Табысы тасып жатпаса да, пайдасыз емес. Ең бастысы, бөдене асырау үшін көп орын қажет емес екен. Мәселен, Сақтаған үйінің ауласындағы 10 шаршы метрге жетпейтін жерде 400 құс ұстап отыр. Ол бөденеден бір күнде 100 шақты жұмыртқа алады. Дүкен сөресінен шұбар қабықты кішкентай ғана жұмыртқа көрген боларсыз. Көлемі кәдімгі кептердің жұмыртқасындай. Бірақ бағасы тауық жұмыртқасынан да қымбат. Бөдене жұмыртқасы – осы.
Сақтағанның жұбайы – Әлия Бақбасова да бөдене жұмыртқасының емдік қасиетіне әлдеқашан көз жеткізген.
– Бұл жұмыртқаның шипасын өзіміз де көріп-біліп отырмыз. Өз басым күніне аш қарынға шикідей 3 жұмыртқадан ішіп отырамын. Артынан су ішемін. Осылайша 4 ай ішіп, бір ай үзіліс жасаймын. Содан кейін тағы 4 ай жалғастыруға болады. Осының арқасында гастрит ауруынан құлан таза айығып кеттім. Қан қысымым да қалыпқа келді. Қыста тұмау-сырқау дегенді білмеймін. Өйткені бөдене жұмыртқасын ішкен адамның иммунитеті мықты болады. Жұмыртқа психикалық күйзеліске түскен адамдар үшін де пайдалы. Жүйкені қалыпқа келтіреді, – дейді ол.
Жұдырықтай құстың жұмыртқасы мен етінің мың түрлі дертке дауа екенін жақсы білетін Сақтаған осыдан 4 жыл бұрын Ресейге барып, Қорған қаласынан 20 шақты балапан сатып алған. Оған едені газбен жылытылатын арнайы құс қора салды. Аядай ғана қораның ішіндегі ауа температурасы күні-түні бір қалыпта. Желдеткіш жұмыс істеп тұр. Бөденелер 20 шақты тор үйшікке бөлінген. Оған су автоматты түрде келеді.
– Бөдене өте ақылды құс. Өздері үйреніп алған. Мынау шүмекті тұмсығымен шоқып су іше береді. Кәдімгі қолжуғыштың шүмегі сияқты. Бөдене тұмсығымен көтеріп қалса, су тамшылайды. Алдарындағы жемсалғышты қолдан жасадым. Таңертең бір, кешке бір рет жарты шелектен жем беремін. Бөдене күтімі көп уақыт алмайды. Бір құс тәулігіне бір жұмыртқа береді. Өзімізден артылғанын көрші-көлем, таныс-жақындар мен туыс-туғандар алады. Бөдененің еті де аса дәмді әрі пайдалы. Асып, қуырып, кәуап жасап, қақтап та жейміз. Жазда құс саны 1000-ға жуықтайды. Тапсырыс беріп, ет, жұмыртқа сатып алатындар көбейіп келеді, – дейді Сақтаған Бақбасов.
Сақтаған облыс орталығындағы «Қарлығаш» балабақшасында ғимарат күтушісі болып жұмыс істейді. Балабақшаның бүкіл жиһазы мен есік-терезесінің бүтіндігі осы кісінің мойнында. Ол бөденені табыс табу үшін ұстап отырған жоқ. Бұл оның жұмыстан тыс уақытта алданатын ермегі. Өзіне ұнайды. Сондықтан алдағы уақытта кәсіпкерлікті қолдау мекемелері арқылы шағын несие алып, бөдене санын көбейтуді көздейді.
ҚОСТАНАЙ