Саясат • 18 Тамыз, 2020

Дипломатиялық миссиялардың өкілдерімен кездесті

177 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық миссиялардың өкілдерімен онлайн-кездесу өткізді. Ведомство басшысы дипкорпусты еліміздегі коронавирус инфекциясының таралуына қарсы қабылданған шаралар туралы хабардар етті.

Дипломатиялық миссиялардың өкілдерімен кездесті

А.Цой Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін 2020 жылғы 16 наурыздан 11 мамырға дейін еліміздің бүкіл аумағында төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойғанын еске салды. Кейін 5 шілдеден 17 тамызға дейін шектеу шаралары енгізілді.

Бүгінгі таңда елімізде 103 033 науқас тіркелген, олардың 18 841-і емделуде, 82 777-і (80,3%) үйіне шықты, 1 415-і қайтыс болды.

«Мемлекет басшыларының уақтылы қол­дауы арқылы қымбат диагностикамен қам­тылғандар қатары артты. Нәтижесінде, бүгінде Қазақстан ПТР диагностикасымен қамту бойынша әлемде 39-орында тұр. ПТР-тестілеу саны артқан сайын COVID-19-ға шалдыққан пациенттерді көбірек анық­тауға болады және бүгінде Қазақстан тір­келген науқастар бойынша әлемде 46-орында тұр. Анықталған пациенттердің уақ­тылы оқшаулануы, амбулаториялық және стационарлық емдеу, байланыста болған адамдарды бақылауда ұстау аурудың таралуын тоқтатуға, жағдайы ауыр пациенттерді бақылауға мүмкіндік берді. Дер кезінде жасалған диагностиканың нәтижесінде Қазақстан COVID-19-дан қайтыс болғандар бойынша 64-орында тұр», деді министр.

Сонымен қатар ол Қазақстан бірінші болып клиникалық-эпидемиялық деректер негізінде зертханада расталмаған коронавирус инфекциясын тіркегенін атап өтті. Мұның бәрі індеттің ауқымын және денсаулық сақтау жүйесіндегі жүктемені бағалауға мүмкіндік берді. Қабылданған шаралар нәтижесінде және карантиндегі 5 аптада науқас жатқан төсектік орын 67%, оның ішінде реанимациялық төсектік орын 65%-ға төмендеді. Емханалар үйде қызмет көрсету форматына көшті, мобильді бригадалардың саны 7,6 есеге артты, бүгінде 3640 бригада жұмыс істейді. Жедел жәрдем шақырғандар саны, оның ішінде коронавирус бойынша тәуліктік ауысымда 973 қоңырауға дейін немесе 70%-ға төмендеді. Ел бойынша аурудың тәуліктік өсімі орта есеппен бес есеге (98% ) азайды. Сонымен қатар Covid-19 салдарынан болған өлім 93%-ға төмендеді.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде дәрілік заттарды сапалы жоспарлау және сатып алу бойынша шаралар қабылданды: дәріханаларға дәрілік заттардың 10 млн-нан астам қаптамасы жеткізілді, республиканың медициналық ұйымдары дәрілік препараттардың айлық көлемімен қамтамасыз етілді, ал 30 қыркүйекке дейін дәрілердің екі айлық тұтыну қоры жасалатын болады. Сонымен қатар «СК-Фармация» ЖШС базасында республикалық тұрақтандыру қоры, сондай-ақ 11 өңірлік тұрақтандыру қоры құрылды және 1,2 млн дана ПТР-тест резерві жасақталады.

«Тестілеудің қуатын 1 қыркүйекке дейін тәулігіне 64 мыңға дейін арттыру жоспарлануда», деп толықтырды А.Цой.

Бұдан басқа, Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындық жөніндегі шаралар кешенін іске асырады. Бұл үшін медициналық ұйымдарда қосымша 2 578 ӨЖЖ аппараты, оның ішінде 1500 отандық тауар өндірушілерден сатып алынады, 23 890 төсек оттегімен қамтамасыз етіледі, оның ішінде 13 153-і оттегі концентраторымен; 132 медициналық ұйым рентгендік диагностикалық кешендермен қамтамасыз етіледі. Осылайша 2020 жылдың қазанына дейін еліміздің медициналық ұйымдары 100% рентген аппараттарымен қамтамасыз етіледі.

Жалпы, А.Цой бүкіл әлемде жаңа корона­вирус инфекциясының пандемиясы кезеңінде халықаралық ынтымақтастықты дамыту мен нығайту және COVID-19-ға қарсы күресте күш-жігер біріктіру өте маңыз­ды екенін атап өтті. Қазақстанда аккре­дит­телген барлық дипломатиялық миссия­ларға денсаулық сақтау саласындағы өзекті ба­ғыттар, соның ішінде COVID-19-дың тара­луына қарсы іс-қимыл мәселелері бойын­ша әріптестік ынтымақтастықты нығайтқаны үшін алғыс білдірді.