24 Қазан, 2013

Жоғарғы сот төрағасы соттардың жұмысын сынға алды

265 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

24 10-K. MamuЖоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәми бейне байланыс арқылы облыстық және оған теңестірілген соттардың төрағаларымен және судьяларымен, судья әдебі жөніндегі өңірлік комиссиялардың жетекшілерімен, облыс орталықтары мен қала маңында орналасқан аудандық соттардың төрағаларымен жұмыс кеңесін өткізді. Бұл туралы BNews. kz хабарлады.

Бейне байланыста сот төрелігін жүзеге асырудың қазіргі жағдайы туралы мәселе қозғалып, биылғы 9 айдағы атқарылған жұмыстарға қысқаша шолу жасалды. Республика бойынша сот актілерінің 9,5 пайызына шағым түсіп, әрбір екінші сот шешімінің күші жойылған. Ал осы мерзімде аудандық соттардың 1796 адамға қатысты үкімі де қате деп танылды. Бұл көрсеткішті былтырғымен салыстырсақ, 2 пайызға жоғары болып отыр. Сондай-ақ жергілікті соттардың 6 мыңға жуық шешімдерінің күші жойылған. Мұнан өзге, қадағалау және кассациялық сатыдағы соттар Алматы қаласы соттарының 45 шешімін, Астана қаласы соттарының 18 шешімін және Шығыс Қазақстан облысы соттарының 16 шешімін қалпына келтіріпті. Жалпы, биыл 39 судья тәртіптік жауапкершілікке тартылып, оның 8-і жұмыстан шығарылған және 2 судья сотталған.

«Биыл екі мыңға жуық адам судьялар қателігінің құрбаны болды. Сот билігі беделінің төмендеуі мен судьяларға деген сенімсіздіктің басты себебі осында. Осының нәтижесінде біз қоғаммен түсінісе алмай жүрміз»,- деді сөз орайында Жоғарғы сот төрағасы Қ. Мәми.

Жиын қорытындысында Жоғарғы сот төрағасы облыстық және оған теңестірілген соттардың төрағаларының барлығына еңбек тәртібін сақтау мәселесін жеке бақылауға алуға тапсырма берді. Сонымен бірге, өңірлік жетекшілерге сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Әмірхан Алмағанбетов.

Соңғы жаңалықтар