Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Алматы облысы, Қызылағаш ауылының қарияларынан жеделхат келді.
Хат иелері елдің ауызбіршілігі арқасында Қызылағаш ауылының қайта салынып жатқанын, балаларының жалақысын алатынын, немерелеріне ие болып қалған өздеріне жергілікті әкімшіліктің жатар орын, азық-түлік, киім-кешекпен жәрдемдесіп отырғанын айта келе, шынайы ризашылықтарын жеткізеді.
“Қызылағашымызды қайта өмірге әкеліп, денесіне жан бітіріп, тамырларына қан жүгіртіп, жаңадан баспана салып жатқандарға кемпір-шалдар атынан үлкен алғысымызды білдіреміз, Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Елімізге жасаған жақсылығыңыз алдыңыздан шықсын!” – деп Елбасыға тілек тілеп, алғыс айтады хат авторлары.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Талдыбұлақ ауылының тұрғыны Қаламқас Оспановадан хат келді.
Хат иесі Елбасын алда келе жатқан Ұлы Жеңістің 65 жылдығымен, 70 жылдық мерейтойымен және еліміздің ЕҚЫҰ-ға төраға болуымен құттықтап, игі тілектерін білдіреді.
“Сіздің амандығыңыз – біздің басты байлығымыз. Ел үмітін, бабалар аманатын арқалаған иығыңыз талмасын!” деп жазған хат авторы Елбасына ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілейді.