. Сондай-ақ іргелес аумақты абаттандыру, аллея салу жұмыстары да жоспарланған. Кес­теге сәйкес аталған нысан келесі жыл­дың нау­рыз мейрамына дейін толық дайын болуы керек.

 Сонымен қатар аталған кәсіпкерлердің демеушілігімен үлкен футбол алаңын салу, 260 орындық трибуна салу да жос­парланған. Бұл Елбасының бас­­тамасымен қолға алынған «Туған жерге тағзым» жобасы ая­сында жүзеге асып отыр. Ауылға кө­мектескен атымтайлар Мақ­сат Сүлейменов пен Бақ­тияр Тоғайбаев тағы да өз есе­бінен бес көшеге жарық шамдарын орнатуды жоспарлап отыр екен. Алайда басқа ұйымның теңгерімінде тұрған тіректерді пайдалануға қатысты мәселе бар болып шықты. Сонымен қатар кәсіпкерлер ауылдықтарға су мұнарасын өз күшімен жөндеуге ниетті екендіктерін де жеткізуде.

 

Жамбыл облысы