Аймақтар • 18 Тамыз, 2020

Астықты алқаптардағы арпалыс

257 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көктемдегі жарым дүниені бір қауыздың ішіне сыйғызған жаман тұмаудың екпіні диқан қауымының алға басқан қадамын кері кетіргендей болып еді. Бірақ, сан сынақтан өткен жігерлі жандар бұл қиындықты да жеңе білді. Алапат еңбектің нәтижесінде егістік алқаптарда ақық дән ырғалып тұр. Ендігісі жерде өскенді жерде қалдырмай, жинап алу, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астықты алқаптардағы арпалыс

Ежелден астықты өңір санатындағы Зеренді ауданының аграршылары үстіміздегі жылдың бірінші жарты жылдығын ауыз толтырып айтуға лайықты тәп-тәуір табыстармен қорытындылап отыр. Ауыл шаруашылығы өнiмiнiң жалпы көлемi 9,5 миллиард теңгенi құрап, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 106,5 пайыздық өсімге қол жеткізді. Жаман тұмаумен жағаласа жүріп ел игілігіне осынша үлес қосу жап-жақсы табыс деуге әбден болады.

–Көктемгі егіс кезінде көңіл күпті еді. Үміт пен күдік арбасып тұрған. Алайда, диқандар қауымы маңызды науқанда ұйымшылдық танытып, ауыл шаруашылығы дақылдарын егудi дер шағында жүргiздi. Диқандар мемлекет тарапынан жасалған көмек-қолдауға ризашылығын білдіруде. Осының арқасында, 247,9 мың гектардан астам алқапқа жаздық дәнді дақылдар себілді. Бұған қоса, дәндi және бұршақты дақылдар 177,4 мың гектар алқапта орналастырылып, өткен жылдың көрсеткіші артығымен орындалды. Қазіргі күні екпе шөптер, картоп, көкөніс дақылдарының түсімі көңілдегідей,–дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Серік Сабыров.

Шындығында, биылғы егін орағының алғашқы айналымдары бітік өнімнің берік негізі қаланғанын айқындайды. Қолымыздағы соңғы деректерге сүйенсек, ауданның таңдаулы тоғыз шаруашылығы әзірге көш бастап тұрғынын байқаймыз. Мәселен, Күсеп ауылындағы С.Айтқожин басқаратын «Дихан Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 21562 гектар егістікке шалғы салып үлгерген. Олар 6723 гектар дәнді және 2981 гектар майлы дақылдарын бастырып, бірінші орында келеді. Мұнда гектарынан 12,5 центнерден алтын дән, 6 центнерден бұршақ жиналуда. Сондай-ақ, «Викторовский» ЖШС 179 гектар арпа дақылының әр айналымнан 26,2 центнерлік үздік көрсеткішке жетіп отыр. Ал, С.Ерохин басқаратын «Ақжол-2011» серіктестігі гектар түсімділігін 18,7 центнер, Ю.Голимбовскийдің жетекшілігіндегі «Агро 2004» ЖШС 17,8  центнерден айналдыруда. Бұл екі шаруашылық та Бұлақ ауылдық округінің аумағында орналасқан.

Әрине, бұл көрсеткіштер науқан барысында жақсы қырымен өзгеріп отыратыны белгілі. Соған қарамастан, Н.Ысқақов басқаратын «Қараөзек», А.Елмағановтың жетекшілігіндегі «Ұмай Жер», С.Қожағұловтың «Алянс Агро Инвесті» қажырлы еңбектің еселі қайтарымына ие болатындығы көрініп қалды.

Аудан егiншiлерi келесі жылдың молшылығын қамтамасыз ету жұмыстарын да сабақтастыра жүргізуде. Олар қазірдің өзінде 44,3 мың гектар алқаптағы сүдігер жерлердi өңдеп, 175 мың гектар аумақтағы арамшөптерге, зиянкестер мен ауруларға қарсы қорғау iс-шараларын уақтылы аяқтады.

Облыстағы астықты өңірлер – Жарқайың, Жақсы және Атбасар аудандарының диқандары егінді іріктеп оруды бастаса,  өзге өңірлердегі шаруашылықтар егіннің пісуіне қарай дайындық жұмыстарын ширата түсуде. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, диқан қауым бұл науқанға тыңғылықты дайындықпен келіп отыр. Жаңа астықты жинауға көмек көрсетіліп, шаруаларға арзандатылған жанар-жағар май берілді. Бұдан бөлек, мемлекет тарапынан дәнді дақылдармен айналысып жатқан шаруашылықтарға 70 миллиард теңгеге шамасында субсидия бөлінді. Ендігі міндет осы науқанды ұйымшылықпен өткізу.

Науқан жаңа  ғана  басталғанымен, облыста 52,3 мың гектардың егіні орылып, 40,6 мың гектары бастырылды. Әр гектардан орта есеппен 9,4 центнерден астық жиналуда. Бұланды ауданында гектар берекесі 14,1 центнерден айналуда. Биылғы жылдың ауа райына қарағанда, тәп-тәуір көрсеткіш.

Сөз соңында ақық дән аялаған ақмолалық диқандар 4446,7 мың гектар алқаптағы дәнді және бұршақты дақылдарды, 254 мың гектар алқаптағы майлы дақылдарды жинап алу үшін аянбай арпалысып жатқандығын айтқымыз келеді.

Ақмола облысы

Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.