Аймақтар • 18 Тамыз, 2020

Мейірім - жүрек жылытады...

456 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында "Skoda Superb" автомобилі түнгі мезгілде келе жатып, кенеттен жолда пайда болған елікпен соғысқаны туралы барлық әлеуметтік желілерде жарияланған еді. Бұл туралы Egemen.kz те ақпарат таратқан еді. 

Мейірім - жүрек жылытады...

Жол-көлік оқиғасы шамамен сағат түнгі он екіден өткенде Бескөл ауылы маңында Нұр-Сұлтан – Петропавл автожолының 466 шақырымында орын алған. 40 жасар жүргізушінің өмірін тек қауіпсіздік жастығы сақтап қалған. Ал жарыққа көзі қарығып, қаша алмай қалған елік алған жарақатынан сол жерде өлген. Жүргізуші жол-көлік оқиғасынан қатты шошынғаны сөзсіз. Ол көп уақыт тілге келмей, отырып қалған екен. Көлігі де барынша зақымданған, оның суреті де жарияланды.

Осы жол-көлік оқиғасы туралы көптеген адамдар оқыпты. Солардың арасынан бір азаматтар СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласып, зардап шегушінің байланыс телефонының нөмірін сұрайды. Мұндай ақпарат құпия болып саналатындықтан баспасөз қызметі бере қоймайды, бірақ қоңырау шалушының ниетін білгеннен кейін көлік жүргізушісінің телефон нөмірі беріледі. Қоңырау шалушы азамат Skoda Club Astana клубының мүшесі, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Дархан Қалыбай екен. Ол өздерінің клуб мүшелерімен ақылдасып, Солтүстік Қазақстанда зардап шеккен жүргізушіге материалдық көмек көрсету туралы шешім қабылдағандарын жеткізеді.

Мұндай адамгершілік қадам естіген жанның бәрінің жүрегіне жылу ұялатты. "Жүргізушілердің бірлесіп, мүлде танымайтын адамға көмек көрсетуге ниеттенуі жиі кездесетін жағдай емес. Соңғы кезде орын алған жағдайлар құндылықтарға жаңаша қарап, ешқандай мақсатсыз көмек көрсету мен қолдауды алға шығаруға әсер етті деп ойлаймын. Бұл өте тамаша бастама...", дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Григорий Тыш.

Автоклуб мүшелері өздерінің жинаған көмек қаражаттарын жүргізушінің картасына аударған екен. Оның өзі де Петропавл қаласына жұмыстарымен келген Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны болып шықты. Бейтаныс адамдардың қолдауы ол үшін күтпеген қуаныш болды. Сондықтан оның машинасын бүлдіріп алған, дене жарақатын шеккен қайғысы сәл де болса азайып қалды.

Астаналық жігіттер бұл көмектерімен ғана шектелмей, астанадағы "ProVag" техникалық қызмет көрсету орталығымен көліктің қозғалатын және техникалық бөлігін жөндеу жасағанда ақыны жеңілдетілген тарифпен алуға келісіпті. Мұндай жағдай зардап шегуші азаматтың қуанышын еселей түсті. Қоғамымызда осындай ақ жүректі, абзал жандардың болғаны, біздіңше барлық қазақстандықтарды да қуантуға тиіс.