Қазақстан • 17 Тамыз, 2020

Ауыр жүк тасымалымен айналысатындарды бақылау күшейтілгені жөн

354 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Біздің елімізде жолдар сапасыз салынғанымен қоймай оларды тезірек бүлдіретін ауыр жүктер таситын автомобильдер де көп жүреді. Олар техникалық көрсеткіштерінен асыра жүк тиеп, жолға түсетін қысымды арттыра түседі.  Сондайлардың кесірінен бәленбай миллиард шығындап салған жолдар тез бұзылады.

Ауыр жүк тасымалымен айналысатындарды бақылау күшейтілгені жөн

Белдіктерге түсетін салмақтың сақталуы заңмен бекітілген. Бірақ соған қарамай ауыр жүк таситын аударғыш машиналар шамадан тыс жүктерді ала береді. Жолдар негізінен осы себептерден бүліне бастайды. Әсіресе, облыстағы карьерлерден инертті материалдарды тасымалдайтын ауыр салмақты көліктер жолды тез бұзады. Сондықтан еліміздегі Көлікті бақылау инспекциясы деген арнайы қызмет олардың жолға шамадан тыс салмақ түсірмеуін қатаң бақылауы керек.

Жуырда Солтүстік Қазақстан облысының Көлікті бақылау инспекциясының бастығы Руслан Сейталин мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитетінің ахуалдық сарапшысы Сұлтан Мұсағалиев журналистерге брифинг беріп, осы мәселелердің облыста бақылануы барысы туралы айтып берді. Р.Сейталин өзінің баяндамасында 2020 жылдың 7 айында облыста барлығы 2893 автокөлік құралы тексеріліп, оларда анықталған заң бұзушылықтар фактілері бойынша инспекция қызметкерлері 31,0 млн. теңге айыппұл салу туралы 413 әкімшілік материал толтырғанын жеткізді.

«Көлік заңнамасын бұзу бойынша тамыз айында ғана 55 әкімшілік материал жазылған. Негізгі бұзушылықтар – тасымалдаушылар мен жүк жөнелтушілердің жүктерді рұқсат етілген салмақтық параметрлерден асырып жіберуі болып табылады, деді ол.

Сонымен қатар Р.Сейталин өзінің сөзінде жүк автокөліктерінің жүруін бақылауды күшейту және тәжірибе алмасу мақсатында Солтүстік Қазақстан облысына Көлік комитеті ахуалдық орталығының мобильді тобының құрамынан сарапшы Сұлтан Мұсағалиев келгенін және оның қатысуымен болған рейдтік іс-шаралар  туралы айтты. Осы рейд кезінде бір тасымалдаушы таразыға тұрудан бас тартқан. Бұл оқиға ағымдағы жылдың 10 тамызында сағат кешкі алты шамасында Бескөл ауылының маңайында болған. Инспекция қызметкерлерінің талабына бағынбаған жүргізуші Ресей Федерациясында тіркелген екен. Ал ол тасыған инертті материал – қиыршық тастың жалпы салмағы 20 тоннадан асқан.  Инспекция мамандары тоқтатқаннан кейін АКҚ-ның жүргізушісі МАЗ жүк көлігін тастап, жеңіл автокөлікпен белгісіз бағытқа кетіп қалған. Бұл туралы инспекция мамандары СҚО ПД кезекші бөліміне жедел ақпарат береді. Шамамен 1 сағаттан кейін МАЗ автокөлігінің жүргізушісі қайтып келіп, маневр жасап, жол төсемінің бір бөлігін басып алып, жол жиегіне қиыршық тасты түсіреді. Тексеру үшін тоқтатылған автокөлік құралының жүргізушісінің және лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттері қызметтік бейнежетонға тіркелген. Қазір оған бұзушылық қылықтары үшін әкімшілік материалдар жиналып, 143,1 мың теңге сомасында айыппұл салыныпты.  

Бұл қиыршық-тас таситын ауыр салмақты көліктер жүргізушілерінің оспадарлық қылығының бір көрінісі ғана. Осының өзі ондайларға бақылауды жиі жасаудың қажеттігін көрсетеді.

Көлік комитетінің ахуалдық сарапшысы Сұлтан Мұсағалиев өзінің сөзінде көліктік бақылау органдары ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында еліміз бойынша барлығы 11543 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтағанын, оның ішінде 1744-і салмақтық параметрлердің шамадан тыс асып кеткені екенін, солардың 800-ден астамында іс карьерлік аударғыштардың тасымалдаушыларына қатысты қозғалғанын жеткізді. «Қазір көліктік бақылауды жүзеге асырудың, атап айтқанда, автокөлік құралдарын өлшеуді жүргізудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында көліктік бақылау бекеттері өлшеу нәтижелері туралы деректерді Көлік комитетінің ахуалдық орталығына автоматты түрде беру функциясы бар таразы жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, 2019 жылдың 14 шілдесінен бастап қызметкерлердің автомобиль көлігі саласындағы көліктік бақылауды жүзеге асыру кезінде Ахуалдық орталыққа онлайн-режімде бейне деректерді беру функциясы бар 102 бірлік бейнежетондарды қолдануы енгізілді», деді ол өзінің сөзінде.

Көлік бақылау инспекциясының міндеті зор. Егер осы қызмет өздерінің міндетін тиімділікпен атқаратын болса жолдардың бұзылуы да азаяр еді. Ал ол миллиардтаған теңге бюджет қаражатын үнемдеуге жол ашады.

Солтүстік Қазақстан облысы

Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.